Жеке мәліметтердің қолды болуы: Қазақстанда киберсақтандыру қашан енгізіледі

Кәмшат Тілеухан 08 окт. 2024 10:56 2464

Қазақстанда жеке бас мәліметтерін міндетті сақтандыру, яғни кибер сақтандыру енгізілмек. Бұл - елімізде жеке бас мәліметтерінің қолды болуы кең сипат алу мәселесіне байланысты өзектілік танытып, қабылданғалы жатқан шаралардың бірі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, бұл шара 1 миллионнан астам субъектінің Дербес деректерін өңдейтін меншік иелері мен операторларға қатысты болады. Қазіргі уақытта осы бағытағы заң нормативтеріне енгізілетін түзетулер салалық мемлекеттік органдармен өзара талқыланып, келісіліп жатыр.  

Залалды бағалау тетіктері, сондай-ақ төлемдер көлемі әлі анықталған жоқ.

Ақпараттық қауіпсіздік комитеті бұл бастаманы көтеруге жеке бас мәліметтерінің қолды болуына осы ұйымдардың салалық заңнама талаптарын сақтамауы және адами фактор түрткі болғанын айтады.

Бүгіндері мұндай бұзушылықтар орын алған жағдайда кінәлі адамдар әкімшілік жауапкершілікке қана тартылады. Сонымен қатар, жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі, олардың барысында анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар беріледі. Болды. Ал егер қандай да бір ұйым дербес деректердің қолды болуына жол берсе, тиісінше, азаматтарға келтірілген залалы үшін сақтандыру төлемдерін сақтандыру компаниясы жүзеге асыратын болады.

2024 жылдың шілде айынан бастап азаматтарға олардың деректерінің қолды болу фактілері туралы хабарламалар 1414 нөмірінен SMS арқылы келіп түсті. Бүгінгі күні осындай хабарлау тәсілі бір-ақ рет қолданылды. Яғни, "Робокэш.кз" микроқаржы ұйымының (zaimer.kz-ға тиесілі) ақпараттары қолды болған кезде. Сол кезде 2 миллионға жуық азамат хабарлама алды. Компанияға 1 мың АЕК (биыл 3,7 млн теңге) көлемінде айыппұл салынды, қысқартылған өндіріс шеңберінде оның жартысы – 500 АЕК (1,8 млн теңге) төленді.

Сонымен қатар, азаматтардың жеке құжаттарының қолды болмас үшін жауапкершілікті күшейту жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде жауапкершілікке тарту мерзімінің өтуі бойынша норманы қайта қарау жоспарлануда. Бұл арадағы айыппұл мөлшері үш есе өсуі мүмкін. Қазіргі уақытта осындай түзетулері бар заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр.

Аталған заң жобасында жеке бас мәліметтерінің қолды болуына жол берген компаниялар және жеке тұлғаларды қамтитын бірыңғай тізілім құру мәселесі қаралуда. Мұны қара тізім деп атаса да болады. Сонда кез келген азамат оларды айналып өтуге мүмкіндік алады.

Аз-кем статистика

Құзырлы ведомство қолды болу тәуекелі жоғары мәліметтерге азаматтардың аты-жөні, мекен-жайы, ЖСН және ұялы байланыс нөмірлері, электронды адресі және тағы басқасы жататынын айтады.

Мысалы, күні кеше Ішкі істер министрлігі қазақстандықтардың жеке деректері сақталған файлдар 5 мың теңгеден сатылып жүргені анықталғанын жария етті.

Қостанай қаласының 24 жастағы тұрғыны DarkNet пен Telegram арқылы қазақстандықтар туралы деректерді 5 мың теңгеден бастап сатқан. Қаскөй 1,5 млн теңгеден астам табыс тапқан. Ер адам "кардингпен", яғни банк карталарының деректемелерін ұрлап және оларды қайта сатумен, сондай-ақ ақшаға компьютерлік вирустарды таратуды үйретумен айналысқан. Сондай-ақ өзгелердің мәліметтерін жария етіп, пайда тауып жүрген ХҚКО қызметкерлері де бар. Әр өңірде осы сипатта қозғалған істер кездеседі. Көрдіңіздер, интернет алаяқтығы қаншалықты тамыр жайып үлгергенін? Сондықтан сала мамандары қарастырып жатқан шаралар шұғыл қабылдауды талап етеді.


Рекомендовать
Последние новости