Жауапты шенділер қашып жүргенде ел қақаған қыста қатып қалады - Нартай Аралбайұлы

Сағыныш Сардарова 02 мая 2024 17:15 2657

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы "қарғын су қара шаңырағын ағызып әкеткен ағайынның арызын" айтты. Оның сөзінше, халық топан судың беті қайтқанда далада қаңғырып қаламыз ба деп қорқып жүр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутат Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан 1 292 тұрғын үйге зақым келгенін мәлімдеді. Соның 116-сы Қаратөбе, 243-і Сырым, 218-і Бөрлі, 649-ы Теректі, 43-і Бәйтерек, алтауы Тасқала ауданында, ал 17 үй Орал қаласында орналасқан.

"Су астында қалған үйдің сыз тартатыны, қабырғасы көгеріп көпшілікті күркілдеген жөтелге душар қылатыны сараптамасыз-ақ саналы адам түсінетін дүние. Батыс Қазақстан облысындағы тағы бір күрделі ахуал саяжай мәселесіне қатысты. Деркөл, Шаған және Жайық өзендеріндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан 14 839 саяжай учаскесін су басқан. Оның 14 466-сы Орал қаласында, 112-сі Бәйтерек, 245-і Бөрлі, 16-сы Теректі аудандарында орналасқан. Ол жақта мыңдаған адам тұрады. Саяжай дегенің қазақ үшін демалыс күндерін өткізетін емес, тұрақты тұратын орынға айналғалы қашан. Соның өтемақысына қатысты түсініспестік әлі тоқтамай тұр.

Өйткені ағынды судың астында қалған саяжай иесіне қанша ақша беріледі немесе қашан, қай жерден басқа үй ұсынылады? Бұл деректер әзірге орталықтандырылмаған. Ақпарат жұртқа жедел жетуі шарт", - деді ол.

Депутат халық қазір түсініксіз күйде жүргенін мәлімдеді.

"Тасқын су тосыннан келгенде тосып үлгермеген мыңдаған қандас қазір БҚО-да сең соққан балықтай есеңгіреп қалды. Олардың әкімдікке барып жанайқайын жеткізгенін дүйім жұрт көрді. Сондықтан онсызда қарғын судың салдарынан қара шаңырақсыз қалған азаматтардың заңды талаптарын уақытылы орындауымыз қажет. Себебі Мемлекет басшысы айтқандай "салаға жауапты шенділер жауапкершілік алудан қашып жүргенде" ел қақаған қыста қатып қалады", - деді ол. 

Айта кетейік, бұған дейін депутат Абзал Құспан су тасқынының алдын алмағандар қатаң жазалануы керек деген пікір білдірді.

Депутаттың айтуынша, биылғы су тасқыны Қазақстан тәуелсіздік алғалы оныншы ірі су тасқынына жатады.

"Осы кезге де дейін су тасқынының алдын алмағаны немесе салғырттық танытып, жол бергені үшін ешбір жоғары лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылмаған. Бұл жерде мен жергілікті атқарушы органның, яғни әкімдердің жауапкершілігі туралы айтып отырмын. Неге жергілікті атқарушы орган? Өйткені өзен бойындағы су жайылмаларынан жер берген, саяжайларды іс жүзінде тұрғын үйге айналдырған, яғни жарық, газ тартып, азаматтарды тұрақты тіркеуге рұқсат берген, ол Үкімет емес, басқа емес, жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдіктер. Ал келтірілген шығындарды өтеу салмағы әркез мемлекет мойнына артылады", - деді ол.

Абзал Құспан биылғы су тасқынында мемлекет те, азаматтар да аса ірі көлемде шығынға ұрынғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, депутат БҚО және Атырау облысына аяқтай барғанын, бұл мәселеде тексерісті Бас прокуратура деңгейінде кешенді түрде ұйымдастыру қажет екенін айтты.


Рекомендовать
Последние новости