Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Бұтабаева Лаура Асқарқызы Президенттің Жолдауында көтерілген жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың еңбек нарығына әсері жайлы пікір білдірді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
"Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі заманда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатқанын атап өтті. Осыған орай білім беру жүйесі де жаңа талаптарға бейімделуі тиіс. Бұл — уақыт талабы мен болашаққа бағдарланған нақты қадам.
Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы үшін бұл – ерекше жауапкершілік. Себебі инклюзивті ортадағы әрбір бала жаңа технологияларға ерте жастан қол жеткізіп, заманауи құзыреттерді меңгеруге құқылы. Осы тұрғыдан алғанда, жасанды интеллект негіздері бойынша арнайы оқу бағдарламаларын әзірлеу, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған контентті бейімдеу, мұғалімдердің цифрлық дағдыларын дамыту және ата-аналарға әдістемелік қолдау көрсету басты міндеттердің қатарында.
«Qazaq Digital Mektebi» жобасы – ауылдық және шағын жинақты мектеп оқушыларына сапалы білімге тең қолжетімділік беретін маңызды бастама. Бұл жоба ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Оқыту контентін инклюзия талаптарына бейімдеу, цифрлық қолжетімділікті қамтамасыз ету және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы білім беру сапасын арттыру көзделуде.
Мемлекет басшысы көтерген тағы бір маңызды бағыт – кәсіпкерлерді балаларды дамыту орталықтарын ашуға тарту. Бұл қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін арттырып қана қоймай, білім беру инфрақұрылымын дамытуға және цифрландыруға жаңа серпін береді.
Біздің орталық бұл бастамаларды толық қолдайды. Сонымен бірге арнайы және инклюзивті білім беру қажеттіліктерін ескеретін оқу-әдістемелік құралдар әзірлеуді, қолжетімді цифрлық орта қалыптастыруды және мұғалімдердің кәсіби дамуына үлес қосуды жалғастырады.
Жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзыретін мектеп қабырғасынан қалыптастыру – өскелең ұрпаққа тең мүмкіндік беретін, адами капиталды дамытатын және еліміздің жарқын болашағына салынған инвестиция болатыны анық", - деді Лаура Асқарқызы.