Жапаров Атамбаевтың мемлекеттік марапаттарын тартып алды

Көркем Алдабергенова 29 дек. 2025 10:52

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев мемлекеттік марапаттарынан айырылды. Бұл туралы ел президенті Садыр Жапаров тиісті жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Құжатқа сәйкес, Алмазбек Атамбаевтан Қырғыз Республикасының ең жоғары айрықша белгісі – «Қыргыз Республикасынын Баатыры» атағы, сондай-ақ «Манас» орденінің II дәрежесі, «Данакер» ордені және «Данк» медалі кері қайтарылды.

Бұдан бөлек, аталған марапаттарды беруге негіз болған бірқатар бұрынғы президенттік жарлықтардың күші жойылды. Атап айтқанда, 1999, 2007, 2011 және 2017 жылдары қабылданған нормативтік актілер енді жарамсыз деп танылды.

Еске салайық, Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 11 жылға сотталған болатын. Бішкектегі Бірінші Май аудандық соты Қой-Таш оқиғасына қатысты атышулы іс бойынша үкім шығарды. Бұл іс бес жылдан астам уақыт бойы қаралып келген еді.

Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан соты жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты қылмыстық іс бойынша бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың ұлын екі айға қамауға алған болатын

Бішкек қаласының сотында жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты қылмыстық іс бойынша күдіктілер тобына бұлтартпау шарасын өзгерту туралы тергеу тарапының өтініші қаралды. Алдымен сот тергеу өтінішін қанағаттандырып, Темирлан Султанбеков, Эрмек Эрматов және Урмат Аскарбековты (Урмат Барыктабасов тегі өзгерген) қамауға алу туралы шешім шығарды. Олар 17 қаңтарға дейін тергеу абақтысына қамалды.

Сот шешімімен 17 қаңтарға дейін Қырғызстанның бұрынғы президентінің ұлы Кадырбек Атамбаев, сондай-ақ Шайлообек Атазов пен Кубанычбек Кадыров та қамауға алынды.

Елдің бұрынғы президентінің ұлы айыптың ауыр түрге қайта қойылғанын хабарлады. Енді оған билікті күшпен құлату әрекеті тағылған.


Рекомендовать
Последние новости