"Жаназаға бармай, тойда жүр". ҚМДБ бас мүфтиді сынағандарға жауап берді

Көркем Алдабергенова 12 июн. 2025 14:09

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлына қатысты айтылған сынға жауап берді. Ол Facebook парақшасында жазба жариялап, діни басқарма мен имамдардың елде болып жатқан ауыр оқиғалардан еш уақытта сырт қалмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ағабек Қонарбайұлының жазуынша, ел ішінде резонанс тудырған қайғылы жайттар кезінде имамдар үнсіз әрекет етіп келеді.

"Имамдар қоғам алдындағы міндетін ешкімге жарияламай-ақ атқарып жүр. Олар онсыз да қайғының бел ортасында жүреді. Бұл – олардың міндеті. Бірақ оны ешкімге міндетсімейді. Бес бүлдіршіннің қазасы бәріміздің жүрегімізді ауыртты. Қос аяғынан айырылған қыздың тағдыры да бізді бей-жай қалдырмады. Діни басқарма бұл оқиғалардан тыс қалған жоқ", – деп жазды ол.

Оның айтуынша, өмір тек қаралы сәттерден тұрмайды. Бас мүфтидің тек қаралы жиындарда ғана емес, қуанышты сәттерде де төбе көрсетуі, бата беруі – орынды іс. Ағабек Қонарбайұлының бұл жазбасы қоғамдағы қызу пікірталасқа жауап ретінде жарияланды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының әнші Сәкен Майғазиевтің ұлының тойында бата берген видеосы тараған. Бұл әрекет қоғамның бір бөлігінің наразылығын тудырды. Журналист Диас Нұрақын мүфтидің тойға барғанын сынап, «БҚО-да бес бала өртеніп көз жұмғанда жаназасына бармаған, Ақтауда ұшақ апатқа ұшырағанда Құран бағыштамаған, Астанада кішкентай қыз екі аяғынан айырылғанда үндемеген бас мүфти бүгін әншінің тойында жүр» деп жазды.

Ал журналист Ораз Әлімбек бас мүфтидің әрекетін бизнеске айналдырды деп сынға алды. «Сәкен жол шығынын өтеп, шапан жауып, бөрік кигізіп, қалтасына хадия салып береді ғой. Ал қаза болғандар мен мүгедек болып қалған қыздың туыстары не береді?» – деп жазды ол.

Дегенмен, бас мүфтиді жақтап, қолдау білдіргендер де табылды. Солардың бірі Жасұлан Айтбай: «Көп айтса көнді, жұрт айтса нанды деген сөз бар. Тойға барса не болыпты? Ол да адам. Әркім өз жұмысын істесін, тыныш тірлік жасайық», – деп пікір қалдырды.

Айта кетейік, бұған дейін әнші Сәкен Майғазиев ұлының тойын көргісі келгендерден 1380 теңгеден ақша жинағаны жайлы ақпарат тараған. Бұл да қоғамда сынға ұшыраған болатын.


Рекомендовать
Последние новости