"Жанармай жоқ...". Құлсарыда жоғалған жандардың жақындары шенеуніктердің жұмысына шағымданды

Қаракөз Амантай 10 апр. 2024 13:06 3187

Атырау облысы Құлсары қаласында су басқан баспанасын қарауға кеткен әкесі мен баласы әлі күнге дейін табылмай жатыр. Олар төтенше жағдай орын алған күні таркторге мініп, үй жағын қарап келмек болған. Алайда сол күйі оралмаған. Қазіргі таңда іздестіру шарасы жүргізіліп жатыр. Ал жоғалған жандардың жақындары жұмыс процессіне көңілі толмай отырғанын жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Құсалы күй кешкен отбасы жұмыстың өте баяу жүріп жатқанына шағымданды. Осы тұста олар төтенше жағдайлар министрлігінен жағдайды бақылауға алуды сұрап отыр.

“Сағат 14:00-де №8 мектептің маңына көлігін қойып, екеуі резеңке киім киіп, үй жаққа барған. Содан соң хабарсыз кетті, телефондары өшіп тұрды. Біз алаңдап, жан-жақтан іздестіріп кеттік. Төтенше жағдайлар қызметіне хабарласып, адамдар жоғалғанын хабарладық. 17:00 шамасында отбасымызбен үйдің маңына келдік. Оларды өзіміз қайықпен іздедік, бірақ ағыс қатты болғандықтан, судың арғы бетіне жете алмадық”, – деді жоғалғандардың жақыны Stan.kz агенттігіне берген сұқбатында.

Сол отбасының қызы Диана төтенше жағдайлар қызметі мен полиция департаменті жұмыстарына салғырттық танытқанын айтады. Себебі бастапқы екі күнде іздеу жеткілікті деңгейде жүргізілмей, уақыттары зая кеткен.

“Ағам мен әкем жоғалған күні Құлсарыда трактор мінген екі адам да жоғалып кеткен екен. ТЖД қызметкерлерінің бәрі соған кетіпті, менің жақындарым жоғалған жерге ешкім келмеді. Техника мен қайық берілмеді. 112-ге хабарласқан кезде де оларды шақыра алмадық. Сондықтан өзіміз ТЖД бастығымен жолығып, Трэкол көлігін алдырттық. Көлікпен өзіміз іздеуге шықтық, онымен тек үйдің маңын ғана көре алды, жан-жақты іздеген жоқ. Әрі ағыстың кесірінен көлік суда қалқып, жүре алмады. Таңда ТЖД қызметкерлері басқа өтініш келіп түскенін айтып, кетіп қалды. Біз қайтадан ТЖД мекемесіне бардық, басқа көліктерді сұраттық. Мамандар “жанармай жоқ, сол үшін оларды қолдана алмаймыз” деді. Біз өзіміз жанармай табуға әзірміз. Атырау мен Алматыдан құтқару мамандары келіпті, бірақ олар бөгет салып жүрді, ал адам іздейтіндер жетпей жатыр ғой. Еріктілер бөгет салумен айналыса беріп, ал мамандар іздестіру шараларын неге жасамасқа”, – дейді Диана.

Отбасы екі күннен соң журналистерге жолығып, мәселені көтерген. Резонанс тудырғаннан кейін жауаптылар келіпті.

“Полиция қызметкерлері телефондағы локатор көмегімен 1-шағынаудан көрсетіліп тұрғанын айтты. Қазір жақындарымды іздестіруге Азылхан деген маман жауапты. Оның жұмысына қанағаттанамыз, нәтижелі болады деп үміттенеміз, енді төтенше жағдайлар министрлігі тікұшақ берсе екен деген тілегіміз бар, ол судың бетін толық көруге мүмкіндік береді. Өйткені ағыстың кесірінен жұмыс баяу жүріп жатыр”, – деді қыз.

Тікұшақты сұратқанында полиция әкімдікке, әкімдік ТЖД-ға, ТЖД полицияға сілтепті. Олар шарасыз отырғандарына шамданып отыр.

Төтенше жағдайлар министрлігі жағдай бақылауда екенін айтып, адамдарды іздеу жалғасып жатқанын түсіндірді.

“Күні-түні, яғни тәулік бойы іздестіріп жатырмыз, сүңгуірлер арқылы су арасын аралаудамыз. Бірақ бұл шараға тікұшақтың қажеті жоқ, өйткені су терең, судың арасын тексеруіміз қажет”, – деді ТЖМ баспасөз қызметі Stan.kz тілшісіне.

Алайда Диана Нұржау тәулік бойы іздеу жүріп жатыр дегенді жоққа шығарды. Сөзінше, жұмыс 7:30-дан 19:30 аралығында болады.

Еске салсақ, бұған дейін Құлсарыда су астында қалған үйін көруге кеткен әкесі мен ұлы жоғалып кеткені айтылды.


Рекомендовать
Последние новости