Жаңа Қазақстан "ғасыр құрылысына" дайындалуда. Бізге энергетикалық тәуелсіздік қажет - сарапшы

Dalanews 29 мая 2023 05:34 889

 Жасырары жоқ елімізде жылу электр орталықтарының ескіргенін көз көрді. Қаңтардың шыңылтыр аязында тозығы жеткен Екібастұз қаласы мен Риддер шаһарындағы жылу жүйелері істен шығып, салдарынан жергілікті тұрғындар жылусыз қалғаны есімізде.

Қазақстандағы жылу көздерін жаңалау қыруар қаржыны қажет етеді. Демек балама қуат көзі керек. Сондықтан елдегі энергетикалық инфрақұрылымның әбден ескіргенін ескерген президент Тоқаев, екі жыл бұрынғы жолдауында атомды бейбіт мақсатта пайдалануды жан-жақты зерттеуді Үкіметке арнайы тапсырған.

Атом энергетикасын бейбіт мақсатта қолдану - энергияның қайнар көзі дейді мамандар.

АҚШ-та атом саласы бойынша білім алған, бүгінде «Самұрық-Қазына» қоры мұнай-газ, тау-кен және энергетика активтері департаментінің аға менеджері Әсет Махамбетов:

«Жасыратын жоқ, АЭС-ке қатысты радиофобия қалыптасқан. Сол себепті біз ел арасында атом энергетикасын бейбіт мақсатта қолдану бойынша түсіндіру жұмысын жүргізудеміз.

Мәселен алпауыт Америкада атом энергетика саласында алғашқы апаттың бірі орын алса да, қазір атомды бейбіт мақсатта пайдалану бойынша әлемде көш бастап тұр. Америка халқы  атом энергетикасына оң көзқараста қарайды.


Қазіргі таңда атом реакторы бойынша әлемде көш бастап тұр. 94 атом реакторы АҚШ-тың шамамен 20 пайыз электр қуатын өндіруде», - деді сарапшы.

Жаңа Қазақстан бейбіт атомды қолданысқа енгізуде көптеген қадам жасауда. Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта  ядролық технология мүмкіндіктерін бейбіт мақсатта пайдалану және дамыту бойынша  алғашқы жобалар жасалуда.

Генеральный директор АО "Казахстанские атомные электрические станции" Тимур ЖАНТИКИН: АЭС НУЖНО СТРОИТЬ НА ЮГЕ КАЗАХСТАНА

"Пайдаланылған отындарға қатысты, өткен ғасырда Маңғыстаудағы атом энергия комбинатында өте жоғары нейтрондық жолмен қуат өндірілген. Ал бұл әдісті әлем елдері енді қолданып жатыр. Ондағы қолданылған отындар қазір Курчатовта сақталады. Жалпы атом энергиясынан көп қалдық шықпайды", - деп ойын білдірді Қазақстандық атом электр станциялары ЖШС бас директоры Тимур Жантикин.

Экономика өскен сайын, қуат көзіне деген сұраныс та артары сөзсіз. Осы ретте АЭС салу арқылы елдің энергетикалық потенциалын арттырады деген пікір білдірді Әсет Махамбетов.

«Егерде 1-2 жылдың ішінде елімізде атом электр станциясын салу бойынша шешім қабылданса, техникалық және экономикалық негіздеме, жобаға қатысты құжаттар дайындалғаннан кейін барып, құрылыстың өзіне көшеміз.

Яғни, атом электр станциясы 2035 жылға қарай пайда болмақ деген үміттеміз. Сол жылға дейін электр энергиясының  тұтыну көлемі де өсетінін болжап отырмыз. Мысалы былтыр 115 млрд  кВт/сағат қуат көзін тұтындық. Көрсеткіш жыл сайын кемімесе, өсе бермек. Болжағанымыздай 2 реактардан тұратын 2800 мегаватқа дейінгі қуаты бар атом электр станциясын салатын болсақ, елдегі  8-10 пайыз электр қуатын өндіре аламыз», - деді сарапшы.

Қазіргі таңда әлемде уранды медицинада, құрылыс саласында, өндірісте, ауыл шаруашылықта қолданып, күннен күнге ауқымы кеңеюде. Ақиқатын айтсақ, адамзат бола­шағын АЭС-сыз елестету мүмкін емес.

Әсет Махамбетовтің айтып өткеніндей Қазақстан АЭС салу мәселесінде 4 мемлекеттің технологиясын қарастырып отыр, оларға қойылатын талап та қатал болмақ.


«Елімізде АЭС салуға ниетті вендорға қойылатын ең басты талап: реакторлар қауіпсіз болуы шарт. Атом станциясын салуға 4 компания үмітті. Францияның EDF, Оңтүстік Кореяның  KHNP, Ресейдің Росатом және Қытайдың ядролық өнеркәсіп корпорациясы CNNC-ның ұсыныстарын қарастырып жатырмыз. Реакторлардың техникалық және экономикалық сипаттамалары сүзгіден өтуде. Олардың барлығы қаупісіздік деңгейі жоғары +3 буындағы реакторлар. Барлығы 1000-1400 МВт қуаттың көлемінде болады.

Алматы облысына қарасты Балқаш маңындағы Үлкен ауылы электр жүйесі магистральдарына, Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігін қосатын транзиттік желілерге жақын орналасқандықтан АЭС салуға  лайықты деп танылып отыр», - деп ойын білдірді Ә.Махамбетов.

Үлкен ауылы АЭС-тен неге үміттенеді?

Атом электр станциясының қоршаған ортаға әсері жайлы да түрлі пікір айтылуда.  Қазақстан энергия көздерінің 70 пайызын көмірден, 20 пайызы табиғи газдан алады.

Эколог Райхан Бейсенова «ауаны ластап, көктүтінді будақтатып жатқан ЖЭС-терге қарағанда, АЭС  әлдеқайда қауіпсіз әрі зиянсыз», - деп пікір дейді.


Сонымен қатар АЭС-тің ауаға, қоршаған ортаға  әсерін зерттеу сатысы кезінде міндетті түрде қоғамдық пікір таластар өткізілгенін жеткізді Әсет мырза.

«Бүгінгі күнге дейін энергетика министрлігінің, «Самұрық-Қазына» жанындағы  қоғамдық кеңестерде атом электр станциясын салу жан-жақты  талқыланды. Жоғары оқу орындарында, ғалымдар мен, халық арасында ашық талқыладық», - деп атап өтті Махамбетов.

Елде АЭС салынса оған қажетті отын қоры да өзімізде жеткілікті дейді «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин.

«Қазақстан атом энергиясына қажетті отынды өндіру, экспорттау жағынан әлемде көшбасшы орында тұр. Мәселен  атом энергетикасына қажетті шикізат өндіру бойынша әлемде Қазақстан бірінші орында, ал  уран қоры бойынша екінші орында. Әрі уран өндірісі бізде жақсы дамыған. Сонымен қатар бізде осы атом саласына қатысты білікті де білімді мамандар жеткілікті»,- деді ол.

Қазіргі таңда әлемде 400-ден аса ядролық реактор жұмыс істеп тұр, 100-ге жуық атом реакторын іске қосу жобасы бар. Оның ішінде АҚШ, Франция, Жапония сияқты мемлекеттер атом энергиясын өндіруде көш бастап келеді. Ал әлемдік нарықта мұнай және газ бағасының жылдан-жылға қым­бат­тауы, бұл энергия көздерінің табиғи қорының азаюы адамзатты басқа да тиімді қуат құралдарын іздеуге мәжбүрлейді.

Осы жолда жаһандық эконо­мика баламалы қуат көздерінен әлдеқайда тиімді атом энергетикасына басымдық береді. Демек, атомды бейбіт мақсатта тиімді пайдалану елдің дамуына, өсіп-өркендеуіне жол ашар мүмкіндіктің бірі деуге болады.


Сала мамандарының пікірінше  бізде энергияның балама көзін дамытуға шикізат та, кадр да, инфрақұрылым да жеткілікті.  Алдағы міндет атомды қырып-жою құралы емес, бейбіт мақсатта қолданудың қазақстандық үлгісін қалыптастыру.

Қуаныш РАХМЕТОЛЛА


Рекомендовать
Последние новости