Жаңа жыл қарсаңында алаяқтар өз әрекеттерін күшейтті,деп хабарлайды Dalanews.kz.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, алаяқтар анимациясы мен әуені бар жалған «жаңа жылдық ашықхаттарды» таратып жатыр. Мұндай файлдардың ішінде зиянды бағдарлама болады. Оны ашқан жағдайда құрылғыға вирус орнатылып, ол парольдерге, банк карталарының деректеріне және мобильді қосымшаларға қол жеткізуі мүмкін.
Сонымен қатар, алаяқтар тауарлар мен сыйлықтарды әдейі төмен бағамен ұсынып, жалған хабарландырулар жариялайды. Олар сатып алушыларды ақшаны шұғыл аударуға көндіріп, қаражат түскеннен кейін хабарландыруды өшіріп, байланысқа шықпай қояды.
Полиция азаматтарға бейтаныс сатушыларға алдын ала ақша аудармауға, аккаунттардың тарихы мен пікірлерін мұқият тексеруге, тек сенімді онлайн-дүкендерді пайдалануға кеңес береді. Сондай-ақ белгісіз жіберушілерден келген файлдар мен сілтемелерді ашпау қажет. ".apk" деп жазылған файлдарды бірден жою ұсынылады.
