Жамбыл облысы бойынша ҚР Бас прокуратурасының Құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіру департаментінің қызметкері Әлия Қожабекова Президентке кезекті видеоүндеу жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол Бас прокуратурада өзінің бірнеше видеоүндеуінен кейін бейінді бөлімдердің қатысуымен тексерулер жүргізілгенін айтты. Бұл тексерулер нәтижесінде Жамбыл облысы бойынша Комитет департаментінің басшысы Секер Бүркітбаев қызметінен босатылған. Қазір ол Бас прокуратураның қарамағында.
Әлия Қожабекованың айтуынша, ескерту алып, артынша өз еркімен қызметтен кетуге өтініш берген адамның әрекеті – оның басшы ретінде қабілетсіздігін дәлелдейді және бұл оны прокуратура органдарынан теріс себептермен шығару үшін негіз болуға тиіс.
"Сол себепті мен Бас прокуратурадан Бүркітбаевты прокуратура қатарынан теріс себептермен жұмыстан шығару шараларын қабылдауды сұраймын", – деді ол.
Оның айтуынша, қызметкерлерден естіген дерекке сүйенсек, Бүркітбаевқа Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінен жаңа лауазым ұсынылған, кейін ол бұрынғы қызметіне – Жамбыл облысы департаментінің басшысы ретінде қайта оралуы мүмкін.
Қожабекова 2025 жылдың 18 сәуірінен бері «Бүркітбаевтың арқасында» тек «өкімімен» отырғанын айтып, өзіне бос лауазым ұсынылмағанын жеткізді.
"Бұл қалай? Мен комитет төрағасы Нұрлыбай Сәбитпен бірнеше рет сөйлесуге тырыстым, бірақ ол әдейі сөйлесуден қашады. Тіпті 15 шілдеде оның көмекшісі Габиден арқылы жұмыс телефонына хабарластым, бірақ ол бәрібір сөйлесуге шықпады. Бұл Комитет басшылығының менімен ашық диалогқа және компромиске барғысы келмейтінін көрсетеді", – деді ол.
Ол 8 шілдеде Бас прокуратураға бос тұрған департамент басшысы қызметіне тағайындауды сұрап өтініш бергенін айтты. Алайда кадр бөлімі өтінішті комитетке қайта бағыттаған. Комитет болса Жамбыл облысынан басқа өңірден қызмет ұсынған.
Қожабекова өзінің отбасылық жағдайы, кәмелет жасына толмаған балалары бар екенін, тәжірибесі мен еңбек өтілі ескерілмейтінін, әйел ретінде өз ұжымында жұмыс істегісі келетінін айтты.
"Мен елге, халыққа, мемлекетке қызмет еткім келеді. Бірақ маған ондай мүмкіндік бермей отыр", – деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, кейбір қызметкерлер арасында Қожабековаға қарсы науқан жүргізіліп жатыр, ұжымның атынан арыз-шағым жазылып, БАҚ арқылы немесе петиция ретінде тарату жоспарланған.
"Ал «ұжым» деп отырғандары – департамент басшысы міндетін атқарушы Бақытжан Қалыбаев, бөлім басшылары Измагамбетова, Бахтияр Қалыспаев, Кентбаева. Олар өз қарамағындағы қызметкерлерден маған қарсы қол жинаған. Бұл адамдар өздері заң бұзуға жол берген тұлғалар деп санаймын. Сонда осы әрекеттері арқылы ұжымда алауыздық пен жік шығарып отырған өздері емес пе?", – деді Қожабекова.
Қожабекованың ойынша, мұның бәрі Комитет төрағасы Нұрлыбай мен оның орынбасары Миразовтың келісімімен немесе қолдауымен болып жатыр. Олар түрлі жиындарда Қожабекованы ел алдына қаралау үшін әдейі әрекет жасап отырған көрінеді.
"Олар мінберден мені кінәлап, "ішкі жағдайды сыртқа шығарды" деп сөгіп отыр. Бірақ мен тек заңсыздықтарды жария еттім", – деді ол.
Ол қазіргі уақытта Жамбыл облысы департаментінің басшысы міндетін атқарып отырған Бақытжан Қалыбаевқа қатысты да мәселе көтерді. Айтуынша, Қалыбаев 2013 жылы соттылық туралы деректерді өшіруге байланысты істі болған, ол кезде оның жұбайының туысы базаларға заңсыз қол жеткізген. Соның салдарынан Қалыбаев пен Измагамбетова тек қатаң ескерту алып құтылған.
Ол Қалыбаевтың бұрын да заңсыз түзетулер жасағанын, сонда да қазір басшылықта отырғанын сынға алды.
"Бұл қалай? Неліктен заң талаптарына сәйкес Қалыбаев пен Измагамбетова қызметтерінен уақытша шеттетілмеді?" – деді ол.
Ол бұған Миразов пен Нұрлыбайдың ықпалы себеп болуы мүмкін екенін айтты. Қожабекова бұдан бөлек, Миразовтың бұрынғы қызметінен заңбұзушылықтар үшін босатылғанын, алайда кейін прокуратураға қайта қызметке тұрғанын еске салды.
"Сонда мұндай адамдар қалайша прокурор қызметіне қайта келе алады? Олар қандай еңбегімен қайта тағайындалып отыр? Әлде құдасы болғаны үшін бе?", – деді Қожабекова.
Ол Бүркітбаевтың да уақытша кетіп, кейін қызметіне қайта оралады деген қауесетті растауға болатынын, тіпті Қалыбаевтың лауазым үшін 10 млн теңге беруге дайын деген сөздердің де шындыққа жанасатынын айтты.
"Ал мен секілді адамға заң бойынша бос орын ұсынылуы тиіс болса да, маған басқа өңірлерден ғана қызмет ұсынып отыр. Бұл әділетті ме?", – деді ол.
Ол Бас прокуратураның тексеруінен кейін кейбір қызметкерлер тәртіптік жаза алғанымен, Жамбыл облысы департаментінде ешкім жауапкершілікке тартылмағанын, бұған Миразов пен Нұрлыбайдың "қолдауы" себеп деп санайтынын жеткізді.
"Президент 23 маусымда құқық қорғау органдарының кеңейтілген отырысында нақты тапсырма берді. Комитет жаңарып, қылмыстың алдын алатын, талдайтын, үйлестіруші органға айналуы керек. Ал бұл үшін бәрі басшылықтан басталуы қажет. «Балық басынан шіриді» демей ме? Менің үндеуімді ескеріп, Асылов пен аты аталған тұлғаларға шара қолдануды сұраймын. Жамбыл облысы бойынша департаменттен бос жұмыс орны ұсынылып, менің отбасылық, жеке және кәсіби жағдайым ескерілсін – деді Қожабекова.
Еске салайық, Әлия Қожабекова бұған дейін де өңірдегі былықтар туралы айтып, үндеу жасаған болатын.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде Қожабекованың мәлімдемесінен кейін департамент басшысы жұмыстан кетті.