Жамбыл облысы қарапайым заттар экономикасына басымдылық беріледі

Dalanews 05 мар. 2019 05:02 944

Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында қарапайым заттар экономикасы, тірек ауылдар мен ауылдық жерлердегі шағын жобаларды дамыту мәселелері қаралды. Онда облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Арнұр Мұхамеджанов баяндама жасап, ұсыныс-жобалар бойынша дайындалған алгоритммен таныстырды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы 5-қазандағы халыққа Жолдауында «қарапайым заттар экономикасын» қалыптастыру бойынша тапсырма беріп, халқымыздың азық-түлігін, киімі мен басқа да күнделікті тұтынатын заттарын өз елімізде өндіру керектігіне назар аудартқан болатын. Сол арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтып, оның тұрмысын жақсартудың мол мүмкіндігі айтылған.

Осыған орай бүгінде облысымызда тиісті шаралар қолға алынуда. Оның маңыздылығын ескерген облыс әкімі Асқар Исабекұлы өңір экономикасын көтерудің бірден-бір тетігі ретінде осы бағытқа аса басымдық беріп отыр.

Жиында өңір басшысы алдымен әрбір елді мекендерге талдау жүргізіп, әлеуетін анықтап алу керектігін баса айтты. Оның ішінде ауыл тұрғындарының көп тұтынатын өнімдері мен қажет ететін қызмет түрлерін зерделеп, соған орай өндіріс орындарын, шағын цехтар, монша, шаштараз, тігін шеберханаларын ашудың тиімділігіне тоқталды. Тиісті жобаларды аудан, ауылдық оркуг әкімдіктерімен бірлесе отырып, шынайы мәлімет негізінде ғана әзірлеуді қатаң ескертті.

Асқар Исабекұлы елді мекендерде шағын кәсіпорындар ашу, кооперативтер құру арқылы жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға, тұрғындар тұтынатын өнімнің өзіндік құнын төмендету мүмкіндігіне тоқталды. Жобаларды іріктеуде қажетті шикізат көзі, мамандардың тапшылығы, несиелік жағдайлар да назардан тыс қалмақ емес.

Айта кетейік, Елбасы Жолдауындағы қарапайым заттар экономикасын дамыту міндеті бойынша облыста нақты жоспар түзілуде. Тиісті жобаларды анықтап, бекіту мәселелері күн сайын қаралуда. Алдағы уақытта бекітілген жобалар бойынша аудан әкімдерімен және тиісті тұлғалармен арнайы жиын өтіп, нақты тапсырмалар жүктелетін болады.

 

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Рекомендовать
Последние новости