Жеті өзені тоғысқан өлкенің мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген саф өнердің сақалары, Алматы облысының Жамбыл облысындағы мәдениет күндері аясында «Жерұйық мекен – Жетісу» атты концертті көптің назарына ұсынды.
Мәдени шарада Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздарымен қатар Өмірқұл Айниязов, ҚР еңбек сіңірген әртістері - Ұлжан Айнақұлова, Қанат, Айтгүл Құдайбергеновтер өнер көрсетті.

Мерекелік кеш соңы «Алтынай» мемлекеттік халықтық би ансамблінің орындауындағы «Жастар салтанаты» қойылыммен қорытындыланып, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Ықылас гүлі» жетісулықтарға табыс етілді.

«Ұлы жыраудың асыл мұрасы» көрмесі Жамбыл Жабаевтың әдеби – мемориалды музейінің қорындағы 100-ге жуық экспонаттар негізінде безендірілді.
Көрме экспозициясында жыр алыбының өзі ұстаған домбырасы, Мәскеу қаласына сапары кезінде киген шапандары, телефон аппараты, сонымен қатар елімізге белгілі суретшілердің туындылары және тағы да басқа құнды ғасыр ақынының өмірі мен шығармашылығынан мол мәлімет беретін мұражай экспонаттары қаздай тізіліп, көшпелі көрмеден орын тапты.
Ал, «Жер жәннаты Жетісу-жерұйығым» атты көрмесі жетісулық ақын-жазушылардың тың туындыларын Жамбыл облысындағы оқырман қауымға насихаттап, жаңаша ақпараттармен бөлісу мақсатында жүзеге асты.

Айта кетейік, қос көрме 7-желтоқсан күні А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының фоэсінде келушілер назарына ұсынылады.