Қостанай облысында ер адам әйелі мен енесін пышақтап өлтірген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Қостанай облысының тұрғынына қатысты қасақана аса қатыгездікпен және қайталана адам өлтіру ісі бойынша (ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5), 13) тармақтары) қылмыстық істі қарады.
Биыл шілдеде Л. жанжал барысында жұбайы Л. мен енесі Б.-ға бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Салдарынан жәбірленушілер оқиға орнында көз жұмған, ал айыпталушы қашып кеткен. 
Айыпталушы сотта кінәсін ішінара мойындаған. Ал прокурор 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. 
Сот айыпталушыға 19 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
                        