«Ысырап, пиар». Елде рекорд орнатудың пайдасы бар ма?

Көркем Алдабергенова 16 сент. 2025 15:00

Қазақстан Гиннестің рекордтар кітабында теңізге шыға алмайтын әлемдегі ең ірі мемлекет ретінде тіркелген. Бұл елімізге қатысты жалғыз жетістік емес.

Алайда мұндай рекордтар не үшін және кім үшін қойылады деген заңды сұрақ та туындайды. Мұның елге пайдасы бар ма, әлде жай ғана уақытша жаңалық па? Dalanews.kz тілшісі елде орнатылған рекордтарға шолу жасап, журналист әрі қоғам белсендісі Гүлбану Әбенованың осы тұрғыдағы ойын білді.

Ғарышкер

Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 1989 жылдың 1 қарашасында авиация тарихына алтын әріппен жазылған ерлік жасады. Ол алғашқылардың бірі болып "МиГ-29к" реактивті ұшағын авиатасушы крейсердің алаңқайшасына аса шеберлікпен қондырды. Әлем назары "Тбилиси" крейсерінен жаңа әдіспен ұшақ көкке көтерілген сәтке ауды.

Бұл әдіс бойынша ұшақ трамплин секілді алаңқайдан төмен қарай серпіле түсіп, санаулы секундтар ішінде аспанға көтерілуі тиіс еді. Бір сәтке де кідірсе, теңіз түбіне құлау қаупі болды. Тоқтар Әубәкіров шеберлігінің арқасында әрі құлдилап, әрі көтерілу маневрін сәтті орындады. Авиация тарихында тұңғыш рет жүзеге асқан бұл тәсіл қазақ ұшқышының есімін Гиннесс рекордтар кітабына енгізді.

Ұшқыш-ғарышкер Талғат Мұсабаев дүниеден өтті
Фото: Қазақпарат

Ал Талғат Мұсабаев бір ай ішінде ашық ғарышта бес рет (жалпы ұзақтығы – 30 сағат 8 минут) болғаны үшін рекордтар кітабына енді. Оның ғарыш сапарларының бірінде ғажайып жағдай орын алды. Ғарышкердің айтуынша, ашық ғарышқа шыққан сәтте кемеге бекітетін тетігі ажырап кеткен. Сол кезде ол кемеден алшақтап, енді қайтып оралмайтын сәтке таяғанда, белгісіз бір күш оны ажал аузынан аман алып қалған.

Ең кішкентай домбыра

Қытайдағы этникалық қазақ Болатбек Кәрімханұлы 2012 жылы әлемдегі ең кішкентай домбыраны ойлап жасаған. Ұзындығы небәрі 45 мм, ені 14 мм болатын бұл ерекше туындысы үшін ол Гиннесс рекордтар кітабына енгізілді.

Ең кішкентай домбыра жасаған шебер енді «таудай аспапқа» кіріспек
Фото: Азаттық

1111 метр қазы

Қытай азаматы Жарқын Бармақұлы қазыны "қазақ халқының ұлттық тағамы" ретінде Гиннесс рекордтар кітабына енгізген. Ол жалпы ұзындығы 1111 метр болатын қазыны жасау үшін 44 жылқының етін пайдаланған. Салмағы 4572 келіге жеткен бұл тағам диаметрі 6,5 метр алып табаққа қойылғанда, айналма қабаты 71 қатар болып шығып, биіктігі 4 метрге дейін көтерілген.

1111 метр қазы Гиннесс рекордтар кітабына ұсынылды | 05.02.13
Фото: ашық дереккөзден

Аса ауқымды қазының тек 10 метрі ғана аукционда сатылды. "Гиннесс кітабына енген қазақстандық рекордтар" мақаласындағы деректерге сүйенсек, оны "Сая" өнер мектебінің директоры, жас ағартушы Бағдана Әділқанқызы шамамен 20 мың долларға сатып алған.

Домбыра сабағы

Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен домбыра сабағы – әлемде тұңғыш рет бір мектептің мыңға жуық оқушысы ұлттық аспапты меңгеріп, бірге күй орындаған ерекше оқиға болып тарихта қалды. Бұл ауқымды домбыра сабағын қосымша білім беру педагогі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Айтжан Тоқтаған басқарды.

Домбыра сабағыФото: Baribar.kz

Baribar.kz таратқан мәліметке сәйкес, Гиннесс рекордтар кітабының талаптарына сай сабақты 25-тен астам стюард пен екі куәгер бақылады. Тәуелсіз стюардтар әрқайсысы 50 қатысушыдан құралған топтарға жауапты болды. Ал куәгерлер GWR-дің сенімді өкілі ретінде рекордтың тіркелуін және барлық талаптардың толық сақталуын қамтамасыз етті.

Түйе көтеру

"Qazaq titan" деген лақап атпен танылған қазақстандық стронгмен Алмат Жұманов тағы бір рекорд орнатып, есімін Гиннесс кітабына енгізді.

Түйе көтерген палуанФото: vesti.kz

Қажымұқан атанып кеткен спортшы арқасына салмағы 280 келі түйені көтеріп, сондай-ақ жалпы салмағы 4 тонна 68 келіні құрайтын үш көлікті 13 метр қашықтыққа дейін сүйреген. Мұндай нәтижеге жету үшін Алмат Жұманов бір ай бойы арнайы дайындықтан өткен.

Хан шатыр

Астанада орналасқан "Хан шатыр" ойын-сауық және сауда орталығы да Гиннесс рекордтар кітабына енді. Биіктігі 150 метрді құрайтын бұл ғимарат әлемдегі ең биік шатыр ретінде тіркелген.

Қара жорға биі

2011 жылдың 16 желтоқсанында ел жастары жаппай "Қара жорға" биін билеп, ерекше флешмоб ұйымдастырды. Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған бұл шара кейін Гиннесс рекордтар кітабына енгізілді.

Осылайша тәуелсіздік құрдастары еліміздің атын ұлттық болмысымызды айшықтайтын тағы бір қазына арқылы танытты. Астанадағы "Хан Шатыр" орталығында өткен бұл би флешмобына 399 жас қатысты.

10 мың литр қымыз – әлемдік рекорд

2019 жылы Қазақстанда қымыз пісуден теңдесі жоқ рекорд орнатылды. Ауқымды шара Қарағанды облысында Жаңаарқа ауданының 90 жылдығы мен Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Бұл оқиғаға 12 ауыл мен 2 кенттен жиналған 1000 адам қатысты. Олар бір мезетте 1000 күбіде 10 мың литр қымыз дайындады.

Гиннесс рекордтар кітабының өкілі Юделькис Диас сол кезде:

"Мен бұл рекордты тіркеу үшін Кубадан арнайы келдім. Көлемі, қатысушылар саны және қолданылған ыдыс бәрі есепке алынды. Әлемде түрлі рекордтар бар, бірақ мұндайды алғаш рет көріп тұрмын. Барлығын тексеріп, өлшеп алдық. Бір айдың ішінде нәтиже ресми сайтымызда жарияланады", - деген еді.

Ұлттық киім

Биыл 22 наурызда Ақтау қаласында қазақтың ұлттық киімін киген 5000 адам жиналып, "Қазақ ұлттық киіммен ең көп адам жиналысы" номинациясы бойынша Гиннесс рекордын орнатты. Рекорд орнату рәсімі Каспий теңізі жағалауында өтті. Алдын ала тіркелген қатысушылар арнайы дайындалған алаңға жиналып, Ұлыбританиядан келген Гиннесс рекордтар кітабының ресми өкілдері есеп жүргізді. Бірнеше сағатқа жалғасқан санау қорытындысында барлық талаптардың толық орындалғаны расталып, Қазақстанның жаңа әлемдік рекорд иесі атанғанын дәлелдейтін сертификат табысталды.

Фото: gov.kz

Осылайша қазақтың ұлттық киімі Гиннесс рекордтар кітабына енгізілді.

Қос тұлпардың үстінде шабатын жігіт

Айта кетейік, 20 қыркүйекте Алматы ипподромында Ернар Жасұзақ екі тұлпардың үстінде тұрып, сағатына 60 шақырым жылдамдықпен екі шақырым жүріп жаңа рекорд орнатпақ.

Елімізге белгілі журналист Гүлбану Әбенова мұндай рекордтар пиар үшін жасалады деп есептейді.

"Бір жағынан халықтың мәдени болмысына – қазақтарға назар аударту, дәстүрді көрсету жақсы. Бірақ дәстүрге назар аударып, оны еске салу үшін рекорд орнатудың мұндай жолы дұрыс емес сияқты. Бұл – жай ғана көзбояушылық, рекорд үшін жасалған әрекет.

Мысалы, мыңдаған домбырашы алаңға жиналып күй тартқанда, ол маған қызық әрі әсерлі болып көрінді. Бұл – әдемі көрініс әрі ұлттық музыкамызды, жас музыканттарды және, әрине, домбырамызды паш етудің жолы. Балалар дайындалады, еңбек сіңіреді – бұл әрі әдемі, әрі мазмұнды шара", - дейді журналист.

Гүлбану Әбенова тамаққа қатысты қойылатын рекордтарға да өз көзқарасын білдірді.

"Ал тамаққа қатыстысы мүлдем басқаша. Бұл ұлттық асхананы көрсету емес, дәстүрді еске салатын іс-шара да емес. Қазақ халқында мұндай дәстүр болмаған. Керісінше, ысырап болып есептеледі. Ең үлкен бауырсақ не шұжық жасау үшін тонна-тонна ұн, ет, пияз және басқа да өнімдер кетеді. Оның үстіне бұл – тағам, санитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақтала ма, жоқ па деген сұрақ туады. Құрамының тепе-теңдігі дұрыс па? Әлде метр қуалап жүріп, қолдарына түскеннің бәрін сала бере ме?", - дейді журналист.

Фото: жеке архив

Гүлбану Әбенова "рекорд орнату үшін жасалған тағам қайда жіберіледі?" деген сұрақ қойды.

"Халыққа тарата ма? Онда оның қауіпсіздігі күмәнді, мысалы, фестивальге қатысқандар уланып қалуы мүмкін. Сонда бұл – бір сәттік әсер ғана: рекорд сол мезетте таңғалдырады, бірақ ұзақ мерзімді пайдасы жоқ. Бұл – ысырап пен пайдасы жоқ шара. Бір рекорд үшін тонналаған азық-түлік рәсуа болады. Егер оларды қайырымдылыққа таратпаса, бұл ашықтан-ашық ысырап болып көрінеді", - дейді ол.

Журналист одан да сол тонна ет пен ұнды мұқтаждарға, көпбалалы отбасыларға немесе зейнеткерлерге таратса, әлдеқайда пайдалы болар еді деп есептейді.

“Қоғамда етті мүлдем сатып ала алмайтындар бар. Олар оны тек мереке сайын көреді. Қазір ет қымбаттап кетті, көптеген жалғызбасты қариялар ет, ұн, көкөніс сатып алуға шамасы келмейді. Егер осындай рекорд жасалса – мысалы, "3 тонна етті қарттарға тегін тараттық" деген пайдалы әрі мәнді рекорд болар еді. Бұл әрі пиар, әрі мұқтаждарға көмек", - дейді маман.

Гүлбану Әбенова рекордтар тез ұмытылады, ал жаңалық үшін сондай бір күндік акция жасағанша, мұқтаждарға көмек берген әлдеқайда пайдалы дейді.

“Немесе ауыл халқына, мектептерге, ауруханаларға, балаларға қажет дүниелерді сыйлау – міне, нағыз рекорд сол болар еді. Бұл жағдайда әлеуметтік әсер де, компанияның имиджі де артады. Өйткені ондай рекордтарды ұйымдастырушылар тек пиар үшін ғана емес, нақты қоғамға пайдасы бар іс жасайды. Мысалы, 2 тонна бауырсақ пісіріп, оны балаларға, зейнеткерлерге, балалар үйлеріне тегін таратса – бұл шын мәнінде қоғамға игілікті іс болар еді",  - дейді журналист.  

Ол кез келген істе ақылға қонымдылықты, практикалықты және қоғамға пайдалы болуын қолдайтынын жеткізді.

“Бір күндік жаңалық үшін, Рекордтар кітабына кіру үшін ысырап жасаудың қажеті жоқ. Әсіресе тамаққа қатысты болса, мен тағамды "культке" айналдыруға қарсымын. Ал егер рекорд рухани, зияткерлік немесе материалдық емес салада болса, онда мен мұны құптаймын және Қазақстанның әлем алдындағы имиджін көтеретін осындай бастамаларды қолдаймын", - дейді журналист.


Рекомендовать
Последние новости