Huawei: Қазақстанды цифрлы мемлекетке айналдыруға болады

Dalanews 09 авг. 2022 11:01 865

Бүгінгі заманның талғамы мен талабы тұрғысынан алып қарағанда – интернетсіз дүние бос. Дүйім дүниені тарының қауызына сыйғызып жіберген ақпараттық технологиялар жыл өткен сайын жетіліп, даму үстінде. Бұл үрдістен біздің елдің да қалыс қалмауы маңызды. Қазақстанды цифрлық хабқа айналдырудың амал-тәсілдері бар ма? Ел тұрғындары интернеттен тарығып отырған жоқ па? Аталған салада ашық, әділ бәсеке нарығын қалай қалыптастырамыз?


Huawei Technologies Kazakhstan және ADT мұрындық болуымен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұйымдастырған «Цифрлық Қазақстанға» форумында осы маңызды мәселелер таразыға тартылып, талқыға түсті. Еліміздегі ақпараттық-технологиялардың даму үрдісіне баға беріп, оның даму жолдары қарастырылған шарада сала мамандары өз экспертизаларын ортаға салды.



IDC халықаралық консалтинг агенттігі 2022 жылдың сәуір-маусым айларында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі үшін арнайы зерттеу әзірлеген еді. Ол зерттеулер "Huawei Technologies Kazakhstan" тарапынан да қолдау тапқан. Осы зерттеуге қарағанда еліміздегі оптикалық-талшықты интернеттің үлесі қалаларда 28%, ал ауылды жерлерде 18 пайызды құрайды. Интернет нарығындағы DSL технологиясының үлесі бұдан әлдеқайда жоғары, қалалар мен аудан-ауылдарда тиісінше 37 және 35 пайыз болған. Кеңжолақты интернеттің қызметі мен инфрақұрылымын жетілдіру жұмыстары министрлер кабинетінің күн тәртібіне еніпті. Себебі, онсыз ақпараттық экономиканың іргетасын қалау неғайбыл.



Жаңа технологияларға негізделген экономиканы жолға қойғанда тұрғындардың тұрмысы түзеліп, түтіні түзу ұшатын болады. Жаңа технологиялар жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашып, бизнеске жаңа мүмкіндіктері сыйлайды деп күтілуде. Қазақстан тұрғындарын неғұрлым жоғары жылдамдықты интернетпен қамтыған сайын қоғамның саяси сауаты мен экономикалық белсендігі соғұрлым арта түседі.



Бұл сөзімізді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек те растап отыр. Оның атап өткеніндей, 2011 жылы БҰҰ «интернеттің қол жетімді болуын адам құқығын сақтаудың бір белгісі» деп бағалаған.

«Қоғамдағы цифрлық теңсіздіктен арылуымыз керек. Цифрландыру саласында «қайта құру» саясатына басымдық беріп, ақпараттық технологияларды арқа тұтатын бизнес жобалардың өсіп-өнуіне жол ашуға тиіспіз. Алайда бұл бағытта – регуляторлар, телекоммуникация операторлары мен байланыс қызметін тұтынатын аудитория ауырбіршілік танытып, тығыз байланыс орнатуы тиіс», – дейді, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек.


Министрлік мәліметінше, қазіргі уақытта еліміздегі ADSL, FttN, 3G, 4G технологиямен таралатын кеңжолақты интернетпен 6459 елді-мекен, соның ішінде 118 қала және 5214 ауыл-аймақ толық қамтылған. Қазақстан тұрғындарын қолжетімді интернетпен қамту мақсатында Үкімет «250+» бағдарламасын әзірлеп, осы бағытта кезең-кезеңімен алға жылжып келеді. Қазіргі ахуал бойынша, ел тұрғындарының 99,3 пайызы интернетке қолы жетіп, ғаламтордан өзіне керекті ақпаратты алып отыр. Ілгерідегі «250+» бағдарламасына қосымша ретінде «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен техникалық дамуға ұмтылу» атты ұлттық жоба әзірлеген ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі алдағы уақытта ел тұрғындарының 100 пайызын жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз етпек.

Қазақстандағы цифрлық экономиканың беталысына баға берген Huawei Eurasia компаниясындағы операторлар жұмысын бақылайтын құрылымының өкілі Ма Сяо мырза интернеттің жалпы ішкі өнімді арттыратын «құдіреті» барын айтты.



«Елдегі барлық салаға дендеп енген, кеңжолақты, жоғары жылдамдықпен таралатын интернет мемлекеттің жалпы ішкі өнімін 1,3 пайызға арттырады. Тез таралатын интернеттің арқасында экономиканың тамырына қан жүгіріп, түрлі-түрлі ғылыми жаңалық жасалады. Айталық, бүгіндері «ақылды шешім», «жасанды интеллект» нарығының үлесі 30 пайызға артқан. Бұл өз кезегінде экономиканың барлық саласын жаңартуға, жаңа үрдіске бейімдеуге мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда Huawei бүтін бір мемлекетті жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етуге әлеуеті жететін әлемдегі жетекші компанияның бірі. Біз Қазақстан үкіметімен арадағы әріптестіктің өрісін кеңейте түсуге әзірміз. Осы арқылы ақпараттық технологияға арқа сүйеген экожүйені қалыптастырып, жоғарытехнологиялы әлемнің қабырғасын қалағымыз келеді», – деді Ма Сяо мырза.


 

Рекомендовать
Последние новости