Грузияда көз жұмған қазақ қызын күдікті көлікке айырбастаған болуы мүмкін

Dalanews 11 мая 2021 06:42 889

Грузияда жұмбақ жағдайда көз жұмған Әсел Айтпаеваны күдікті көлікке айырбастаған болуы мүмкін. Марқұмның анасы осындай мәлімдеме жасады. Қызынан айырылған Айсұлу Айтбаева қызының өз-өзіне қол салғанына да сенбейді, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Суреттегі күлімдеген Әсел Айтпаева екі апта бұрын Грузияға жұмысқа аттанған. 26 жастағы бойжеткенді туысы көлік тасымалдайтын компанияның іс-қағаздарын жүргізуге шақырыпты. Жеке үй, жалақы мен көлік береміз дегенге сенген Әсел, тез арада құжаттарын жинастырып, шетелге аттанған. Бірақ, 5-мамырда туыстары оның Тбилисиде 8-ші қабаттан құлап, мерт болғанын естіпті.

Айна Айтпаева, марқұмның әпкесі:

Соңғы рет ол құрбысына 4-ші мамырда түнгі 3-те "Телеграм" желісі арқылы аудио жазба жіберген. Бірақ, ол құрбысы ұйықтап жатқасын, тек таңертең тыңдапты. "Телеграмнан" ешқашан жазбайтын, тек "WhatsApp" көмегімен хабарласатын.

Құрбысына жіберген дыбыстық жазбада Бесо есімді азамат Әселмен тілдескенін естуге болады. Ол біресе жас қызға ғашық екенін, біресе оның алдағанын айтып, қоқан-лоқы көрсеткені де жазылған.

Грузия прокуратурасы Бесо Тордуа есімді азаматтың ұсталып, екі айға қамауға алынғанын хабарлады.

Құзырлы органдағылар оған "зорлық-зомбылық" жасады және "өз-өзіне қол жұмсауға" мәжбүрледі деген айып тағуда. Отандасымыздың осы 57 жастағы азаматтың жалдап тұрған үйінен құлағаны да анықталған. Ал, Айна Айтпаева Әселдің өліміне тағы 3 адамның қатысы бар, дейді. Оның арасында жұмысқа шақырған туысын да атады.

Айна Айтпаева, марқұмның әпкесі:

– Біз Мұраттың Қазақстанға шұғыл түрде қашқанын естідік. Оны полиция бөліміне екі рет шақыртқанымен, қамамапты. Ол полицейлерге керісінше "сендердің алдыларыңда есеп бермеймін" деп әкіреңдеген. Аудиожазбада оның да Әселді зорлағаны анық айтылған.

Өзге елде жұмбақ жағдайда көз жұмған Әселдің әпкесі екі ойлы. Ол сіңілісін күдіктілер не жезөкшелікке мәжбүрледі, не қандай да құжатқа қол қойдырмақ болған дейді.

Ал, қызынан айырылып, қан жұтқан Әселдің анасы Айсұлу Айтпаева Грузияға бүгін жетті. Ол мүрдені тану мен сот-медициналық зерттеулерге қатыспақ. Азаматша қызын күдікті автокөлікке айырбастауы мүмкін дегенді де мәлімдеген. Біз марқұмның таныстарын да сөзге тарттық.

Анаргүл Ахметова, марқұмның құрбысы:

Әсел аяқ астынан жұмысқа келмей кетті. Маған бұл күдікті көрінді. Өйткені оның жауапкершілігі жоғары болатын. Сосын тік мінезді еді. Оның өз-өзіне қол жұмсағанына сенбеймін.

Грузияның ақпарат көздері қолға түскен Бесо Тордуаның айыбы дәлелденсе, 10 жылға бас бостандығынан айырылатынын жазуда. Сот отырысы 23-мамырда басталмақ. Істе зорлық-зомбылық әрекеттері болған соң, ол жабық түрде өтеді деген де ақпарат бар. Ал, жап-жас қыздың жақындары оны жұмысқа шақырып, кейіннен өліміне қатысы бар туысын да жауапқа тартуды сұрайды. Сондай-ақ ол іс халықаралық деңгейде болған соң, Президент пен елдегі құзырлы орган басшыларынан көмек сұрады.

 

https://youtu.be/qJ9JLSWhsn4

Рекомендовать
Последние новости