Грек жерінде Түркістанның туристік әлеуеті паш етілді

Dalanews 16 нояб. 2018 10:12 1017

Еліміздегі туристік орталықтар мен Түркістан қаласындағы "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Жерорта теңізі аймағындағы ең ірі туристік көрмеге қатысуына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстанның Грекиядағы елшілігі қолдау көрсетті. 


Өз кезегінде "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Қожа Ахмет Ясауидің мұралары және Түркістан өңіріндегі киелі-тарихи жерлер жайлы көрмені шетелдіктер назарына ұсынды.


Туристер үшін Түркістандағы ең маңызды орындар жайлы 1871-1872 жылдары түсірілген А.Кунның фотоальбомынан туындылар және кесененің әр жылдардағы бейнелері мен Түркістанның көріністері, тайқазан, шырағдан суреттері, Қожа Ахмет Ясауи мен тайқазанның макеттері таныстырылса, 


Ясауи кесенесі мен Қылует жерасты мешіті, Шығыс моншасы, Гаухар ана, Укаша ата кесенесі мен құдығы, Сауран қалашығы сынды тарихи орындардың 3D тур нұсқасы Елбасымыздың цифрландыру жүйесі негізінде дайындалып, халықаралық көрмеде алғаш рет көзілдірік арқылы көрсетілді.


Сонымен қатар, қорық-музейдің тарихи орындары мен музей хақында үш тілде жарық көрген буклет кітапшалары мен жәдігерлердің каталог кітаптары да көрме экспозициясынан орын алды.
Сонымен қатар, отандық туристік орталықтар «Қазақстанға саяхат жаса» жарнамалық ұранымен түрлі мәдени бағдарлама ұсынып, еліміздің  көрікті жерлерімен бірге қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпы және төл өнерімен танысты.


Қазақтың дәстүрлі әндері мен термесін тыңдаған қалың көпшілік арқан тартып, асық ату ойынына да белсене қатысты.



Үш күн ішінде 20 мыңнан аса шетелдік тамашалап үлгерген қазақстандық көрмеге 27 жыл бұрын Қазақстаннан Грекияға қоныс аударған Георгий және Ольга есімді ерлі-зайыптылар келіп, туған жер мұраларын көріп,  көздеріне жас алды. 


– Қазақстандық көрме жөнінде теледидардан естіп Салоники қаласынан 70 шакырым жерден арнайы келдік. Қазақстанды көрмегенімізге де 10 жылға жуықтады. Жанымыз грек болғанымен -  жүрегіміз қазақ. Туған жерді қатты сағындық. Бауырсақтан дәм татып, өзімізге таныс жерлердің суретін тамашалап, қазақ жұртының ыстық ықыласы, мол мейірімі қоса жеткендей ерекше сезімге бөлендік, - деді Георгий.




Рекомендовать
Последние новости