Гений

Dalanews 06 апр. 2015 01:15 1361

Дүниеде пікір көп, әртүрлі таныммен жазылған әр алуан шығармалар да жетерлік. Алты құрлық, төрт мұхит, сандаған аралдардың өз табиғаты мен мінезі бар. Адам ғалейссаламның заманынан бергі адамзаттың бар болмысы әлі күнге дейін ашыла қойған жоқ шығар. Көктен түскен алғашқы өлеңнің қандай болғаны белгісіз, ол бізге жеткен жоқ. Жерге түскен алғашқы ақын туралы пікір де осындай. Ойдың шегіне кім жеткен, түбіне кім түскен. Адамзаттың рухани есеп беруі кезінде дүниеге келген ақындардың тағдырлары жайлы да көп біле бермейміз. Жүз жиырма төрт мың пайғамбардың болғанын білеміз, ал дүние жаратылғалы пайғамбар дәрежелес қаншама ақынның ғұмыр кешкенінен бейхабармыз.

 Хамит Есаман, ақын

Соқыр сурет

Әйгілі Леонардо да Винчи бейнелеу өнері жайлы кітабында «Бейнелеу өнерін (живописті) жек көретін адам – философия мен табиғатты да жек көретін адам. Суретші заттардың өз бейнесін көреді, ал ақын тек көлеңкесін көреді» дейді де, поэзияны «Соқыр сурет» деп бағалайды. Ол өнердің ішінде бейнелеу өнерін бірінші орынға, мүсін өнерін екінші орынға, музыканы үшінші орынға қояды да, поэзияға төртінші орынды әрең қияды. Леонардо да Винчи жарықтықтың пікірі өзіне, бірақ поэзияның жөні қай заманда да бөлек болған. Өлеңнің бәсі түскен жоқ. Өлең шіркіннің қай дәуірде қандай формада қандай ақынның қаламынан туғаны бізге беймәлім. Бір білетініміз, өлең дүниедегі ең ғажап әуен, ең күрделі тағдыр екен. Ақындардың атасы Гомерден бастап бүгінгі Ерлан Жүністерге дейінгі аралықта қаншама тағдыр, ой мен сезім өрнектері жатыр. Бір кездегі алып шаһарларда алып ақындар тұрған болар, алып шығармалар дүниеге келген болар... бірақ олардың көбі бізге белгісіз күйінде қалды. Адам жүрегіндегі арбасқан сезімдер қайшылығына құрылған әйгілі Еврипид трагедиялары мен бір кісінің жүрегіне тоғысқан аналық парыз бен әйелдік бақыт құштарлығы арасындағы тайталастың трагедиясы саналатын атақты «Медея» шығармасының нақты қай заманда туғанын біз білмейміз ғой. Әрине, білмейтін дүние көп. Ал, барлығын білу, дүниені түгесіп оқу, оны қорытып, әдеби игілікке пайдаланып үлгеру мүмкін бе өзі?! Қайдам, мүмкін емес секілді...

«Шахрияр синдромы»

[caption id="attachment_10007" align="alignleft" width="184"]жубай Әмірхан Балқыбек[/caption]

Әмірхан Балқыбектің көкейінде көп арман кетті. Көп білетін, оны өзіне олқысынатын, дүниені түгел білгісі келетін. Ақын Аманхан Әлімұлы «Біздің бір жаман жеріміз ақын болып туғанмен, ақын болып өле алмаймыз» дейді. Әмірхан аға ақын болып кетті. Көзі тірісінде көп жолыққаным жоқ. Ол Алматыда, біз Таразда. Мүмкіншілік те онша болмады. Шалқыған сәттерде телефон арқылы сөйлесіп тұрғанымыз болмаса. Қызық еді. Біздің біле бермейтін нәрселерді көп сұрайды. Джек Лондон туралы көп айтады, Борхес хақында жиі толғанады, Хемингуэйді көп еске алады, бірақ табынбайды. Біз үндемейміз, білмейміз ғой, сосын сөйлеген де ұят сияқты. Шылымды жиі шегеді, әлденеге өкінетін сияқты. Бұрынырақта Маяковскийдің қара мұқабалы кітабының сыртында ақынның шылым шегіп тұрған суретін көргенім бар. Одан Есениннің. Евтушенко да шылым тартатын көрінеді. Одан өзіміздің Олжас Сүлейменов. Атақты ақындар да шылым шегеді екен. Бізге қызық. Ұқсайтын сияқты бір-біріне. Жоқ, Әмірхан аға ешкімге ұқсамайды. Ешкімге ұқсағысы келмейді. Білімі де ешкімге ұқсаған жоқ. Өлеңі де. Пікірін ашық айтты, күлбілтелеп сөйлейтін жарымжан қаламгер болып қалудан қорықты. Бір таңқаларлығы, жады өте берік. Оқиды, соны ұмытпайды. Бір күні «Әдебиетте «Шахрияр синдромы» деген тіркес бар. Олар кітап оқымай-ақ ақын болуға болады дейді. Естіп алып, содан қорытынды жасай береді» деді. Ойландық жатып кеп. Мұны тағы қайдан оқып жүр. Рас, білгішсініп сөйлеп, асыра пікір айтатын адамдар көп. Олар әдебиетте фигураға айналғысы келеді, бірақ айнала алмайды. Өздерін данышпанбыз деп ойлайды.

Әмірхан Балқыбекті замандастары «книгоманиямен» дерттенген деп таныды. Қарапайым халық түгілі, шығармашылық адамдарының өзі кітапты жиі оқымайды. Нарықтың қыспағында тұрған қоғамда кітаппен ауырып не жыны бар. Амал кем, «Шахрияр синдромына» ұрынады-дағы. Мысалы, Цвейгтің Бальзак туралы жазылған қалың кітабын оқығанша, ол туралы жазылған шағын мақаланы оқып та қорытынды шығаратындар сияқты. Аға буын әңгіме айтқанда, Тәкен Әлімқұлов пен Асқар Сүлейменовтің эрудициясын жиі еске алады. Әмірхан Балқыбек те кітапты құныға оқыды, зерделеді, өзіне керегін алды. Гомер, Еврипид, Феокрит, Назон, Вергилий секілді көне заманғы ақындардың өмір тарихын, тағдырын жіпке тізгендей қылып айтатынын да естідік. Еріксіз таңданасың. Иә, жер бетінде осындай ақындар, бұдан өзге де шайырлар болған. Бірақ олар туралы біреу айтпаса, біз қайдан білейік. Ал, Әмірхан ақынға осылар туралы біреулер айтты ма екен. Бұл туралы сәл кейінірек, кейінірек айтармыз...

Біз «генийміз» дедік

Өлеңдегі інілерін еркелетті, әрқайсысына «мықты ақынсың» деді. «Мықты екенбіз» дедік біз. «Гений» деген сөзді жиі айтатын. Сірә, ұнайтын болуы керек қой. Біз «генийміз» дедік. Мықты ақындардың барлығы шарап ішкен екен дедік. Омар Һәйәмді да ішіпті дегенді еститінбіз. Бал шарап іштік. Ессіз боп, бәңгі боп. Сөйтсек, Омар Һәйәм шарап ішпепті. Ал біздікі не әуре? Һәйәм боламын деп ішсең, ақыры Һәйәм бола алмай қалсаң масқара ғой. Ел-жұртты қайдам, олар бәлкім кешірер, өлеңнен ұят. Өлең шіркіннің жылт етпе нәрсені жырлайтын фраза секілді дүние емес екенін ұғынудың, мойындаудың өзі қиын да. Ештеңені білдіргің келмейді, жұртты ақын екендігіңе сендіргің келеді. Ақынмын ғой дейсің жүрегіңді жұлып жіберердей. Ал, ақын болып өмір сүре алмасаң ше, не істейсің?! Өлең жазасың, қиялданасың. Кітап шығару, Жазушылар одағына мүшелікке өту, сосын атақ алу деген сияқты қиялдарды басыңа әкелу, сол үшін өлең жазу, тіпті, түсініксіз. Өлең болмаса, мұның бәрі қайдан болады. Өлең деп жүргенің өлең болмаса ше? Түсінбейсің. Не үшін өлең жазасың, тағдыр мен мінез деген не? Қиял ше? Білмейсің.

Қиял демекші... Әмірхан ағаның бір қиялдағанын білемін. Бұлай да қиялдауға болады екен деп ойланып қаласың. Анау-мынау арзан қиял емес. Ол кейде мемлекеттік қызметте жүргендерге бағзы Қытай мен Жапониядағыдай әдебиет пен тарихтан емтихан тапсыртатын комиссияның төрағасы болғысы келетін. Министр емес, әкім емес. Өйткені, ол шенеуніктері әдебиет пен тарихты жақсы білетін елдің болашағының жарқын болатынын білді ғой. Білмесе, министр не әкім болуды ғана қиялдаған болар еді. Орынтақты тегін берсең де отырмайтын сабаздар болады. Әмірхан аға осындай болатын. Одан гөрі, Цезарь мен Наполеонның, Ататүрік пен Че Гевараның жазбаларын оқып қалыптасқан адамның қоғамға, уақытқа, ел тағдырына деген көзқарасы жан-жақты әрі салмақты болатынын ішкі түйсігімен ұқты. Сондай пікір білдірді де.

Ой саяхатшысы

Ал, арман туралы не айтуға болады. Айналайын арман шіркін бала күніңде қалай армандасаң да бола беретін. Әмірхан көкенің арманын білмеймін, тірісінде сұрағанымыз жоқ. Бірақ өзі бір әңгіме үстінде бала күнінде Жюль Верннің «Он бес жасар капитан» деген шығармасын оқып, саяхатшы болуды армандағанын айтқан. Армандауға болады ғой. Бірақ үшінші сыныпта-ақ мектептің тарих оқулықтарын түгел оқып шыққанын мақтанып айтқан емес. Әйгілі Эрнесто Че Геварамен ауырып, Қазақстанға қарудың күшімен тәуелсіздік алып беруге атсалыспақшы болған арманы ше?! Он бес жасынан орысша кітаптарды оқыған баланың арманымен ойнауға болмайды. Әңгіме орысша кітап оқуда емес, әлем әдебиетін білуге құштарлықта болып тұр. Данышпан Абайдың өзі орысша білу керектігін айтты ғой. Одан Джек Лондонның өмірі туралы кітаптан кейін әдебиетші, жазушы болғысы келгенін де өзі айтқан. Бірақ, сол өзі жиі айтатын Лондонның «Мартин Иден» дейтін шығармасындағы кейіпкердің өміріндей болып аяқталған өмірі өкіндіреді. Мұнысы несі тағы...

«Кеудемде бір ағын жылжыды,

Сен оны түсінші, өлеңім.

Ұқпадым, жапырақ сыбдыры,

Не жайлы айтқысы келгенін...»

Ешкім де білмейді. Бірақ ақын, әдебиетші, оқымысты Әмірхан Балқыбекті түсіну үшін әлем әдебиетін білу қажет екен. Әйтпесе, Мейірхан Ақдәулетұлы айтпақшы, «Болу мен болғансудың» арасында тентіреген тағдырдан не пайда, ол кімге опа береді?! Арманмен ауырған, өлеңмен өмір сүрген тағдырдың жұлдызы әрдайым жоғары. Әр нәрсенің бастауы болады. Ол алғаш мектепте жүріп «Қазақ әдебиеті» газетіне «Шығыс әдебиетін аударуда өзбек бауырлардан үлгі алу керек» деген мақала жазыпты. Яғни, оның бүгінгі интеллектуалдық дәрежесі өте жоғары әдеби мақалаларының бастауы сол балауса мақала ғой. Әрі мектеп жасындағы баланың аударма мәселесіне бас қатырып, үлкен басылымда пікір білдіруінің өзі ойландырмай қоймайды.

Қазақтың Борхесі

[caption id="attachment_10008" align="alignright" width="203"]Борхес Хорхе Луис Борхес[/caption]

Біз қазақ, тек деген нәрсені көп айтамыз. Яғни, тек арқылы барлық қасиеттердің адам бойына жұғатыны айқындалған. Жұмабек ақсақал Әмірхан ұлын бала күнінен кітап оқуға тәрбиелепті. Үйінде орыс тілін былай қойғанда, қытай, хинди, өзбек, парсы, араб тілінің сөздіктеріне дейін тұратын бала кітап оқымай қайтсін-ау. «Кітап оқуыма әкемнен кейін жазушы Хорхе Луис Борхес үлкен әсер етті» дейтін өзі. Сол Борхес «Бәлкім, мықты жазушы, талантты ақын емес шығармын, бірақ мен ұлы оқырманмын» деген. Сол сияқты Әмірхан Балқыбек те мықты оқырман болуға тырысты. Мықты оқырман демекші, ақын ағамыздан әлем әдебиетіндегі ең ұлы деген жүз әдебиетшінің тізімін сұрамақшы едім. Болмай қалды. Кімдерді оқуға кеңес берер еді деген ой ойымнан шықпайды. Гетенің «Жас Вертердің жан азабы», Стендальдің «Қызыл мен қара», Джек Лондонның «Мартин Иден», Толстойдың «Анна Каренина», Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза», Мұхтар Мағауиннің «Сары қазақ», Есенғали Раушановтың «Ғайша бибі»  шығармалары болып жалғасып кете берер ме еді деп қоямын. Кім біледі-ау оны. Әйтеуір осы ақын-жазушылар туралы көп айтатын. Екінші сыныптан бастап Эллада ертегілеріне ден қойып, «ертегіші бала» атанған адамның нашар ақын, білімсіз әдебиетші болуы мүмкін бе еді?! Кемталант болғанша қызмет қуып, мансап іздеп, қарын қамын күйттеп кетпей ме. Бірақ сүйекке сіңген тек, тағдырына байланған талант, өмірінен өрілген өлең бәрібір ешқайда жібермейді екен.

«Көріпкел ақындар»

Поэзияда визионер немесе «көріпкел ақындар» деген түсінік бар. Бұл туралы да Әмірхан ағадан естігенбіз. Баянауылға бірге барған бір сапарда. Қатарлас вагонда болдық. Шылымның қою түтінін құныға жұтып «Николай Гумилев, Николай Рубцов секілді ақындар сондай болған» деп қояды. Сол жерде Ерлан Жүніс те бар еді, қайта Ерлан біраз пікірлесті.

Әмірхан аға әдебиет төңірегінде болмаса, былай көп ашылып әңгіме айта бермейтін сияқтанатын. Бала, одан бозбала кезінде түйсінген ойлары шығармаларының астарында болуы да мүмкін еді. Өлеңдерін оқып жүрдік, бірақ ештеңе байқағанымыз жоқ сияқты. Әлде, мән берген жоқпыз. Ол кісі қайтқанда, қара өлеңнің күні тұтылғанда, аспан еңкілдеп жылағанда, таулар солығын баса алмағанда, біз Шардарада едік. Қаралы жиыннан өңірлік бір басылымды алып қайттық. Ішінде Әмірхан ақынның бір топ өлеңдері жүр. Сонда «Ауру емес, қасап қолдан өлем мен» дейтін жантүршіктірерлік жолдар бар екен. Тағдырына қазылықты өзі жасағандай, үкімді өзі шығарып кеткендей әсер қалдырды. Содан кейін төмендегі мына өлеңі. Не болды екен сонша дейсің...

[caption id="attachment_10011" align="alignright" width="390"]Амирхан Әмірхан: "Ауру емес, қасап қолдан өлем мен..."[/caption]

Еркін жел ем жаз шалқитын жайлауда,

Күй дегенің күйші қолын байлау ма?

Тағдыр мені нән шаһарға ап келді,

Құрекеңді жіберткендей айдауға.

Басыңдағың болмағасын нәби ми,

Көңілдегің қайдан болсын арий күй...

Жүрек жалғас өңешіммен шыңғырам,

Бірақ ол да боп шықпайды табиғи.

Тас сүрлеуге табанымды жара қып,

Қу молама кірем сосын қабарып.

Қыл көпірдің азабынан өтетін,

Мұнда мені деп атайды қалалық.

Қайырмасын тас дуалдар тонаған,

Тереземді соққылайды самал ән.

Аяғанмен есігімді ашпаймын,

Сөнген шырақ жанбайды деп жаңадан.

Тар бөлмеде кең тынысым тарылып,

Жалғыз ғана отырамын жабығып.

Жаным еркін жайлауымды сағынам,

Бірақ та құр не істей алам сағынып.

Жанды тербеп мәңгіліктің ағыны,

Тән арыды, Арман бірге арыды!

Жанарымды қытықтайды нұрымен,

Мың жыл бұрын сөнген жұлдыз жарығы.

Жаным жұлдыз жылдамдығын қосқанда,

Сәлем айтып кейін қалған достарға,

Бұл қаладан кетем түбі көкке мен,

Кетемін мен Сегізінші Аспанға.

Деймін іштей, Дейді ішімде бір дауыс.

Ғажап жыр, бірақ қорқынышты. Мұны ақындардың барлығына тән дүние десек те, әрбір ақынның өзінше ойлау жүйесі, өзінің әлемі болады ғой. Олар жалғыздан, бірақ. Жапандағы жалғыз ағаш сияқты елес береді. Рушылдық, жүзшілдік сыңайда құрылған әдеби топтарда болмаған ақынның досының болуы да мүмкін емес еді. Өзі сияқты жалғыздармен дос болмаса. Ұлы Мағжанның, қайран Мағжанның «Ақында адамзаттан дос болмайды» деп күңіренгенін ешбір ақын ұмытуға тиісті емес. Әйтпесе, ешбір ақын «Кетемін мен Сегізінші Аспанға» демейді. Әлгі өлеңі тобырлық көзқарасқа ашық қарсылық, өзінің түйсігінен түтеп шыққан тегеурінді ойлар. Алматы сияқты алып шаһарда бәрін істеуге болады. Түнде ақын, күндіз пенде... Бірақ Әмірхан Балқыбек бәрін істеген жоқ. Оған әдебиеттен басқа ештеңенің де қажеті жоқ еді. Солай болды да. Кәдуілгі пенде құсап өмір сүре алмады.

[caption id="attachment_10009" align="alignleft" width="280"]скачанные файлы Гарсия Маркес[/caption]

«Жүз жылдық жалғыздық»

Кейде кітапханада отырып, қилы тағдырлы шығармаларды қолыма алғанымда аласапыран күй кешемін. О несі екен деймін іштей. Сол кітаптардың ішінен Әмірхан Балқыбектің өз тағдырын өзі болжаған өлеңдері шығып қалатын сияқты. Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығына» көзім түскенде, Әмірхан ағаның ішкі күйзелісі ойға орала береді. Ол кісі бұл шығарманы неге қазақтың жазушысының жазбағанына қайран қалып өтті. Әдебиетте жаңалық ашудың қиын екенін білді. Әйтпесе, бізде де Маркестің шығармаларымен деңгейлес Асқар Сүлейменовтің, Әбіш Кекілбаевтың, Мұхтар Мағауиннің әдеби туындылары бар ғой. Бұл жерде Әмірхан қазақ әдебиетін, қазақ қаламгерлерін місе тұтпайды екен деп ойлап қалмаңыз. Қазақ әдебиетіне Әмірхан Балқыбек сияқты құрмет көрсету, әрқайсысын оқып, таразылау, санада қорыту екінің бірінің қолынан келе қоймайтын іс еді. Қазақ екеніне мақтанатын екі адам болса, соның бірінің Әмірхан ақын екеніне сенуге болады.

«Қасқыр Құдай болған кез»

Ол кейіннен үлкен-үлкен тақырыптарға мақала жазды. Көптеген тарихшылардың, әдебиетшілердің арасында талас-тартыс тудырған Шыңғыс хан тақырыбын өзінше толғады. Әдеби пікірін айтты. Ол еңбектер кейіннен «Қасқыр Құдай болған кез» дейтін атпен баспадан қалың кітап болып шықты. Тақырыбының өзі күрделі. Мұнда негізгі тотем қасқыр, ислам діні келгенге дейінгі ахуал, көзқарас тұрғысын байыптау, пікір түю. Бұл кітапты оқыған адам оның қандай танымды адам болғанын біледі. Бір нәрсе, Әмірхан Балқыбекті адамзаттың мәдениетін, өркениетін зерттеуге апарған өзінің ішкі дайындығы еді. Әр ақынның тағдырынан сыр толғап жібергенде, бір басқа мұнша дүниенің қалай сыйып жүргеніне таңданатынмын. Пушкиннің шынымен өлгісі келді ме, әлде біреулер арандатты ма? Әдеби дәлелдерге негіздеп, осы бір мәселелерге дейін пікірін білдіріп отырғанын көргенбіз.   Рас, данышпан Абай «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деген ғой. Әмірхан Балқыбек те қызылды-жасылды қызықты қызықсынбай өтті. Ол «Дуэль қарсаңындағы диалогтарын» тегін жазған жоқ. Ұлтының ар-намысы үшін дуэльге шығуға да дайын еді.

[caption id="attachment_10010" align="alignleft" width="288"]LIT_KLUB_KAZ_BALKYBEK.mp4.Still001 "Қасқыр Құдай болған кез"[/caption]

Біз ағалар туралы аңызға бергісіз әңгімелерге қызықтық. Мұндай нәрселер керек екен. Бір ғана Маралтай ақынның «жынды» мінезі туралы сөздер жиі айтылатын. Әмірхан аға да сол буын туралы қызықты аңыздарды жиі айтатын. Елітіп тыңдаған да бір ғанибет...

Ілгеріде Әулиеатаға Маралтай Райымбекұлы және Әмірхан Балқыбек деген мықты ақындар келді. Жиырмаға жаңа толған кезім. Содан сондағы ақын жігіттермен ілесіп ақын ағаларымыздың соңынан Сарысу ауданының орталығы Жаңатас қаласына бардық. Сондағы бір көшеге өмірден ерте озған дарынды ақын Артығали Ыбыраевтың есімі берілді. Ақын болсам деген асқақ арманның жетегінде жүрген шағым еді. Маралтай ағамыз «Тоғыз жарым» деп ат қойған болатын маған. Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» шығармасындағы Құдіре Хамиттан сағат сұрайтын жерінде Хамит «Тоғыз жарым» деп жауап береді ғой. Содан Әмірхан аға «Большевик» деп атады мені. Бұл да түсінікті. Сонда арқалы ақынның қолына сырты жасыл түсті дәптерге жазылған өлеңдерімді берген едім. Оқып шыққан Әмірхан ағаның «Жақсы екен» деген сөзі ең үлкен баға болып еді сонда...

 

Рекомендовать
Последние новости