Ғалымжан Жақиянов: "Машкевич есікті теуіп кіретін"

Dalanews 15 февр. 2017 16:00 1626

Қазақстанда бәрі де шетелдік инвесторлардың қолында. Мұнай зауыттары, алюминий, ферро қорытпа, көмір өндірісі түгелімен солардың иелігінде. Біз инвестордың алдында иілеміз. Олардың мұң-мұқтажын тыңдаймыз. Солардан пайда болса, Қазақстан осы 25 жылда гүлденіп, түрленіп кетер еді ғой? Өйтпеді. Өзгерген жоқ. Өзгермейтін де шығар.

Павлодар облысының экс-әкімі Ғалымжан Жақиянов өзінің «Өмір белестері» атты кітабында инвесторлардың біздің билік өкілдерін қалай алдайтынын, анық айтқанда қалай арбайтынын айтып берген.



Біздің бұл жолғы кейіпкеріміз – Александр Машкевич. Олигарх, миллиардер. Немесе Ғалымжанның өз сөзімен айтқанда «Майшеке». Сонымен...

"Жалпы осы «инвестиция» тақырыбына тоқталып өткенді жөн көремін. Қаржыны сырттан әкеліп, экономикамызға құйған инвесторды көрген емеспін. Барлығы да өз есебімізден. Айталық, «көмір кенішіне 20 млн доллар бөлінді» деп статистика мәліметтерін береді.

Бірақ, ол ақша не көмірдің өзін сатып тапқан, не банктерден несиеге алынған. Ол несиені де қайтару үшін кейін көмір сатып, орнын толтырады. Сонда қарасаңыз, қайта айналып, бәрі де өз есебімізден, өз қазба-байлығымыздан түскен ақшадан шығады екен. Бұл – «инвестициялары». Былайша айтқанда, «өз тонымызды» өзімізге, тек теріс айналдырып, қымбатқа сатқанмен бірдей.

Сонда осындай инвестордан не пайда? Мемлекетіміз үшін мұндай саясат не береді? Мұндай инвесторлар кетіп қалады деп неге қорқамыз? Кетсе, өзіміздің азаматтардың қолынан сол іс неге келмеске? Кетіп қалады ғой деп үрейленіп, оларға жеңілдіктерді неге береміз?

Қолыма түскен құжат-қағаздарды қарап отырғанымда осы сұрақтар мені қатты мазалаған еді.

Кезекті кездескен «инвесторым» алюминий, ферроқорытпа зауыттарын және 2 ірі электр стансаларды иеленген топтың серкесі – А. Машкевич еді.
Алдында бұл мырза әкімшіліктің есігін теуіп кіріп және қасына қарулы сақшыларын ертіп жүреді деп естігенмін. «Не істейміз?» деп аппарат жетекшім В.Брынкин сұрады.

Ол маған: «Мына әкімшілік мемлекет үйі. Ал сіз әкім ретінде халықтың атынан сөйлейсіз. Президенттің, мемлекеттің сенімді өкілісіз. Ал, бұлардың қару асынып мемлекет ғимаратында жүргені ешқандай заңдылыққа да, этикетке де жатпайды» деп, мен ойлаған сөздерді айтты.

Иә, намыс деген бар ғой. «Қарулы күзетінің кіруіне тыйым салынсын. Келгендер белгілі ереже бойынша кірсін. Біз үшін барлық адам тең» дедім.

Осы жөнінде ел арасында қолдау пікір тарады. «Расында, Жақияновтікі дұрыс. Мемлекет рәсімі мен рәміздерін барлық адам тең сыйлауы керек. Қалтамыз толған ақша деп ел намысына тиіспейтіндей болсын».

Міне, Машкевич келіп, әдеттегідей кезексіз кірейін дегенде, қатал тосқауылға тап болып, ел қатарлы кезекке тұруға мәжбүр болды. Кездесуімізге керекті мамандарды шақырып, ашық, жариялы түрде отырыс өтті. Ол түн ортасына дейін созылды...

Ең басты мәселелер – салықтың толық төлемі, зауыттағы жұмысшылардың еңбекақысын көтеру, экология мәселесі және облыстың әлеуметтік бағдарламаларына қатысу.

Әңгіменің бұлай өрбитінін ойламаған Машкевич көмекке өзінің экономистері мен юристерін шақырды. Үзіліс кездерінде менімен оңаша сөйлескісі келді. Үйреншікті әдісімен менің жеке басымның не тілейтінін сұрамақшы болды.

«Қандай бұйымтайларың бар, әйтпесе бөлек шығып дастарқан құрайық немесе Алматыға келіңіз – әуежайдан өзім қарсы аламын, қалағаныңыздың бәрін ұйымдастырамыз» деп, тағы басқа да «майлы жіліктерін» жылпылдап ұсына бастады.

Өзім үшін ешнәрсеге әуре болмай-ақ қойсын, тек өзінің заңды міндеттерін орындасын және бар жомарттығын мына халыққа көрсетсін дедім. Сенбеді ғой деймін. Өйткені бірінші кездесуіміз нәтижесіз қалды. Біраз күн өте мені телефонмен тағы үгіттеді. Айтқанымнан қайтпадым. Бірнеше кісіні жұмсады. Арасында министрлер де телефон соқты. Оларға да жағдайды түсіндірдім. Машкевичтің шыдамы таусылым, мені жамандап «жоғарыға» айтқан сияқты. «Не болса, ол болсын, көп болса қызметтен босатар» деп қырсығып жатып алдым және Машкевичтің айтқанына көнбейтініме іштей бекініп алдым.

Аяғында Машкевич өз тобымен келіп, көтерілген мәселелер бойынша шартқа қол қойды. Бұдан былай қарым-қатынасымыз осы шартқа байланысты болатынына келістік. Осындай кездесуді жылында бір рет өткізіп, жыл қорытындыларын қарап, жаңа шарттарға қол қойып жүрдік. Жылдан жылға салық төлемдері де қомақты өсіп, жұмыскерлердің айлығы да 2-3 мың теңгеге көтеріліп отырды. Басқа да талаптарымыз орындалды.
Машкевичпен ресми жерлерде ғана кездесіп жүрдім. Бір рет қана Алматыға барып, қонақ үйде онымен отырып шай ішкенім бар. Онда да ақысын өз қалтамнан төледім...

Шетелдік инвесторлармен қарым-қатынасымда оларға титтей де тәуелді болмауға тырыстым. Тіпті жаңағыдай шайдың ақысына дейін тиянақтап жүрдім. Есесіне ешкім мені «елдің қамын ойламай, шетелдіктердің сойылын соғып жүрді, не болмаса бірдемесін жеп қойды деп кінәлай алмайды».

Қаржыны сырттан әкеліп, экономикамызға құйған инвесторды көрген емеспін. Барлығы да өз есебімізден. Айталық, көмір кенішіне 20 млн доллар бөлінді деп статистика мәліметтерін береді. Бірақ, ол ақша не көмірдің өзін сатып тапқан, не банктерден несиеге алынған. Ол несиені де қайтару үшін кейін көмір сатып, орнын толтырады. Сонда қарасаңыз, қайта айналып, бәрі де өз есебімізден, өз қазба-байлығымыздан түскен ақшадан шығады екен. Бұл – «инвестициялары». Былайша айтқанда, «өз тонымызды» өзімізге, тек теріс айналдырып, қымбатқа сатқанмен бірдей.

«Голландтық ауру». Ол не?

Демократиясы дамымаған елдерде, яғни халқы билікке ие болмаған елдерде қазба байлықтар билік басындағы топтың ғана еншісіне тиіп, қалың жұрт оның қызығын көре алмайды. Мұнай, газ сияқты шикізаттарды ғана өндіруге ұмтылған билік басындағылардың өндірістің басқа салаларын дамытуға дәрмені жетпейді. Бұл халықты әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа ұшыратады.

Бұл экономикалық құбылыстың «голландтық ауру» деген ресми аты бар. Аурудың емдеу жолын дамыған, демократиялық мемлекеттер әлдеқашан тапқан. Голландия, Норвегия, АҚШ мемлекеттерінде табиғи ресурстар және одан түскен ақша тікелей Парламенттің бақылауында болғандықтан, бұл байлық халықтың игілігіне пайдаланылуда.

Билік басындағы біраз адам жоғарыдағы «голландтық аурудың» бізге келмейтінін айтқан болатын. Алайда уақыт олардың қателескенін көрсетті.

Бүгін бұл дерт бүкіл экономикамызды шырмап, еліміздің, халқымыздың дамуына бөгет болып отыр.

Осы жерде ескере кететін жайт, халық деп мен қалың жұртшылықты айтамын. Сол қалың жұртымыз байлықтың қызығын көре алмай келеді. Экономикамыз өсті дегенді үкімет шаршамай-ақ айтады, цифрлар мен пайыздарды келтірген болады, ал бірақ халқымыздың, әсіресе ауылдықтардың әлеуметтік жағдайы мәз еместігі, жұмыссыздық жайлап алғаны ақиқат.

Елімізге келген бір американдық: «Соншама байлықтарың барда қалай кедей тұрасыңдар!» деген екен. Бар мәселе сол қазба байлықтарымызды қалай, кім өндіретіні, қаржының қаншалықты түсетіні, оны қалай пайдаланып жатқаны халық үшін үлкен құпия. Халықтың бақылауынан тыс қалған миллиардтаған сомалар еліміздің экономикалық айналымынан тыс қалып тұр".


Дайындаған, Думан БЫҚАЙ


Рекомендовать
Последние новости