Forbes тізіміндегі миллиардерлерге тиесілі құс фабрикасында төтенше жағдай болды. Алматы облысындағы "Алель Агро" құс фабрикасындағы өрт салдарынан адам қаза тапты,- деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға Іле ауданына қарасты Түймебай ауылындағы "Алель Агро" кәсіпорнында болған.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт 28 шілдеде Ащыбұлақ округіндегі зауыт аумағындағы асхана ғимаратында басталған. Өрт 450 шаршы метрді шарпыған, өртті сөндіру кезінде құтқарушылар ер адамның денесін тапқан.
"Ашық жалынды сөндіруге 42 маман мен 14 техника жұмылдырылды. Өрт 450 шаршы метр аумақта толығымен ауыздықталды. Өрттің жақын маңдағы нысандарға таралуына жол берілмеді", - деп жазылған хабарламада.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 2-бөлігі - "Абайсызда адам өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деп жазылған хабарламада.
Құс фабрикасы Қазақстанның ірі агроөнеркәсіптік холдингтерінің бірі - "Алель Агро" АҚ құрылымына кіреді. Forbes мәліметтері бойынша акционерлер арасында Ғалымжан Есенов (44%), Марғұлан Сейсембаев (21%) және Сәуле Сейсембаева (13%) бар.