Еуразиялық одақ? Ойымызды ашық айтатын кез келді

Dalanews 07 сент. 2018 11:01 969

Доллар күн санап өсіп, елден дегбір кетті. Оған басты себеп — АҚШ-тың Ресейге қарсы кезекті санкциясы.

Бұл жағдайды саясаттанушы Досым Сатпаев Қазақстан мүше боп табылатын Еуразиялық экономикалық одақтың нағыз сыналып жатқан кезі деп бағалайды. Ол не болатын болады, не болмайтын болады.

Саясаттанушының айтуынша, Қазақстан үшін қазір ең тиімсізі — Ресеймен арадағы одақ.

«Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанды экономикалық, сонымен қатар саяси жағынан да етегінен тартып, төменге сүйреуде.

  •   Осылай жүре берсек, бұл одақтың басымызға әкеп берер нәубеті әлі көп болады. Өйткені Ресей Қазақстанға қарағанда экономикалықтан гөрі, саяси мүддені көбірек алға қояды.


Сондықтан қазір дипломаттар үшін сындарлы сәт. Жан-жаққа шапқылатып, әр нәрсені қайта-қайта нақтылап отыру керек болып жатыр. Ресеймен арадағы одақтан бөлек, Қазақстан Еуропалық одақпен, Қытаймен және АҚШ-пен барлық маңызды салада әріптеседі.
Санкция күшейген соң, бұлардың әрқайсысы өз тәртібін орнатып, өктемдік жүргізгісі келе бастауда. Әрине, оларды басқа шығармас үшін Қазақстанға қарекет жасау керек.

Мүмкін, Орта Азиялық блок құру туралы бастаманы көтеріп жіберсек, жақсы болар ма еді?..

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев онсыз да екі алақанын ысқылап мұны қалап отыр. Темірді қызған кезде соқ демекші, аймақтық экономикалық сол блокты құрып жіберу керек секілді.

Не үшін дейсіздер ме? Қытайға, Ресейге, Еуропалық одақ пен АҚШ-қа қатысты өз мүддемізді қорғап қалу үшін. Яғни, ойымызды ашық айтатын кез келді. Ол үшін осындай алаңқай керек бізге.

Мысалы, Александр Лукашенко ойын ашық айтады. Онысы дұрыс. Ол Еуразиялық экономикалық одақтың өз еліне тиімсіз екенін аракідік айтып отырады. Ал Қазақстан дипломатиялық деңгейде бұл ретте ләм-мим деп тіс жарған емес. Ел ішінде, өз арамызда ғалымдар, сарапшылар бұл мәселені көтереді ғой. Бірақ ол жеткіліксіз. Мұны елдер арасында айтатын уақыт кеп қалды.

Рас, жыл өткен сайын шығынға ұшырап, наразылық күшейіп келеді. Беларусь Ресейдің өз былығына одақтастарын әбден батырып жатқанын жақсы түсінуде.


  •  Тіпті, РФ президенті Путиннің көмекшісі Владислав Сурковтың геосаяси жалғыздықта қалып бара жатқандарын болжаған мақаласы да жарық көрді. Демек, Ресей де тығырыққа тірелгенін мойындауда.



Бірақ Қазақстан мен Беларусьтан айырылдым дегені емес, бұл Ресейдің. Ол жалпы, өз одағының жалғыздығын айтуда. Бұл Қазақстан мен Беларусь үшін өте қолайсыз, өйткені қос мемлекеттің де байланысты үзгісі келмейтін өзге әріптестері бар. Қазақстанның көпвекторлы саясаты қазір жақсы нәтиже беруде. Ал Ресей, керісінше қалай әрекет қылса да тығырыққа тірелуде.
Ерте болсын, кеш болсын, бұл түрімен Еуразиялық экономикалық одақ күйреп тынады. Тарихта ол тиімсіздік танытқан, өзіне мүше елдерге өте көп мәселе тудырған құрылым ретінде қалады.

Қалай дегенмен де Ресей ышқыныс жасайды. Ал АҚШ санкция шылбырын тарта береді. Мұндайда олардың біреудің көңіліне қарауға уақыты бар деп ойлайсыздар ма? Жоқ, әрине. «Күл болмасаң бүл бол» дейді. Олар Қазақстанның мүддесімен санасады деп ойлаудың өзі артық».

  • Экономикалық тұрғыда АҚШ Қазақстан үшін маңызды әріптес ел емес. Біз Еуропалық одақпен, Қытаймен, Ресеймен санасуымыз керек қазір.


«Егер АҚШ-тың қылып жатқанын есепке алсақ, оның зиянын бұл үш әріптес елге қарағанда Қазақстан әлдеқайда азырақ шегуде. АҚШ-пен мұнайгаз саласында белсенді түрде әріптесеміз. АҚШ президенті Дональд Трамп кәсіпкер ғой. Сондықтан ол өзінің энергетикалық трансұлттық компанияларын лоббилеп, олардың мүддесін үнемі қорғап отырады. Сондықтан санкция бұл саланы шарпи қоймайды.

Ал Қытаймен арада мәселе өте көп. АҚШ Қытаймен де экономикалық соғысты күшейтіп жатыр. Мұндайда олар дағдарыстық фазаға еніп кетуі бек мүмкін. Ал бұл Қазақстан үшін аса тиімсіз.

Қазақстан, негізі дағдарысқа дайындала беруі керек қой. Біз әрдайым форс-мажор жағдайға дайын болуымыз керек. Бәрінен өкініштісі, біздің экономикалық жағдайды үкімет емес, Қытай, Ресей және Еуропалық одақтың жайы реттеп, бақылайды. Оған қоса бұл арада Федералдық резерв жүйесінің шешімі мен мұнай бағасы да үлкен рөл атқарады.
Сондықтан осы әріптес елдің қайсысы түшкіріп, тамағын қырнаса, соған дайын болуымыз тиіс қой.

Себебі бір елде ескен самал бізде боранға айналып кетуі мүмкін. Соны жақсы түсінуіміз керек» — дейді Сатпаев, деп жазады LSM басылымы.

Еске сала кетелік, соңғы бір аптада Ресейге қарсы АҚШ санкциясының күшіне енуіне байланысты рубль қатты құнсызданып кетті. Осыған байланысты теңге де әлсіреп, бір апта ішінде бір АҚШ доллары 330 теңгеден 380 теңгеге қымбаттады.

АҚШ долларының жыл соңына дейін 410 теңгеге дейін қымбаттауы болжануда. Ал халықаралық нарықта мұнай бағасы қазір өсіп тұр. Мұндайда ұлттық валюта бағамы тұрақты болуы тиіс болған. Бірақ көршінің көңіліне қарап теңге де құбылып тұр. Ұлттық банк санкцияға байланысты елімізде инфляцияның күшею ықтималдылығын мойындап та қойды, яғни қымбатшылық қысып барады бәрін қазір.

Кәмшат СӘТИЕВА 


Рекомендовать
Последние новости