Этикеттің бұлжымас ережелері

Dalanews 09 нояб. 2015 02:22 1151

Этикеттің бұлжымас ережелері. 

Ешқашан қонаққа қоңырау шалмай тұрып бармаңыз. Егер сіздің үйге ескертпей қонақ келсе, онда халатпен жүре беруіңізге болады. Қонақтар туралы: аяқ киімді шеш деуге болмайды. Бұл – жөнсіздік. Қонақ өзі таза кілемді көрсе, жауын кешіп келіп тұрса, аяғын шешіп кіреді.

Қолшатырды ешқашан ашып кептірмейді. Кеңседе де, қонақта да. Оны жинап, арнаулы салғышына салып қояды. Немесе жай ғана ілгішке іліп қоясыз.

Портфельді жерге қояды. Еркек адам ешқашан жанындағы әйел затының сөмкесін ұстамауы керек. Әйелдің пальтосын тек ілгішке ілу үшін ғана қолына алады.
Үйкиім – шалбар мен жемпір, ыңғайлы, жайлы, адам көруге лайықты киімді айтады. Ал, халат, жатарда киетін ішкөйлек деген таңертең жуынатын бөлмеге дейін, кешке жуынатын бөлмеден жатын бөлмеге дейін ғана киілетін киім.
Балаңыз бөлек бөлмеге ауысқан соң есікті тықылдатып кіруді үйретіңіз. Өзіңіз де оның бөлмесіне рұқсат сұрап кіріңіз. Сонда ол сіздің жатын бөлмеңізге бейберекет кірмейтін болады.
Мейрамханаға барғанда тапсырыс беру ережесі: егер сіз «мен шақырамын» десеңіз, әрине онда сіз төлейсіз. Егер әйел адам іскер серіктесін шақырса, онда ол өзі төлейді. «Онда мейрамханаға баралық» деген сөз шықса, әркім өзіне төлейді. Тек ер азамат өзі «мен төлейін» десе, онда келісім беруіне болады.
Ер адам лифтіге бірінші болып кіреді. Кім есіктің көзіне жақын болса, сол бірінші шығады.
Көлікте ең лайықты орын – жүргізушінің арты есептеледі. Оны әйел адамға береді. Ер адам жанына отырады. Көліктен шыққанда қолын созады. Егер ер адам рөлде отырса, онда әйел соның артына отырғаны абзал. Әйел қайда отырса да ер адам есігін ашып беріп, қолынан демеп отыруы керек. Іскер адамдар қағидаларында ер адамдар осы ережені көп бұзады. Олар феминистердің ұранын көп қолданатын болған: «Кәсіпте ер мен әйел деген жоқ» деген.
Емдәм қолданып жүрмін деп елдің көзінше айту – әдепсіздік. Мұндай сөзді желеу етіп қонаққа барғанда тамақтан бас тарту тіптен сорақылық. Қонаққа барған кезде отанасын дәмді тағамдары үшін мақтауды ұмытпаңыз. Ішімдікке қатысты да солай. Неге ішкіңіз келмейді – ол сіздің мәселе. Құрғақ шарап алдыртып, алдыңызға қойып қойыңыз. Ерніңізді тигізсеңіз де жеткілікті.
12 жасқа толған әр балаға «сіз» деп айту шарт. Мәдениетті, зиялы қауым өкілдері даяшы, жүргізушілерге сен деуі барып тұрған көргенсіздік. Етене жақындарыңызға да кеңседе «сіз» деңіз. Тек екеуара қалғанда ғана «сенге» көшуге болады. Егер сұхбаттасыңыз «сен» деп қоймаса, «кешіріңіз, сіз бұны маған айтып жатсыз ба?» деп сұраңыз. Бұны да елемесе, «мені меңзеп тұрсыз ба?» деңіз. Сосын иығыңызды қиқайтып: «Кешіріңіз, біз «сенге» көшпеген едік қой» деп айтуға болады.

Қасыңызда жоқ адамды сөз ету – оны өсектеу деген сөз. Олай етуге болмайды. Жақындарыңызды сөз етуге де болмайды. Әсіресе, елдің көзінше күйеуін жамандау дұрыс емес. Егер күйеуі нашар болса – неге онымен ажырасып кетпейсіз? Сол секілді туған жер туралы да жақтырмайтын сөз айтуға болмайды. «Бұл ел қайда барады?» деу ағаттық. Сіз де сол елде тұрып жатқан жоқсыз ба?

Аударған Шынар Әбілдә

 

Рекомендовать
Последние новости