Ескертуді елемеген тағы бір шенеунік айыппұл арқалады

Қаракөз Амантай 16 февр. 2024 16:01 2799

Қосшы қаласы әкімінің орынбасары прокурордың ескертуін орындамағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды  Dalanews.kz.

Бұған дейін қалалық Ақмола облысының прокуратурасы бюджеттік заңнаманың бұзылғаны туралы ескерту жасап, барлық кемшілікті жоюды талап еткен. Алайда әкімдік ресми хатқа жауап бермеген. Прокурорлар айтқан мәселе қай жерде және қашан қаралатынын да хабарламаған. Осыдан кейін Әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалды. Ал бюджетке жауапты қала әкімінің орынбасарына 370 000 теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.

"Прокуратура туралы" конституциялық заңның талаптарына сәйкес, мемлекеттік органдар, ұйымдар мен лауазымды адамдар прокурорлық қадағалау актілерін қарауға және орындауға міндетті.

Әкімшілік кодексте осы заң бұзушылыққа қатысты екі бап бар.

Олар:

лауазымды тұлғаның прокурордың ұсынуын қараусыз қалдыруы не онда көрсетілген заң бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдамауы, сонымен қатар уақтылы жауап бермеуі - 8 АЕК (29 536 теңге) мөлшерінде айыппұл;

прокурордың қарау нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы хабарламауы немесе уақтылы хабарламауы - 200 АЕК-ке (738 400 теңгеге) дейінгі айыппұл.

"Егер прокурорлық қадағалау актілерін орындамау азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеліп соқса, онда бұл Қылмыстық кодекстің 381-бабы бойынша қудаланады", - дейді прокурорлар.

Облыста осыған ұқсас бұзушылық бойынша жергілікті атқарушы органдардың тағы 2 лауазымды тұлғасы жауапқа тартылды.


Рекомендовать
Последние новости