Ермұрат Бапи: «Қос билік бар» деген әңгіменің еш негізі жоқ

Dalanews 08 июл. 2025 18:43

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи Қазақстанда «қос билік» бар деген қауесеттерді жоққа шығарды. Депутаттың айтуынша, «елде Назарбаев сахна сыртынан бәрін басқарып отыр» деген алып-қашпа сөздер тек қоғамға іріткі салуға арналған.

«Оның астарында факті де, заңдық негіз де жоқ. Тек елге іріткі салуды көздейтін теріс пиғыл ғана бар. Тіпті осы теріс пікірді ескі, сүрі жүйенің жақтастары таратып жүруі де ғажап емес», – дейді Ермұрат Бапи.

Депутат 2022 жылдың маусым айынан бері Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қызметі де, лауазымы да, ресми мәртебесі де тоқтап, ол мемлекеттік шешімдерге қатыса алмайтынын атап өтті. Оның туыстары да биліктен толық шеттетіліп, кейбірі дүние-мүлкінен айырылып, шетел асуға мәжбүр болған.

«Тоқетерін айтқанда, мемлекеттік аппарат тұтастай, оның ішінде елдің қарулы күштері түгел – қазіргі мемлекет басшысының, Үкіметтің және басқа да тиісті ресми мемлекеттік органдардың қолында», – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Ермұрат Бапи сондай-ақ, экс-президенттің Ресейге жасаған сапарына қатысты да пікір білдіріп, оны әдеттегі халықаралық тәжірибеге жатқызды. Германия, АҚШ, Франция, Ұлыбритания сияқты елдердің бұрынғы көшбасшылары да өзге мемлекеттердің басшыларымен кездесіп, форумдарға қатысып жүр.

«Өз билігі өзінде, кемеліне келген озық елдер сияқты жекелеген азаматтардың тарихи ролі мен оның мемлекеттік істерге шын мәнісіндегі ықпал-беделін ажыратып үйренуіміз керек-ақ. Мұнсыз өз ойымыздағы қорқыныштармен алысып қана қоймай, оларды мемлекеттік жүйеге таңып, жаңыла береміз», - дейді ол.

 


Рекомендовать
Последние новости