Ермекбаев елден кешірім сұрады

Dalanews 31 авг. 2021 15:55 891

Жоғарғы бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кездесу өткізіп, жаңадан тағайындалған министр Мұрат Бектановты таныстырды, - деп хабарлайды Dalanews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы жаңа министрдің білімі мен тәжірибесі Қарулы Күштерге жүктелетін міндеттерді орындауға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Президент Арыс пен Жамбыл облысының Байзақ ауданындағыдай төтенше оқиғаларға жол бермеудің аса маңызды екеніне тоқталды. Бұл ретте Жоғарғы бас қолбасшы оқ-дәрілер қоймаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде берген тапсырмасын әскерилердің есіне салып, бұл бағытта бірқатар жұмыстар жасалғанын, дегенмен әлі де шешімін күткен түйінді мәселелердің бар екенін айтты.

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігіне бірқатар міндет жүктеді.

Мемлекет басшысы жиын соңында жаңа министрге және барлық әскерилерге аса жауапты қызметте табыс тіледі. Тағайындалған министр Мұрат Бектанов Үкімет мүшесі ретінде ант қабылдады.

Жиын барысында отставкаға кеткен бұрынғы министр Нұрлан Ермекбаев сөз сөйлеп, Президенттен, Жамбыл облысының Байзақ ауданында болған қайғылы оқиғадан қаза тапқандардың ағайын-туысынан және зардап шеккендерден кешірім сұрады.

Бұған дейін Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Жамбыл облысында болған жарылыстардан кейін отставкаға кеткен болатын.

Кейін Қазақстан қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - ҚР Қарулы Күштері бас штабының бастығы Мұрат Бектанов Қазақстанның қорғаныс министрі болып тағайындалды.

Еске салайық, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19.00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шыққан. Өрт салдарынан анықталмаған заттар жарылған. Ермекбаевтың жұмысы кезінде мұндай жағдай екінші рет қайталанып отыр. 2019 жылы Арыста жойқын жарылыстар болған еді.

Рекомендовать
Последние новости