Ермек Келiмсейiт: «Жерге жеке меншiк құқығын беруге болмайды дегендi түсiнбеймiн»

Dalanews 18 июн. 2016 04:05 1055

Алматы облыстық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Ермек Келiмсейiттiң пiкiрiнше, Қазақстан азаматтарына жердi жеке меншiкке сату керек. Бiрақ, бұл жердiң тиiмдi пайдаланылуына қатаң сұрау болуы тиiс. Бұл туралы Е.Келімсейіт Алматы облысында өтiп жатқан Жер реформасы жөнiндегi комиссияның көшпелi отырысында айтты, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

Сөз басында Ермек Келiмсейiт өзiнiң тәжiрибесiмен бөлiсті.

«Жер пайын есептеген уақытта шаруашылықта еңбек еткен адамдардың барлығын — бала-шағасына дейiн қосып есептедiк. Ауылда еңбек еткен мұғалiмдер, медицина қызметкерлер, мәдениет саласындағы мамандар — осылардың бәрiн қосып есептеп, оларға пай үлесi тиесiлi болып есептелдi. Яғни, совхоздағы, колхоздағы бар жерлердi адамдардың санына бөлiп, бiр адамға шаққанда қаншадан келсе, соны әр отбасыға өзiне тиесiлi қағазын қолына ұстаттық. Сол арқылы заңды органдарға барып, бекiттiрiп, жер актiлерiн алды. Бiреулер жердi жақсы, бiреулер нашар пайдаланды», – дейдi Е.Келiмсейiт.

Ардагерлер кеңесiнiң төрағасы 2003 жылы қабылданған Жер кодексiнде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жеке меншiкке құқық беру мәселе көтерiлген. Содан берi 13 жыл өттi. Осы уақытта жеке меншiкке өткен жер аумағы үлкен емес.

«Жалпы республикада 272 млн гектар жер болса, ауыл шарушылығы бағытындағы жерлердiң аумағы 200 млн гектардан асады. Соның 100,8 млн гектары айналымда жүр. Сол жердiң қазiр 1, 3 млн гектары ғана, яғни 1 пайыздан астамы ғана 13 жылда жеке меншiкке өткен. Қалған жерлер сол қалпы жатыр. Бұл ненi көрсетедi? Ауылдың дамымай, мешеулеп отырғанын көрсетедi. Инвестиция келмей жатыр, үкiметтiң берген демеу қаржысы шығынды жабуға ғана жетедi. Ауылды дамытамыз, көтеремiз деген бағытта Жер кодексiне енгiзiлген өзгертулердiң кейбiр жерiнде артық кеткен жерлерi бар, әрине. Одан кейiн халыққа дер кезiнде түсiндiрмегендiктен де толқу туғызғанын мойындау керек», – дедi ол.

Ардагер Қазақстан азаматтарына жерге жеке меншiк құқығын беруге болмайды деген пiкiрдi түсiнбейтiнiн айтты.

 

«Жеке меншiк құқығында жер болуы мүмкiн емес деп жатыр. Осыны мен түсiнбеймiн. Жеке меншiк мұнай ағызатын ұңғымасы бар елдер, жеке меншiгiнде дүкенi, ауруханасы бар адамдар жетерлiк. Бiрнеше буын ұрпақ еңбек еткен азаматтардың пай үлесiне тиген жерiн жеке меншiкке алуына бiз неге қарсы боламыз. Осы дұрыс емес, бұған көңiл бөлу керек. Сол жерiн жеке меншiкке ала алмаса, бұл азаматтың конституциялық құқығына да нұқсан келтiруi мүмкiн. Бiрақ жердi бергеннен кейiн, оны тиiмдi пайдалануын сұрау керек. Осы бағытта бiраз жұмыс iстеуiмiз керек. Елiмiздiң қауiпсiздiгiн де ескерген жөн. Шекараға жақын жерлер өзiмiздiң азаматтарға да берiлмеуi қажет», — дедi ол.

Ал шетелдiктерге жердi мүлдем сатуға болмайды деген пiкiрiн бiлдiрдi Алматы облыстық ардагердер кеңесiнiң төрағасы.

.

Рекомендовать
Последние новости