Ерлан Ошақбаев: «Жалаң ақыл айтудан аулақпыз»

Dalanews 24 мая 2019 04:43 1035

Жетісудің көрікті жерлерін таныстыру мақсатында түсірілген «Welcome to Zhetysu», «I love Taldykorgan», «О, Ләйлә» туындыларының режиссері, «Zhetysu film» департаментінің (киностудиясының) басшысы  Ерлан Ошақпаевпен сұхбат жүргізіп, Жетісу жерінде түсірілген туындылар жайлы әңгіме өрбіттік.

 

– Ерлан аға, білуімше, сіз  физика-математика мамандығында білім алдыңыз. Кино әлеміне қалай тап болдыңыз?

– Мен киноға кездейсоқ келген адаммын. Қызметім 2005 жылы «Арай+»  атты телеканалынан бастау алды. Одан кейін «Жетісу» телеарнасында жүргізуші-редактор болдым, сол қызметпен қатар менеджер, монтажер жұмысын атқарып жүрдім. Алматы қаласындағы «Қазақстан» ұлттық телеарнасында, келісімшартпен «КТК» телеарнасы сонымен қатар, «Қазақстан Барысы» жарысында қызмет істедім. Алайда, түпкі мақсатым кино саласына келу болатын. Міне, одан бері екі-үш жыл уақыт өтіпті. Кино әлемінің қыр-сырымен таныстығым осылай басталды.

– Екі жыл уақыт ішінде «О, Ләйлә», «Welcome to Zhetysu», «I love  Taldykorgan» фильмдері жарыққа шықты. Режиссері өзіңіз. Сол жайлы толығырақ баяндап берсеңіз.

– 2016 жылы түсірілген фильм Шора мен Ләйлә арасындағы ғашықтық сезімін басты нысанға алдық. Аталмыш туындыға мемлекет тарапынан ешқандай қаражат кетпеді. Оған «Жетісу» телеарнасы мен Алматы облысының ішкі саясат басқармасы қолдау көрсетті. Талдықорған қаласында түсірілген туындының мақсаты ұлы махаббат сезімі арқылы Талдықорған қаласының әдемі сәулет құрылысын көрсете отырып, қазіргі таңда қоғамдағы маңызды мәселелердің бірін қозғау болды.

Ал «Welcome to Zhetysu» фильмінің идеясы он жыл бұрын пайда болды. Яғни І.Жансүгіров атындағы ЖМУ оқып жүргенімде, Айдын есімді досым өзінің комедиялық фильм түсіргісі келетінін айтты. Онда біздің туған жердің бар байлығымен сұлулығын паш етуді көкседік.

Міне, осы күнен бастап сол картина есімізден шықпады. Арманым орындалды. «Welcome to Zhetysu» 2017 жылдың күзінде Алматы облысында түсірілді. Бұл туынды Жетісу өңірінің көрнекті жерлерін кино тілімен насихаттайтын ерекше жоба болды десем артық емес шығар.

«I love  Taldykorgan» Жетісудың кіндік қаласының сәулеті мен салтанатын, адамдар арасындағы сыйластық пен құрмет, махаббат сезімін дәріптейтін туынды. Әуелгіде бұл мюзиклді қысқа метражды фильм ретінде түсіруді ойлаған едік. Оқиға желісінің өрбуі түсіру тобын да, актерлерді де қызықтырып, лента 50 минутқа созылды. Біз бұл жұмысымызда жалаң ақыл айтудан аулақ болдық. Ауыл мен қала өмірі арасындағы алшақтық, адамдардың дәулетті тұрмысы мен әлеуметтік жағдайы төмен ортаның кереғар сипатын, туған жерге деген құрмет пен әлем тануға деген құштарлықтың да қырларын жастарға, жалпы көрерменге ұғынықты жеткізуге тырыстық.

– Фильмдерге ағылшын атауын беріпсіздер, оның себебі неде?

– Жазу – белгілі бір әріптердің жиынтығы ғана емес, ұлттың өзіндік болмысын танытатын таңбалар жүйесі, сол ұлттың тарихы, мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Әр халықтың рухани, мәдени өсуін, ғылымы мен білімінің, барлық саладағы даму деңгейін көрсететін маңызы зор әлеуметтік-мәдени құбылыс.

Жазу арқылы өткен мен бүгінгі және болашақ өміріміз жалғастық табады деген ниетпен фильмдерге ағылшын атауын бердік. Атау латын әліпбиіне қарай әлі дұрысталып, өзгеруі мүмкін.

– Ең қызығы, екі фильмнің де түсіру жұмыстары екі айға жетер-жетпес уақытта аяқталған екен...

– Әркім әртүрлі жұмыс істейді. Алдымен барлығын басымызда «пісіріп» аламыз. Көбіне жұмыс сценарий қиындығына байланысты. Әдетте бір толықметражды фильмнің түсірілу барысы 10-15 күнге кетеді. Бірақ түсірілу барысынан гөрі дайындық жұмыстары көп уақытты алады.

– Фильм түсіруге арнайы тапсырыс аласыздар ма?

– Екі фильм де Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен түсірілді. Сырттан тапсырыс биыл түсті. Өткен жылы «Атлах» атты тарихи фильм түсірілген болатын. Түсірілімге Ресейден келген мамандар, Қазақстандағы кинокомпаниямен келісімшарт жасап, деректі фильмге түсіруді жоспарлаған екен. Соған режиссер ретінде шақырды.

– Түсірілім барысының қызығы мен қиындығы туралы айтып берсеңіз...

– Кино – үлкен өнер, қиындықсыз болмайды.  Ең басты қиындықты ауа райы туғызды.«Welcome to Zhetysu» фильмі Райымбек ауданындағы, Қайыңды көлінде күз мезгілінде түсірілген болатын. Күннің ыстығына байланысты  сценарий бойынша суға түсу жоспарланған. Бір күн бұрын барып, демалып сол күні түнде күн ыстық болғаннан кейін көлігіме ұйықтадым. Таң ата көзімді ашып қарасам, айналаның бәрі аппақ. Басында түк түсінбедім. Далаға шықсам тізеден келетін қар жауыпты. Сол мезетте сценарий күрт өзгерді, 30-40 шақты адамды қайтаруға тура келді. Қардың қалың жауғанынан көлік тауға қарай көтеріле алмай, бүкіл техниканы биікке, өз күшімізбен тасыдық. Көп қолайсыздықтар болды. Дегенмен бәрі де сәтті шыққан сияқты.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Қазір қандай жобалармен айналысып жатырсыз?

– Осы жылдың соңына қарай 11 сыныптың түлектеріне қатысты, яғни ҰБТ, білім саласына арналған фильм түсіру жоспарда. Фильм түсірілімі қыркүйек айында басталады.

Жетісу кинокомпаниясы, қазірше (кинодепартамент) осы Жетісу телеарнасы базасында ашқан болатынбыз. Алдағы уақытта Барлыбек Сырттанов, Мұқали Жалайыр батыр, Ілияс Жансүгіров, Рақымжан Қошқарбаев сынды танымал тұлғаларға арнап 4 деректі фильм түсіреміз деп жоспар құрдық. Дәл қазіргі уақытта «Ілияс» атты деректі фильмнің түсірілімін бастап кеттік.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Балжан ҚАЙРАТҚЫЗЫ, Алматы облысы

Рекомендовать
Последние новости