PhD докторы, "Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы Абдулахад Сманов әйелдерге қатысты ақыл айта бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, міндетті түрде әрбір әйел біліп жүруге тиіс кеңестер бар.
"Ешбір ер адам мінсіз емес. Ерлер балалар сияқты. Сондықтан олармен анасы секілді бол. Тез тыңда, бірақ баяу сөйле. Ер адаммен ешқашан бәсекелеспе. Онымен тең болуға тырыспа. Қателескеніңді түсінсең, бірден кешірім сұра. өп қызғанба. Бұл – жүйкеңнің тыныштығы үшін жақсы. Оның телефонын тексеруге құқығың бар, бірақ бұл міндетті емес. Жұбай ретінде әрдайым шынайы бол. Ұзақ жолға шығатын болсаң, күйеуіңнен рұқсат сұра. Оның жақсы көретін тамағын біліп ал және мүмкіндігің болса, аптасына кемі екі рет дайында. Бюджетті бірге жоспарлауға тырысыңдар. Сын айтушы емес, кеңес беруші бол.
Әйел – еріне көмекші екенін ешқашан ұмытпа. Анаңнан жақсы қасиеттерді үйрен. Балалы болғанда, күйеуіңді ұмытпа. Балалармен ғана айналыспа. Күйеуіңе жиі күлімсіреуді үйрен. Жұмыстан келетін уақыты жақындағанда оны қарсы ал. Қолыңнан келсе, құшақта. Күйеуің үйден аш кетпеуіне көңіл бөл. Күйеуің ашуланса, үндеме. Ұйықтайтын бөлмені әрдайым таза ұста. Киімді төсектің үстіне қойма. Кейбір еркектер оны жек көреді. Таза әйел бол. Романтик бол. Әйел ретіндегі міндеттеріңді ұмытпа. Сен оның әпкесі емессің. Күйеуіңнің туыстарына өз туыстарыңдай қара.Оның туыстарының жағдайын жиі сұрап тұр. Екеуің бірге ғибадат орындарына барып тұрыңдар. Күйеуіңді немесе үйіңді басқа біреудің үйімен ешқашан салыстырма", - деп жазған ол.
Бұл жазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр.
"Осындай ережені еркектер өзіне ыңғайлап шығарып жазып ала ма?", "Шіркін-ай,ә. Ерлердің міндеті жоқ па", "Әйтеуір ақылшы көбейіп кетті ғой", "Әйел адам ер адамның анасы бола алмайды. Әйел әйел болып қалады. Ана тек ана болады. Әр адамның орны бөлек", - деді желі қолданушылары.