Энергея – өмірдің қозғаушы күші

Dalanews 21 нояб. 2015 01:51 2191

Қазіргі өмірді электр қуатынсыз елестету мүмкін емес. Алып зауыттар мен фабрикаларда электр қуатының бірер сағатқа үзілуі үлкен дүрбелең туғызатыны белгілі. Өйткені, оларда кез келген өнімдер мен тауарлар электрдің қатысуымен әзірленеді. Сондықтанда еліміздің энергетика саласын ұдайы дамытудың маңызы зор.


Ел Үкіметі бекіткен 2015 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарына сәйкес, электр энергиясын өндіруді, дамытуды жүзеге асыру үшін, еліміздің Оңтүстігі мен Солтүстігінде қуат өндіретін электр стансаларын салу үшін бірнеше жылдан бері 12,9 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсады. Еліміздің оңтүстік облыстарының тау өзендерінде гидроэнергия ресурстарының 65 пайызы шоғырланған. Зерттеулерге қарағанда, республиканың жалпы су әлеуеті жылына 170 млрд кВт сағатты құрайтын көрінеді. СЭС-терде электр қуатын өндіру құны арзанға түседі және басқа энергия көздерімен салыстырғанда, қоршаған ортаға келтіретін зияны өте аз. Сондықтан да соңғы жылдары СЭС құрылысы саласына ерекше назар аударылып отыр. Соның айқын дәлелі – Мойнақ СЭС-і. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына тарту ретінде іске қосылған бұл СЭС оңтүстік өңірде, әсіресе, еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматы шаһарын электрмен толықтай қамтамасыз етуде қомақты үлес қосуда.


Кеңес одағы ыдырағаннан кейін мұндай күрделі құрылысты көтеру жас мемлекетке қиын соқты. Экономиканы жаңа нарықтық қатынастарға көшіру басталған жылдары құрылыс уақытша тоқтатылған еді. Қызыл империяның қол астындағы кезеңде одақтас республикалар мен энергетикалық жүйелердің шекаралары өзара сәйкеспейтіндей етіп жасалғаны белгілі. Сөйтіп күйреген Кеңестер одағынан тәуелсіз Қазақстанның еншісіне энергетикалық үш бөлек жүйе, оның ішінде Қырғызстанмен және Өзбекстанмен бірлескен оңтүстік энергетикалық желі қалды.


Елдің солтүстігінде электр қуаты аста-төк болғанымен, оңтүстіктегі тапшылық импорт есебінен жабылатын. Осынау қайшылықты реттеу мақсатында KEGOK елдің солтүстік аймағы мен оңтүстік өңірін жоғары кернеулі электр желісімен жалғады. Дегенмен өңірлік дамудың соңғы жылдардағы даму қарқынына сай қуат тұтыну көлемі де жылдан-жылға еселеп артып келеді.


Бүгінде тозығы жеткен қырғыз СЭС-теріне сенім аз. Кез келген уақытта апат орын алуы мүмкін. Көрші елдегі мұндай жағдайлар еліміздің инфрақұрылымдық нысандарына үлкен зиян әкелетіні сөзсіз. Бұған жол бермеу үшін еліміздің оңтүстігінде өндірілетін электр қуатын еселеп арттыру арқылы аймақта энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет болды. «Кісідегінің кілті – аспанда» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған ғой.  Бағада да тұрақтылық жоқ, жарық кейде жетіп, кейде жетпей жатады.


Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның энергетика саласының дамуы нарық қатынастарына бейімдеу ерекшеленді. Алғашқы реформалық шаралар 1995 жылдың соңында ҚР Президентінің заң күші бар «Электр энергетикасы туралы» Жарлығы жарияланғаннан кейін нақты қолға алынды. Осы саладағы жекешелендіру мен қайта құрылымдауды, электр энергетикасы нарығын одан әрі дамытуды жүзеге асыру үшін Үкімет арнайы бағдарламалар қабылдады. Қабылданған шешімдерге сәйкес қуат өндіретін ірі электр станциялары стратегиялық инвесторларға сатылса, өнеркәсіптік мақсаттағы жылу энергия орталықтары ірі кәсіпорындарға берілді. Ал жалпы мақсаттағы жылу энергия орталықтары жеке компанияларға сатылды немесе коммуналдық меншікке тапсырылды.


Осы тұста Үкіметтің өңірлерге электр қуатын тасымалдайтын ірі электр желілерін ұлттық жүйе ретінде өз қолында ұстап қалуы – өте дұрыс шешім болғанын бүгінгі күні түсініп отырмыз. Электр желілерін басқарудың қазақстандық «КЕГОК» АҚ-ы құрылды. Ал облыстар ішіндегі электр қуатын тарату желілерінің негізінде өңірлік электр компаниялары пайда болғанын білеміз.


Алматы облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасынан алынған мәлімет бойынша облыста 316 мВт электр энергиясы өндіріледі. Бір қарағанда, жеткілікті сияқты көрінгенімен, өзімізді өзіміз қанағаттандыруға шамамыз жетпейтіні жасырын емес. Өйткені, дәл қазіргі кездегі облыстағы жалпы тұтынылатын электр қуатына деген ең жоғарғы сұраныс деңгейі – 625 мВт. Өзімізде өндірілетін электр қуаты қажеттіліктің жартысын ғана жабады. 309 мВт-ты сырттан, яғни, еліміздің солтүстік облыстарынан, Жамбыл ГРЭСі-нен, Орталық Азия елдерінен сатып алдық.


Осыған орай, өзіміздің энергия көздерінің жетіспеушілігінен электр энергиясымен қамтамасыз етуге қатысты әрекетіміз сыртқы энергия көздеріне тәуелді. Сырттан әкелінетін электр қуаты бізге жеткенше еселеп қымбаттап кететіні белгілі. Қазіргі кезде Алматы облысында қуат көзінің бағасы басқа аймақтарға қарағанда анағұрлым қымбат. Бұдан басқа электржелілік компаниялар электр энергиясының тапшылығына байланысты жаңа нысандарды электр желісіне қосуға рұқсат бермей жатады. Бұл – өз кезегінде облыс экономикасының дамуына кері әсерін тигізгені шындық. Осыдан кейін мемлекеттік деңгейде Қазақстанның оңтүстік өңірлерін электр энергиясымен қамтамасыз етуге қатысты маңызды шаралар қабылдануда. 2006 жылдан бері «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» деп аталынатын бағдарлама жүзеге аса бастады. Осы бағдарламаға сәйкес электр торларын басқарушы «КЕGОC» компаниясы «Қазақстанның Солтүстік – Оңтүстік 500 кВт транзиті» жобасы қолға алғаны есімізде. Жобаның мақсаты – елдің оңтүстік аудандарын электрмен қамтамасыз ететін жаңа электр энергиясы желісі жүйесін құру болды. Жүйені жүзеге асыру арқылы солтүстік – оңтүстік бағыты бойынша электр энергиясын транзиттеудің қуаты мен жеткізу мүмкіндігін 4,5 млрд кВт сағаттан (630 мегаватт) 7,5 млрд кВт сағатқа (1350 мегаватт) арттыру мүмкін болады. Құрылыс 2009 жылы іске қосылғаны белгілі.


Жетісудың өзге өңірлерден ерекшелігі де, артықшылығы да екпіндеген желі. Көрші жатқан Қытай елі Алашаңқай жағынан азынаған желді ауыздықтап, арзан, зиянсыз электр қуатын алудың әдісін тапқан. Ал бүгінгідей қым-қуыт, қымбатшылық заманында электр қуатын өндірудің барлық балама көздерін кәдеге асырудың бұрынғыдан да өзектілігі артты.


Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру барысында Қазақстан энергетиканы тұтынуға деген сұранысы арта түсетіні ақиқат. Сондықтан да, қазіргідей энергияны үнемсіз, тиімсіз пайдалануды төмендету, керісінше, ешбір шығынсыз, «жоғалтусыз» оларды басқа бастамаларға жұмсай білу, қарапайым тұтынушыдан бастап ірі өндіріс ошақтарына дейін энергия үнемдеуге үйрету маңызды міндет болмақ. Сондықтан Үкімет қабылдаған «Энергия үнемдеу – 2020» бағдарламасының маңызы зор деп есептеймін.


Егер бағдарлама тиімді жүзеге асатын болса, елімізде қуат көздерін тұтынудың жаңа жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік туатыны анық. Сондықтан да, үнемшілдікке үндейтін құжатты әзірлеген Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі стратегияның басты тоғыз бағытын айқындаған екен. Бұл ретте ең алдымен ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардағы энергия үнемдеу шамасын 30 пайызға дейін төмендету көзделген. Мұндағы басты мәселе – тозу құралдарында екендігі даусыз. Екіншіден, құжатта инновациялық энергетика бағытында электр энергиясын өндіруге үлестік шығындарды төмендету қамтылған. Бұл бағыт бойынша, отандық энергетиканы инновациялық жолмен жаңғыртып, бір килловат қуатқа жұмсалатын шығынды 14 пайызға азайту көзделуде. Осыған орай, қазірдің өзінде өнеркәсіп пен энергетика саласындағы 30 кәсіпорында энергетикалық аудит, яғни энергия үнемдеуді анықтайтын тексерулер өте бастады. Ал 2015 жылға дейін 2 мыңнан астам өнеркәсіп кәсіпорындары осындай энергетикалық аудиттен өткізілмек. Аталған сала еліміздегі барлық энергияның тең жартысын тұтынатындықтан, министрлік дәл осы бағытта қатаң бақылауға мүдделі екендігін білдіреді.


Еліміздің ірі кәсіпорындары энергия үнемдеу саласында атқарылған жұмыстары жайлы тоқсан сайын Үкіметке есеп беріп отыру міндеттелген. Өнеркәсіптегі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы және экономиканың басқа да секторларындағы энергия үнемдеу бойынша үздік кәсіпорындарды анықтайтын байқаулар ұйымдастырылып тұрады. Құзырлы орында мемлекеттік энергетикалық реестр субъектілерінің тізбесін жариялап, 727 өнеркәсіптік және 2938 мемлекеттік кәсіпорын, сондай-ақ 8 мыңнан астам мемлекеттік мекемелер арасында  энергетикалық аудит жүргізу шарасын бастап кетті. 2015 жылдың ортасына дейін еліміздегі 2 мыңнан астам өнеркәсіптік кәсіпорын энергоаудиттен өтуі тиіс.


Халықаралық энергетика агенттігінің бағалауынша, дүниежүзінде тұтынылатын бүкіл электр қуатының 19 пайызы жарық беруге жұмсалады. Ал біздің елде өндірілетін бүкіл энергияның 13 пайызға жуығы жарықтандыруға кетеді. Әрі бүкіл электр қуатының 75 пайызы көмір жағу арқылы өндіріледі. 16 миллионнан астам халқы бар еліміз, Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда, электр қуатын жан басына шаққанда – екі есе, ал өзге дамушы мемлекеттерге қарағанда, орта есеппен 3,5 есе көп тұтынады. Сондықтан қуат үнемдеу мәселесі ел азаматтары үшін маңызды мәселе екенін байқаймыз. Заманауи энергия үнемдеуші технологияларды енгізу, жасанды жарықтандырудың жаңа стандарттарын орнату арқылы ғана мүмкін екенін түсінген елдер, осындай нормаларды әзірлеу саласында жоспарлы саясатқа көшіп отыр. Мәселен, АҚШ-та 2014 жылға қарай тиімсіз жарық көздерінен толық бас тартуға бағытталған нормативті актіні енгізіп,  шығын көлемін 20 млрд долларға азайтуды көздеп отыр. 2009 жылдың қыркүйегінен бастап ЕуроОдақ қуаттылығы 100 Вт қыздыру шамдарын сатуға тыйым салып, 2012 жылға қарай бұл шара қыздыру шамдарының барлық түріне қатысты қолданылады. Қазіргі замандағы жарық технологиялары электр қуатын тұтыну мөлшерін 40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік беретіні белгілі. Бұл көрсеткіш әлемдік ауқымда жылына 106 млрд еуроны үнемдеумен бірдей. Экология тұрғысынан алғанда, көмірқышқыл газының ауаға таралуын жылына 555 млн тоннаға азайтады.


Қазір Қазақстан да осы бағытқа қарай бет бұрған. Соның басы ретінде Үкімет 2012 жылы қуаттылығы – 100 Вт, 2013 жылы – 75 Вт, 2014 жылы 25 ваттан асатын қыздыру шамдарын елге әкелуге және сатуға тыйым салды. Енді қыздыру шамдарының орнына үнемді люминисцентті және жарық диодты шамдарды пайдалануымыз керек. Үнемдеу және энергия қорларын орынды пайдалануды әркім өз үйінен бастауы тиіс. Өйткені біздің әрқайсымыздың электр қуатын, жылуды және өзге де қуат көздерін тұтынуға деген көзқарасымыз, елімізде тұтынылатын энергияның жалпы көрінісінің сипатын айғақтайды. «Энергопром» ҚазҒЗИ президенті Геннадий Андреевтің бағалауынша, еліміздегі энергия үнемдеу әлеуеті – энергия тұтынудың жалпы деңгейінің 30 пайызын құрайды. Бұл қуат үнемдеу мүмкіндігі бар екендігін дәлелдейді. Алайда мұны дұрыстап жүзеге асыру қажет. Ол үшін жаңа технологияларға жүгінудің маңызы зор. Бір ғана жарықтандыру саласындағы жаңа технологияларды сөз еткенде, люминисцентті және жарық диодты шамдар алдымен ауызға ілігеді. Көршіміз Ресейде 100 ваттық қыздыру шамдарына тыйым салынған. Қазір кейбір ақпарат құралдары  2009 жылы осындай тыйым енгізген Еуропа тұрғындары «бармағын тістеп қалды» деп жазып жүр. Ал қуат үнемдейтін шам шығарушылар өз өнімін барынша мақтап әлек. Таяуда бір компанияның өкілі люминисцентті шамға қатысты «аңыздарды» жоққа шығаруға тырысты. Оның ішіндегі ең негізгілері – бағасы, қызмет мерзімі және денсаулыққа әсері.


Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ


 


Рекомендовать
Последние новости