Енді Қазақстанда сапасыз жолдар үшін төлем алынбайды

Қаракөз Амантай 13 мая 2025 18:09 437

Қазақстанда сапасы төмен жолдармен жүргені үшін ақы төлеу жүйесін алып тастау көзделіп отыр. Бұл жөніндегі тиісті өзгерістер жобасын Көлік министрлігі «Ашық НҚА» порталында жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Түзетулер ақылы жолдармен жүру тәртібін жеңілдетуге бағытталған және "құқықтық нақтылықты арттыру" мақсатында әзірленген. Құжат 26 мамырға дейін қоғамдық талқылауда болады. Жаңа ереже биыл маусым айында күшіне енуі мүмкін.

Бұған дейін "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының басшысы Дархан Иманашев бұл норманы енгізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндаған еді.

"Егер ақылы жол учаскесінде қызмет сапасы төмен болса — мысалы, кептеліс, қардан уақтылы тазартпау немесе жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса — біз сол нақты бөлікті, яғни жөнделіп жатқан немесе ақауы бар тұсын ақысыз етеміз. Барлық жол емес, тек сол бөлігі ғана тегін болады", — деп түсіндірген еді ол.

Kolesa.kz порталының мәліметінше, егер ақылы жолдың жалпы ұзындығы 100 шақырым болса, оның 10 шақырымы жөндеуде тұрса немесе сапасы сын көтермесе, жүргізушілер қалған 90 шақырым үшін ғана ақы төлейді. Алайда сапасыз жол бөліктері үшін ақы қалай есептелетіні және олардың нақты ұзындығы қандай тәсілмен өлшенетіні әзірге белгісіз.


Рекомендовать
Последние новости