Елордада Инсульт орталығы ашылды

Dalanews 27 дек. 2019 03:25 872

Нұр-Сұлтанда Көпсалалы медициналық орталықтың ішінен Инсульт орталығы ашылды. Айтулы шараға қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен қатысты.

Халыққа медициналық қызмет көрсету стандарттарына сәйкес, қалада әр 250 мың адамға шаққанда бір инсульт орталығы болуы керек.

Жаңадан бой көтерген орталық ендігі күні Байқоңыр ауданының тұрғындарына қызмет көрсететін болады. Сонымен қатар, орталықта инсульттың алдын алу және емдеу үшін аса қажет магнитті-резонанстық томограф іске қосылды. Жабдық қан-тамыр түтікшелерін толықтай зерттеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, оның мемлекеттік бюджеттің есебінен сатып алынғанын айта кеткен жөн.

– Инсульт емінің бірінші талабы – дерт тиген адамға 1 сағат ішінде көмек көрсетіп үлгеру керек. Дер кезінде жасалған ем адамның кейін мүгедек болып қалмауына, денсаулығының толықтай қалпына келуіне тікелей әсер етеді. Ашылып отырған орталық инсультке қарсы жасалатын қажетті құрал-жабдықтармен, медициналық мамандармен жеткілікті түрде қамтамасыз етілген, – деді Көпсалалы медициналық орталықтың директоры Мұхтар Төлеутаев.

Инсульт орталығы айына 50-60 науқасты қабылдауға қабілетті. Мұнда инсультке шалдыққандарды сауықтырудың бірінші, екінші кезеңдік дәрігерлік көмегі көрсетіледі. Болашақта осында науқастарды емдеудің толық циклы жүзеге асырылатын болады.

Рекомендовать
Последние новости