Елімізде ядролық медицинамен диагностикалайтын алғашқы орталық Семейде ашылды

Dalanews 23 апр. 2021 03:09 996

Күні кеше ғана Семей қаласында көптен күткен Ядролық медицина орталығы ашылып, жұмысын бастады. Еліміз бойынша теңдесі жоқ нысанды ашу оңай болмағаны анық. Мамандардың айтуынша, медициналық нысан онкологиялық және түрлі патологиялық сипатқа ие ауруларды ерте бастан анықтап, емдеуге мүмкіндік береді.

Маңызды нысанды ашу ісі өз жұмысын дұрыс атқармаған мердігер компанияның кесірінен бірнеше рет кейінге шегерілген болатын.  Іс сотқа дейін жетіп, ШҚО әкімдігі табандылық танытқаны есімізде.

Жұмысына салғырт қарайтын мердігерлер өздеріне тапсырылған жұмысты кестеге сай жүргізбей, осы орталықтың ашылуын сарыла күткен талай науқастарға кесірін тигізгенін жасырып қайтеміз. Енді сол олқылықтың орны толып, жұртшылық күткен әлеуметтік нысан халыққа қызмет етуге дайын.

Жаңа орталықта сұйық радиациялық қалдықтарды сақтайтын қойманы заман талабына сай болуын үкіметтік комиссия 9 рет тексергенін айта кетуіміз керек. Бұған дейін «Медтехника» мекемесі қойған жабдықтар қауіпті сұйықты сақтау барысында орталықтың медицина қызметкерлерінің денсаулығына қауіп төндіретінен сарапшылар бірнеше рет қолмен қойғандай дәлелдеп берді.

Осылайша, Ұлттық ядролық орталықтың сарапшылары қауіпсіздік талаптары жоғары деңгейде сақталмағанын анықтаған-ды. Бұдан басқа, тексерушілер ғимаратты желдету жүйесінде де үлкен кемшілік кеткенін ескерткені есімізде.

Осыдан кейін 2019 жылы ШҚО әкімі Даниал Ахметов сұйық радиациялық қалдықтарды сақтайтын қойма болашақта орталықта жұмыс істейтін қызметкерлердің денсаулығына кесірі тимеуі үшін аса маңызды шешім қабылдаған болатын. Осылайша, өңір басшысы орталық қызметкер мен емделушілер үшін барынша қауіпсіз нысан болуы керек екенін қадап айтып, істі өз бақылауына алған еді.


Оның үстіне, сарапшылар «Медтехника» компаниясы қойған құрал-жабдықтар жоба талабына сәйкес келмейтінін айтқаннан кейін, тараптар бір-бірімен ұзақ уақыт бойы соттасуға мәжбүр болды. Соңында сот құрал-жабдықтарға демонтаж жүргізу турасында шешім шығарып, мәселені оң бағытта шешті.

Егер кемшіліктер сол күйінде кеткенде орталық Семей қаласында ең қауіпті нысанға айналып, сұйық радиациялық сұйықтықтар жер асты суларымен араласып қала тұрғындарының өміріне қауіп төндірер еді. Осыдан біршама уақыт бұрын орталықтың бас директоры міндетін атқарушы онлайн-конференция ұйымдастырып (оған журналистердің сұрақ қоюына мүмкіндік бермегені есімізде), өзін сүттен ақ, судан таза етіп көрсетуге тырысқан еді.

Ал шындығында, Үкіметтік комиссия мүшелері бірнеше рет орталыққа келіп, нысанның құжатында көрсетілген талаптар қаншалықты сақталғанын тексерген болатын. Сол кезде комиссияның құрамында Ұлттық ядролық орталықтың сарапшылары, ҚР Парламенті депутаттары, сол кезде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі болған қазіргі министр Алексей Цой мырза да болғаны есімізде. Сонда осыншама білікті мамандар «Медтехника» мекемесінің қызметкерлерінен жағдайды кем түсінген бе? Тәжірибелі мамандардың бұлтартпас дәлелдерін сот назарына ұсынып, қауіпті сұйықтықты сақтайтын жабдықтарға демонтаж жасауға қол жеткізді. Осылайша, Үкіметтік комиссия үлкен апатқа жол берген жоқ. Несін айтасыз, бұдан қыңыр кісі бір жақ, қырық кісі бір жақтың керін байқағандай болдық.

Енді мені, сол қиын кезеңдер артта қалып, Ядролық медицина орталығы Шығыс Қазақстан облысындағы медициналық кластердің ажырамас бір бөлшегіне айналып отыр. Мамандардың айтуынша, орталықтың жұмысын бастау сәті маңызды үш кезеңнен тұрады.

Қазіргі таңда радиоизотопты диагностикалау бөлімі өз жұмысын бастады. Бұл бөлімге орнатылған бірфотонды эмиссионды компьютерлік томограф түрлі ауру түрлеріне заман талабына сай тиімді диагностика жасауға мүмкіндік беретінімен ерекшеленеді.

Тағы да айта түссек, орталықтың баспасөз қызметінің таратқан мәліметінше, бүгінде жоғары білікті 16 медицина қызметкері жұмысқа кіріскен. Олардың қатарында ядролық медицина мамандары, радиохимик, радиофармацевт, физикалық медицина және радиациялық қауіпсіздік бойынша инженер мамандар бар.

Ал екінші кезеңде – орталықта радионуклидті терапияны енгізу көзделсе, үшінші кезеңде – ПЭТ диагностикалау мен радиофармпрепараттар өндірісін іске қосу жоспарланып отырғанын айта кетуіміз керек.

Осы ретте аталған медициналық орталық еліміз бойынша жүздеген адам сарылы күткен теңдесі жоқ мекеме десек артық айтқандық болмас. «Медтехника» мекемесінің басшысы Бахтияр Сапиев орталықтың ашылуын сарыла күткен науқастардың жанайқайын қайдан түсінсін? Оны бір түсінсе дәрігер мамандар түсінері анық. Айталық, Ядролық медицина орталығының бас дәрігері Марат Сандыбаев жыл сайын еліміз бойынша 600 адам орталықтың қызметіне мұқтаж екенін алға тартқан болатын.

Егер о бастағы жоспар бойынша орталықты 2015 жылы жұмысқа кірісіп, «Медтехника» мекемесі нысанды қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтыған жағдайда, күні бүгінге дейін еліміз бойынша 5 мыңнан астам адам ем алып, денсаулығын түзер еді. Өкінішке орай, өмірмен қош айтысқан кейбір науқастарға енді ондай ем-домның қажеті жоқ...


Бас дәрігер Марат Сандыбаевтың айтуынша, орталықтың қызметіне Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары емес, тұтастай республика деңгейіндегі науқастар да мұқтаж. Сол себепті Семейдегі Ядролық медицина орталығының ашылып, жұмысын бастауы еліміздің денсаулық сақтау саласы бойынша айтулы оқиға деп қабылдауымызға болады.

Озық медициналық орталықта заманауи медициналық жабдықтардың көмегімен кез келген науқастың органына, қанына, лимфасына және зат алмасу үрдісіне кешенді диагностика жасауға болады. Сонымен қатар жаңадан пайда болған және аса қатерлі ауруларды күні бұрын анықтап, оның алдын алып емдеуге мүмкіндік зор.

Осылайша, Семей Ядролық медицина орталығы алдағы уақытта облыстың ғана емес, тұтастай республика халқының игілігі үшін жұмыс істейтін болады.

Рекомендовать
Последние новости