Елдігімізді жаңғыртқан Жолдау

Dalanews 16 мар. 2022 10:51 764

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауын «Білім күніне» орай жария етсе, биылғы халыққа арнауын өсу мен өркендеу идеясын жүзеге асырушы мейірім мерекесі –  Әз Наурыз мейрамына тұспа-тұс паш етті.

Жолдауда еліміздің саяси жүйе мен әкімшілік-аумақтық құрылымдарды өзгертуге басымдық берілді. Бұл жолдау қазақ жерінің аумақтық әлеуетін екшелеуге бағытталды. Президент облыс орталықтарын құрып, қазақ халқының бабалардан мирас болып келген қасиетті аумақтарына реформалар жасауы. Семей аймағында Абай облысын, бұрынғы Жезқазған аумағында Ұлытау облысын құру, ал Алматы облысы өңірін екі аймаққа: Жетісу және Алматы облыстарына бөліп, орталығын Талдықорғанға орналастыруды ұсынды. Бұл бастама – аталмыш аймақтардың ішкі инфрақұрылымының нығаюына, экономикалық дамуы мен өркендеуіне ықпал ететіні даусыз. Ең маңыздысы – аумақтық даулардың туындауын алдын ала жоюға ықпал етеді деп ойлаймын. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған кең-мол жер аумағымыздағы байырғы тарихи атауларды қайта жаңғырту – бұл біздің рухани әлеуетіміздің де арта түсуіне даңғыл жол ашады. Мемлекет басшысының ел аумағындағы әкімшілік-бөліністік өзгерістерге көңіл бөлуі елдігіміздің, мемлекеттілігіміз бен қазақ халқының ежелден азат халық екендігін үлгі ретінде көрсеткісі келгені деп пайымдар едім. Бүгінгі таңдағы екеуі де бір діни сенімді, бір тілді ұстанған, бір территориялық аймақта өсіп-өнген елдер – Ресей мен Украинаның арасындағы қақтығыстар тұсында бұл реформалар халықаралық деңгейде маңызға ие, елдігімізді жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам.

Ал енді Президент жолдауында үш аймаққа әкімшілік-бөліністік реформалар жасады. Ол Семей өңірінде қазақ халқының  рухани қазынасы, кемеңгері Абай Құнанбайұлының есімімен облыс құру туралы бастама көтерді. Президент өз сөзінде ішкі инфрақұрылымы қираған Семей қаласына көңіл бөлініп, облыс орталығы етуді тапсырды. ХVIII ғасырдың басында құрылған Семей қаласы өз дәуірінде алыс-жақын елдер арасындағы сауда-саттық, айырбас кешенінің, білім орындарының негізгі ордасы болған.

Жетісу жері – сонау 1916 жылы орын алған ұлт-азаттық көтерілістердің негізгі ошағы болған аумақ.  Жетісу – оңтүстік және оңтүстік-батысында Тянь-Шань тауларының жоталарымен, солтүстігінде Балқаш көлімен, шығысында Жоңғар Алатауымен түйіседі.

Ал енді, мемлекет басшысының Ұлытау облысын құру жөніндегі шешімін – бірер жыл бұрын, яғни, 2014 жылы бұл қасиетті мекенге арнайы барған Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаев стратегиялық салмағы басым «Жезқазған – Бейнеу» және «Арқалық – Шұбаркөл» теміржол магистральдарының тұсауын кесіп, киелі Ұлытау жерінің тарихы туралы маңызы зор сұхбатында айтып өткен болатын. Міне, президент Қ. Тоқаев та Сарыарқаның төсіндегі, ғылымның атасы Қаныш Сәтбаев дүние есігін ашқан топырақ, «Қазақстанның інжу-маржаны» атанған  – Ұлытау жеріне ерекше назар аударуды алға тартты.

Бір қуантарлық жағдай, Президенттің жолдауында мемлекеттілік, елдік рухтың басым екендігін аңғардым. Менің ойымша, жолдау –бабаларымыздың қалған қасиетті еліміздің әрбір аумағының тарихи және киелі орындарын жаңаша үлгіде дамыту мен тарихи құндылықтарымызды жаңғыртуға рухты серпін береді.

Ақнұр ОРАЛОВА, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері

 

Рекомендовать
Последние новости