Ел экономикасының өңдеу саласындағы оң өзгерістер

Жарбол Кентұлы 25 сент. 2024 12:00 1993

Ел экономикасын өркендетуде өнеркәсіптің алатын орыны ерекеше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде берік экономикалық өнеркәсіпті қалыптастыру үшін Үкіметке нақты міндеттер жүктеген болатын. Сол себепті қазір атқарушы билік өңдеу секторына баса көңіл бөліп отырғанын айрықша атап өтуге болады. Қазір елемізде бәсекеге қабылетті, экспортқа бағытталған өңдеу өнеркәсібін құру саясаты кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Dalanews.kz ақпараттық агенттігінің тілшілері осы бағытта атқарылған жұмыстарға талдау жасаған еді. Енді соған назар аударсаңыздар.

Таяуда Орталық коммуникациялық қызметінде журналистердің басын қосып брифинг берген ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков еліміздің өнеркәсіп құрылымында өңдеу секторының үлесі 47,4%-ды құрағанын айтты.

– Соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібінде өндірістің оң динамикасы байқалуда. Бұл – көрсеткіш экономикаға жағымды әсер етуде. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 4%-ға өсіп, 22 трлн теңгені құрады. Биылғы жылдың 9 айында өндірістің өсуі 4,8%-ды құрады, – деді вице-министр.

Осы ретте елімізде өнеркәсіп саласының қандай салалары қанат жайып келеді деген заңды сұрақ туындайды. Өз кезегінде вице-министр соңғы жарты жылдықта жиһаз өнеркәсібі – 17,9%-ға, химия өнеркәсібі – 9,5%-ға, металлургия – 8,3%-ға, машина жасау саласы – 4,2%-ға өскенін алға тартты.

Осы аталған салалардың арасында еліміздің жиһаз өнеркәсібі жоғары көрсеткішке ие болды. Соңғы уақытта елімізде жиһаз өнеркәсібінің өркендеуінің өзіне тән себептері бар. Қазақстанда жиһаз өнеркәсібімен негізінен шағын және орта бизнес өкілдері айналысатыны белгілі. Сондықтан бұл сала нарық заңдылығына сай жұмыс істейтінін айрықша атап айтуға болады. Сонымен қатар еліміздің өңірлерінде ашылған еркін экономикалық аймақтарда жиһаз өндіру ісімен айналысатын кәсіпорындар пайда болуда. Қазіргі таңда елімізде жиһаз өнеркәсібін мемлекет тарапынан нақты қолдаулар жоқ.

Бірақ жиһаз өндірісімен айналысатын кәсіпорындар өздерінің өндірістік базаларын еркін экономикалық аймақтың базасында орналастырып, сол жердегі мемлекеттік кәсіпкерлерге көрсетіп отырған қолдауын барынша пайдаланып отыр. Бір сөзбен айтсақ, жиһаз өндірушілер Үкіметтің жалыпы кәсіпкерлік салаға көрсеткен қолдауларын пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Мамандар Қазақстанның жиһаз өнеркәсібі соңғы жылдары айтарлықтай даму қарқынын көрсетуде. Айталық, 2021 жылы елімізде 1 491 шағын және орта кәсіпорын жұмыс істеп, 10 ай ішінде 49,3 млрд теңгеге өнім өндірген. Ал 2024 жылдың алғашқы алты айында жиһаз өндірісінің көлемі 31,2 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 130,4% өсім көрсеткен. Сонымен қатар салаға 1,6 млрд теңге инвестиция тартылғанын да айта кетуіміз керек.

Елімізде жиһаз өнеркәсібінің өсуі кеңсе және сауда орындарына арналған жиһаз өндірісінің 1,4 есеге артуымен тікелей байланысты. Отандық жиһаз өнімдері Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Беларусь елдеріне экспортталады. 2021 жылдың қаңтар-қазан айларында экспорт көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге ұлғайған. Солтүстіктегі көршіміз Ресейдің Батыс елдері тарапынан санкцияға ұшырауы да еліміздегі жиһаз өндірісіне өз ықпалын тигізгенін айта кетуіміз керек. Жалпы, осы қарқынды сақтасақ Қазақстан Орталық Азия елдері арасындағы жиһаз өндірісі бойынша көшбасы позициясын жоғалтпайтыны анық.

Осы ретте сарапшы мамандар елімізде жиһаз өнеркәсібінің дамуы тұрғын үй құрылысының белсенділігімен де байланыстыруға болатынын алға тартты. Сонымен қатар саладағы бәсекелестіктің өсуі жаңа компаниялар мен жеке кәсіпкерлердің пайда болуына ықпал етуде. Қазір Қазақстан жиһаз өнеркәсібі ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандырып қана қоймай, экспорттық әлеуетін де арттыруға мүмкіндік алып отыр.

Еліміздің өңдеу секторында саласында химия өнеркәсібі маңызы зор. Соңғы уақыттары еліміздің химия өнеркәсібі айтарлықтай даму қарқынын көрсетіп, ел экономикасының маңызды секторна айнала бастағанын байқауға болады. Ендігі кезекте саладағы негізгі көрсеткіштер мен жетістіктерге аз-кем тоқтала кетсек. 2023 жылдың қорытындысы бойынша химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4%-ға өсіп, 22 трлн теңгені құрағана есімізде. Ал 2024 жылдың 9 айында өндіріс өсімі 4,8%-ды құраған. Биыл Үкімет жыл соңына дейін химия өнеркәсібі саласында жалпы құны 12,9 млрд теңгені құрайтын 8 жаңа кәсіпорын ашу жоспарлаған болатын. Аталған жобаларға сұйық азот, натрий пиросульфиті және химиялық реагенттер өндірісі кіреді.

Бұдан басқа еліміздің химия өнеркәсібі минералды тыңайтқыштар, бейорганикалық химиялық заттар, тұрмыстық химия өнімдері және мұнай-химия өнімдерін өндірумен айналысады. Саладағы өндірістің негізгі көлемін «Қазфосфат» компаниясы, «Ақтөбе хром қоспалары зауыты» АҚ, «ҚазАзот» АҚ және «Talas Investment Company» сияқты ірі кәсіпорындар қамтамасыз етіп отыр.

Саладағы негізгі мәселелердің бірі – шикізатқа қолжетімділіктің шектеулілігі және базалық химиялық өнімдерге (метанол, аммиак, этилен, пропилен, бензол, этилен тотығы, каустикалық сода) қолжетімділіктің болмауы. Бұл мәселелерді шешу үшін заңнаманы түзету, арнайы экономикалық аймақтарда өндірістерді ұйымдастыру және қолжетімді қаржыландыру құралдарын ұсыну ұсынылады.

Қорыта айтқанда Қазақстанның химия өнеркәсібі тұрақты даму үстінде, жаңа кәсіпорындар ашылып, өндіріс көлемі артуда. Дегенмен, саладағы кейбір мәселелерді шешу үшін мемлекеттік қолдау мен инвестицияларды тарту маңызды болып табылады.


Рекомендовать
Последние новости