Экс-министр Мұхамедиұлына үкім шықты

Dalanews 20 июн. 2023 12:12 933

 Экс-Мәдениет министрі, Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды Dalanews.kz. 

20 маусымда елордадағы Байқоңыр ауданының №2 сотында экс-Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот отырысы аяқталды.

Үкімді судья Бағлан Ыдырысов оқыды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабының 3-бөлігімен ("Қылмыстық құқық бұзушылық жасау") және 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен ("Бөтен біреудің мүлкін иемдену және талан-таражға салу") кінәлі деп танылды.

Оның орынбасары болған Алмаз Нұразхан 7 жылға сотталды.

Бұдан бөлек, сот Мұхамедиұлын мемлекеттік наградалардан айыру туралы қаулы шығарды.

Сот үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды.

Еске салайық, 2022 жылдың 28 мамырында сот санкциясымен Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынды.


Тергеу "Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі" халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ "Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу" және "Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру" жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізілді.

Тергеу бір жылға созылды. Тергеу мәліметінше, талай жыл мәдениет және спорт министрлігін басқарған Мұхамедиұлы мен оның сыбайластарының мемлекетке келтірген шығыны шамамен 221 миллион теңгеден асады.

Соттағы соңғы сөзінде Арыстанбек Мұхамедиұлы ату жазасына да келісетінін мәлімдеген еді.

Рекомендовать
Последние новости