Дивидент жыры: "Самұрық-Қазына" мемлекет пайдасына 1,3 трлн теңге бөлді

Кәмшат Тілеухан 21 нояб. 2024 09:20 192

2024 жылы "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының мемлекет пайдасына 1,3 трлн теңге бөлді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
 

"Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының жалғыз акционері 20 қарашада ҰӘҚ-ның 2023 жылғы таза кірісін бөлу тәртібін бекітті. Бұл туралы мәлімет KASE-де жарияланды. Оған сәйкес, былтыр қор жалпы 1,7 трлн теңгеге жуық таза кіріс алған.

Осыған қатысты қосымша ақпаратпен бөліскен қордың баспасөз қызметі мемлекет пайдасына 1,3 трлн теңге қарастырылып, бөлінгенін нақтылайды.

Оның ішінде:

 
  • дивидент ретінде мемлекет бюджетіне 579 млрд теңге;
  • Үкіметтің тапсырмасы аясында әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға 228 млрд теңге бөлді. Бұл қаражат медициналық орталықтар, әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлер құрылысына және басқа да әлеуметтік жобаларға жұмсалды.
  • экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында, елді мекендерді газдандыруға 105 млрд теңге;
  • экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында, жалға берілетін тұрғын үй құрылысы бағдарламасын қаржыландыру үшін 272 млрд теңге;
  • қайырымдылыққа 10 млрд теңге (қайырымдылыққа жыл сайын бөлінетін сома);
  • су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 22 млрд теңге бөлді.
  • 50 млрд теңге "Қазақстан халқына" ҚҚ-на аударылады.
"Бұған дейін дивидендтерді төлеу және әлеуметтік жобаларды қаржыландыру бойынша қабылданған шешімдерді ескере отырып, қордың 2023 жылғы қаржылық есебін бекіту туралы Үкімет шешімі шеңберінде қосымша дивидендтер төлеу қарастырылмаған. Сонымен қатар, "Самұрық-Қазына" АҚ 53,5 трлн теңгеден астам сомаға 130 инвестициялық жобаны жүзеге асыруда", делінген "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының баспасөз хабарламасында.

Айта кетсек, күні кеше "Самұрық Қазына" акционерлеріне дивидент төлемейін деді ме" деген тақырыпта біздің сайтта мақала жарияланған болатын. Бұған қордың 20 қарашада KASE-де жарияланған есебі негіз. Ал ол арада дивидент туралы бір сөз келтірілмейді. Керісінше, қордың 2023 жылғы қаржылық есебін бекіту туралы Үкімет шешімі шеңберінде қосымша дивидендтер төлеу қарастырылмағаны айтылады.


Рекомендовать
Последние новости