Димаштың таяу болашақтағы жоспары қандай?

Dalanews 19 апр. 2017 15:48 844

Қытайдағы “Singer-2017” жобасы аяқталды. Димаш ІІ-орын алды. Бірақ ол әлі елге оралған жоқ. Себебі…

Иә, оның себебін ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова Sputnik агенттігіне берген сұқбатында егжей-тегжейлі айтып берді

– Димаш қатысқан жоба бойынша оның өз мойнына алған белгілі бір міндеттемелері бар.

Байқаудың әрбір қатысушысы келісімшартқа қол қойған болатын. Міне, осы келісімшарттың мерзімі әлі аяқталған жоқ. Қазір Димаштың қытайда түрлі шараларға қатысып жүргенін көріп жүрсіздер. Мұның барлығы байқаудың ережесіне сай нәрселер.

Кеше Бейжіңнің орталық концерт залдарының бірінде өткен концертке Айман Мұсаходжаева, өнер университетінің ұлттық фольклор ансамблі, камералық оркестр қатысты. Осы концертте Димаш та өнер көрсетті. 22-сәуірде ол тағы бір маңызды шараға қатысады, сосын бір үзілісте елге оралады. Оның жеңісіне арнап үлкен шара өткіземіз.

Сондай-ақ вице-министр Димаштың Евровидение байқауына қатыса алмайтындығын, оның себебі де Қытайға байланысты екенін айтты.

– Димаш Құдайберген Канн фестивалі аясында Қазақстанның павильонын таныстыру рәсіміне қатысады. Оны Францияға шақырды. Сонымен бірге, Димашты Америкаға оқуға жібермекпіз. Байқау кезінде ол Францияға барып қайтты. Онда белгілі бір съемкалар өтіп, келіссөздер жүргізілді.

Жалпы, бүгінде көп жерден ұсыныс келіп түсіп жатыр екен. Ынтымақтастық туралы, оқу, тағылымдамадан өту, конкурстарға, шараларға қатысу бойынша ұсыныстар бар.

27-маусымда Астанада Димаштың үлкен концерті өтеді. Бүгінде бірнеше белгілі шетелдік әнші концертте өнер көрсететінін растады. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Қытайдан әншілер қатысады деп күтіп отырмыз. Әзірге, жуық арадағы жоспар осындай.

Бұдан бөлек, “Евровидениеге” қатысты көп әңгіме айтылып жүр. Жалпы, біз бұл байқауға қатысу үшін 3 жылдан бері өтініш беріп келеміз. Өкінішке қарай, бұл байқауға Еуропа елі ретінде қатыса алмаймыз. Олар біздің өтінішті белгілі бір құқықтық шектеуі бар қатысушы ретінде қарастыра алады.

Біз Димаштың қонақ ретінде қатысуын ұсындық. Бірақ уақыт тығыз болып қалды, өйткені “Евровидение” мамыр айында өтеді. Ал Димаштың әзірге қытайлық арнаның алдындағы міндеттемелері бар.

Биыл болмаса, келесі жылы біздің өтінішімізді қарастырады деген ойдамыз. Олардың қонақ ретінде болса да Димаштың қатысуына қызығушылығы бар. Өздеріңіз білесіздер, әлеуметтік желіде көп жазылып жатыр. Егер Лара Фабиан секілді әйгілі әнші өзі құттықтап жатса, басқа да адамдар естіді деп ойлаймыз.

 

 

Рекомендовать
Последние новости