Диалог арқылы ғана үйлесімді қоғам құруға болады

Dalanews 06 сент. 2023 06:34 1199

ШҚО-да "Мықты өңірлер – мықты ел. Азаматтық сектор – адамдардың мүддесі үшін" тақырында Азаматтық форум өтті. Кездесудің қатысушылары үкіметтік емес ұйымдардың қоғамды дамытуға қатысуының оң мысалдарын және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Біз бәріміз қоғамымыздың үдемелі дамуына мүдделіміз. Сондықтан біз бірге жұмыс істеуіміз керек деп санаймын, – деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев. – Үкіметтік емес ұйымдардың секторы тұтастай алғанда азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылдың негізгі тетігі болып табылады. Президент өз Жолдауында атап өткендей, тұрақты диалог арқылы ғана үйлесімді қоғам құруға болады. Бұл диалог – қарым-қатынастың өркениетті түрі және сіз бен біз  біріге  жұмыс істейтін саяси мәдениеттің белгілі бір деңгейі.

Азаматтық қоғам уақытша мақсат емес, қоғамның мемлекетпен өзара іс-қимылының нақты құралы. Бұл туралы форумға қатысушылар айтуда. Оған елдің шығысында пайда болған Қазақстандағы алғашқы "Невада-Семей" қоғамдық қозғалысының нәтижелері дәлел.


Сол кезде, яғни, 30 жыл бұрын белсенділер ядролық қарудан бас тартып, дүние жүзіндегі миллиондаған адамдардың тағдыры мен өмірін өзгертті.

– Шығыс Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары өз істерінде әрқашан  көшбасшы болды. Бүгінгі таңда билікпен бірлесе отырып диалог құрып, қазақстандықтардың өміріне оң әсер ететін көптеген жобаларды іске асыруға болатынына сенімділік бар, бұл экологияға, білімге, денсаулық сақтауға және т.б. қатысты, – дейді Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева. – Соңғы үш жылда ҮЕҰ дамуында серпіліс байқалады. Себебі, Мемлекет басшысы әрбір сөзінде тараптардың толыққанды тең әріптестігін баса көрсете отырып, азаматтық қоғамның әлеуетіне сүйену қажеттілігіне назар аударып келеді.

Іс-шараға қатысушылар қоғамдық кеңестердің қызметі мен құрамын қайта қарау қажеттілігі, ҮЕҰ-ны дамытуға қаржы бөлу, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар саласындағы заңнамадағы өзгерістер туралы айтты.

– Қазір көптеген заң жобалары қабылдануда. Өткен жылы волонтерлік қызмет туралы Заңға өзгерістер енгізілді. Қазір Сенатта қоғамдық бақылау туралы заң жобасы қаралуда, Мәжіліске қоғамдық бірлестіктер туралы заң жобасы енгізілді. 30-дан астам жұмыс тобы өңірлерді аралап, олардың шағымдары мен ұсыныстарын ескерді. Азаматтық сектор - азаматтар мен билік арасындағы "Алтын көпір"  болуы тиіс, – деп есептейді ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Данияр Қадыров.


Кездесу соңында Шығыс Қазақстанның ҮЕҰ-ның ең көрнекті өкілдеріне алғыс хаттар табысталды.

Айта кетейік, облыста 605 үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның ішіне 158 қор, 420 қоғамдық ұйым, 27 заңды тұлғалар қауымдастығы кіреді. 12 Қоғамдық кеңес жұмыс істейді, олардың құрамының 60%-ы  азаматтық сектордан тұрады.

ШҚО қоғамдың кеңесінің жанында ҮЕҰ-ның 100% қатысуымен 8 сараптамалық комиссия жұмыс істейді.

 

Рекомендовать
Последние новости