Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімге кіріп шыққан адвокаты Ғалым Нұрпейісов "Республика" басылымына оның жағдайы туралы айтты. Оның сөзінше, Талдықорғандағы тергеу изоляторында отырған журналист өзін Алматы облысындағы Заречный түрмесіне ауыстырмағанына наразылық ретінде денесін тілген, ізінше аштық жариялаған, - деп хабарлайды Dalanews.kz Азаттыққа сілтеп.
"Талдықорғандағы тергеу изоляторында Думан Мұхаммедкәрімді екі күн суық карцерде бетон еденде жылы киімсіз ұстаған" деді адвокат басылымға.
Оның сөзінше, апелляциялық шағымы өзгеріссіз қалдырылғаннан кейін Думан Мұхаммедкәрімді Алматы облысындағы Заречный түрмесіне жіберуі керек болған. Себебі заң бойынша ол өзі тұратын аймақта жазасын өтеуі керек. Алайда адвокаттың Азаттыққа айтуынша, журналисті Талдықорғанға "құжаттарды алғаннан кейін Заречныйға ауыстырамыз" деп "алдап апарып", камераға жапқан. Түрмеге ауыстыруды талап еткен кезде карцерге жапқан. Осыған ызаланған журналист денесін тіліп, ізіне аштық жариялаған.
Адвокаттың айтуынша, Думан қарсылық ретінде "қолы, іші және тамағын тіліп", қабырғаға "Оян, қазақ" деп қанмен жазған.
"Жедел топ келгеннен кейін оған алғашқы көмек берген, алайда көктамырын тілді деген фактіні тіркеуден бас тартқан. Бұдан кейін Думан аштық жариялады. Алайда аштық фактісін тіркеуден де бас тартқан. Сосын тергеу изоляторының қатардағы қызметкерлері оны камераға ауыстыруды талап ете бастаған. Оны камераға ауыстырған" деді адвокат.
Оның сөзінше, мұның бәрі апелляциялық сот өткеннен кейін қараша ортасында Талдықорғанда болған.
Адвокаттың сөзінше, Думан Мұхаммедкәрім аштық жариялап, өзінің құқығы үшін күресетінін айтқан.
"Өзіме қол жұмсайын деп отырған жоқпын, менің құқығым бар екенін, заңды түрде мүддем бар екенін және олардың мұны сақтауға міндетті екенін кез келген амалмен жеткізгім келеді" деп адвокат журналистің сөзін жеткізеді.
Айта кетейік, Думан Мұхаммедкәрім «экстремизмді қаржыландырды» және «тыйым салынған ұйым жұмысына араласты» деген айыппен биыл тамызда жеті жылға сотталған. Журналистің өзі айыпқа үзілді-кесілді қарсы.