Дулатбек Қыдырбекұлы, саясаттанушы: БІЗ ҮЛКЕН КҮШПІЗ

Dalanews 12 окт. 2014 10:42 1106

[caption id="attachment_8141" align="alignleft" width="215"]Дулатбек Қыдырбекұлы Дулатбек Қыдырбекұлы[/caption]

Белгілі қаламгер, атақты «Алатау» романының авторы Балғабек Қыдырбекұлының баласы, саясаттанушы Дулатбек ағамен арадағы әңгімеде қоғамдағы қос тілді орта, ұлттық мүдде мәселесін таразыға тарттық.

- «Туған тілін білмейтіндер жарытып патриот бола алмайды. Елінің тағдырына алаңдағанмен, тереңіне бойлап, табиғатын түсіне алмайды» деген пікірмен келісесіз бе?

- Бұлай дейтіндерді түсінбеймін, түсінгім де келмейді. Мұндайлардың біразымен сөзге келіп қалған  кезім де болды. Барлығын тілге тіреп қоюға бола ма? Сонда өз тілін жете білмейтін адам туған жерін, ұлтын ана тілін таза білетінге адамға қарағанда аз сүйеді деген сөз бе? Меніңше бұл өрескел тұжырым, сауатсыз өлшем. Мысалға, мен әлі де болса орысша ойлаймын. Мойындаймын. Бірақ...жаным қазақ. Керек десеңіз, дәл қазір туған тілімен қауышып, тарихымен танысып, тамырын тапқан біздей қазақтардың патриоттық сезімі ұлтшылдардан да жоғары.
Дәл қазір біздің жерде өмір сүретін өзге ұлттар мемлекет мүддесін қорғауға әзір ме, керек десеңіз құлықты ма деген сауалға «иә» деп анық жауап бере алмаймыз.

- Ұлттық мүдде дегеніміз сіздің түсінігіңізде қандай ұғым?

- Бұл түсінікті біз тым тар шеңберге тығып тастадық. Қазіргі заманда ұлттық мүдде деген ұғым мемлекеттік мүдде деген түсінікпен қатар қарастырылады. Оны біздегідей бөліп жармайды. Сайып келгенде, бұл тек тіл немесе діл мәселесі емес, сонымен бірге шекара шебіміздің жағдайы, экспорттың әлеуеті мұның бәрі айналып келгенде ұлттық мүддеге кіреді. Бірақ дәл қазір біздің жерде өмір сүретін өзге ұлттар мемлекет мүддесін қорғауға әзір ме, керек десеңіз құлықты ма деген сауалға «иә» деп анық жауап бере алмаймыз. Содан шығар бір жағынан мұны қазақтың этникалық әрі мемлекеттік мүддесі деп екі бөлек қарастыруға тура келіп тұр.

- Сонда өз сөзіңізге өзіңіз қарсы шығып отырсыз ғой? Түсінбедік...

- Мен орыстілді ортаның психологиясын жақсы білемін. Төлқұжатында «Қазақстан азаматы» деп тұрғанмен аңсары Ресейге ауып тұратын, ертең әлдеқалай бола қалса теріскейге тайып тұратын, елде «чемоданды көңіл күймен» жүргендер жетіп артылады. Бүгінге дейін неге екені белгісіз бұл тараптағы пікірімді білдіруге батпай жүрдім...Бастысы біраз өңірді қоластымызға «қайтарып» алдық. Өскемен мен Кереку қазақыланды. Жаман айтты демеңіздер. Бірақ дәл қазір Қызылжардан қауіп көп...

- Нақтырақ айтсақ ол жақтағы қалың орыстан қауіп бар дегеніңіз келіп тұр ғой?

- Бұл да бар. Тұтастай алғанда орыстық шовинизм өлген жоқ. Егер бұл тарапта Мәскеудің сойылын соғатындар Ресейден қандай да бір көмек алмаса (ал мен мұндайлардың Кремльден көмек алып жатқанын көріп жүрмін) ТМД-ның түрлі аймағында тұратын орыс ұлтшылдары шовинизмге қарсы деп айтуға тұрар еді. Ал әзіргі жағдайға өзіңіз де куәсіз.

[caption id="attachment_8142" align="alignright" width="300"]Аңсары Ресейге ауып тұратын, ертең әлдеқалай бола қалса теріскейге тайып тұратын, елде «чемоданды көңіл күймен» жүргендер жетіп артылады. Аңсары Ресейге ауып тұратын, ертең әлдеқалай бола қалса теріскейге тайып тұратын, елде «чемоданды көңіл күймен» жүргендер жетіп артылады.[/caption]

- Аға, орысша ортаның психологиясын жақсы білемін дедіңіз. Осы ортаға өз тарапыңыздан «тіл үйреніңдер, мемлекеттік тілге мұрын шүйіре қарамаңдар» деген кезіңіз болды ма? Өзіңіз айтқандай дәл қазір туған тілін үйреніп, тамырын тапқан қазақтардың патриоттық сезімі ұлтшылдардан да жоғары ғой?

- Шынымды айтсам, оларға бұлай айтуға ұяламын. «Тілді алдымен өздерің меңгеріп алсаңдаршы» деп мысқылдайды. Сондайда бетімнен отым шығады. «Туғалы орысша сөйледік, орысша оқыдық енді қазақша оқығаннан не қайыр» дейтін бәзбір достарым үшін ұяламын. Иә, орысша оқыдық. Заман солай болды. Адам жүйенің бұйрығына бағынды.  Түсінгенім, бұл әншейін сылтау. Сосын қажеттілік болмаған жерде сұраныс та жоқ қой. Қазақ тіліне деген қажеттілік тудыру керек. Мен бұл арада барлық қағаз құжатты қазақшалау керек болмаса орысша сөйлесуге тыйым салу керек деген сықылды дәл қазіргі уақытта утопия саналатын идеяны айтпаймын. Айталық, қазір орыстілді орта қазақ басылымдарында жарық көретін тіл мен ділге қатысты дүниелерді қызығып оқиды. Әрине, аудармасын. Оқиды да бұлқан, талқан болады. Айыртілді ақпарат нарығында ақпарат алмасу жағы әлі де аз. Қазақтілді БАҚ қазақша жазылған дүниені орысшаға аударуға, сол арқылы екі өзеннің арасына өткел салуға талпынуы керек. Уақыт келе ұлттық мәселеге қатысты қазақша жазылған мақалаларды түпнұсқасында оқығысы келетіндер пайда болады.
Шалақазақтан тазақазаққа айналуға талпынып жатқандар қайраңда қалған кеме сықылдымыз.Негізінде біз үлкен күшпіз. Біздің әлеуетті пайдалану керек. Қазақты қазақтан бөлуге, шеттетуге болмайды.

- Ұлтшыл патриоттардың ұлт пен ұрпақтың болашағына қатысты айтатын ұранын, бастамасын қолдайсыз ба?

- Хмм...Бәлкім олардың алға қойған мақсаты дұрыс шығар. Бірақ мұның арты қантөгіске әкелу мүмкін. Дәл қазіргі жағдайда бұл бізге қажет пе? Сосын олардың да өз мүддесі бар. Түсіндіре кетейін. Олар айтатындай шалақазақтан тазақазаққа айналуға талпынып жатқандар қайраңда қалған кеме сықылдымыз. Себебі, біздің ұлтшыл патриоттар да және бұларға оппонент саналатын орыстілді орта да бізді қабылдамайды. Ұлтшылдар сөз жүзінде «беті бері қарағандарды» қолдаймыз дегенімен, іс жүзінде бізбен бірлесіп жұмыс істегісі келмейді. Негізінде біз үлкен күшпіз. Біздің әлеуетті пайдалану керек. Қазақты қазақтан бөлуге, шеттетуге болмайды. Ал орыстілді ортаның біздейлерді неліктен ұнатпайтыны өзіңізге де белгілі болар.

Әңгімелескен, Думан Бықай.


"ARDA" журналы


 

 

 

Рекомендовать
Последние новости