Дуальді оқыту жүйесінің берері көп

Dalanews 12 нояб. 2020 12:24 1233

Бүгінде елімізде кәсіптік-техникалық мамандықтарды дайындап, республика көлеміндегі өндіріс ошақтарында еңбек ететін 263 мың маманның біліктілігін жетілдіру маңызды мәселе болып тұр. Жалпы, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында кәсіптік-техникалық мамандарды даярлау ісін бірінші болып қолға алған ел ретінде танымал. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар өзінің нәтижесін беруде.

Кәсіптік-техникалық мамандар қазіргі таңда экономиканың басты қозғаушы күшіне айналған. Сол себепті кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облыстарда кәсіптік-техникалық мамандарды даярлайтын колледждердің материалдық базасын нығайтып, оқу бағдарламаларын заман талабына сай жетілдіруді Үкіметке тапсырған болатын. Бұдан басқа, Елбасының кәсіптік-техникалық мамандықты игеруге ұмтылған жастарға тегін гранттар тағайындап, жастарды ынталандыруды да ескерген еді.

Қазір жастарға кәсіптік-техникалық білім беруде озық тәжірибе ретінде танылған Дуальді оқыту жүйесі Қарағанды, Түркістан, және Шығыс Қазақстан облысында қарқынды дамып жатыр. ҚР Білім және ғылым министрлігі таратқан статистикалық деректерге көз жүгіртер болсақ, еліміз бойынша кәсіптік білім беретін 96 орта буынды оқу орындарында Дуальді оқу жүйесі кеңінен қолданылатынын байқаймыз.

Бұл жүйе бойынша тәлім алып жүрген жастар өз уақытының 70-80 пайызын өндірісте, қалған 20-30 пайызын колледждерде білім алуға бағыттайды. Кәсіптік-техникалық маман дайындауда таптырмайтын тәсіл ретінде мойындалған Дуальді оқыту жүйесі дамыған Батыс елдерінде кеңінен танымал.

Айталық, Германия, Австрия, Дания, Нидерланд, Швецияда осы жүйе кеңінен пайдаланылуда. Соңғы жылдары Қытай мен жедел дамып келе жатқан Шығыс Азия елдері де Дуальді оқыту жүйесінің арқасында экономикасын өркендетуге күш салуда.

Осы ретте Шығыс Қазақстан облысында Дуальді білім беру жүйесін дамыту ісімен айналысып жүрген Николай Токарев облыста Дуальді оқыту жүйесі бойынша білім алып жүрген жастар қазірдің өзінде теориялық білімдерін өндірісте шыңдап, жақсы нәтижеге қол жеткізгенін атап өтті. Жалпы, бұл жүйені еліміздің білім беру жүйесінде дамытудың маңызы зор. Қазіргі таңда елімізде жастарға кәсіптік-техникалық білім беретін 896 білім ошағы бар. Олардың 325-і лицей болса, 571-ін колледждер құрайды. Осы білім беру ұйымдарында 600 мыңнан астам жастар білім алып, жаңа кәсіпті игеріп жатыр.

Өндірісті өңір саналатын Шығыс Қазақстан облысында Дуальді білім беру жүйесін жергілікті билік орындары Германияның іс-тәжірибесіне сүйеніп дамытып жатқанына біраз жылдың жүзі болды. Өңірде кәсіптік-техникалық білім беру ісін дамыту қолға алынған сәтте Германияның Трир қаласындағы қолөнершілер палатасының жетекшісі Карел Киз арнайы келіп, өңірдегі колледждермен байланыс орнатып, іс-тәжірибелерімен бөліскен болатын. Сол кезде білікті маман Дуальді оқыту жүйесінің маңызын былайша әңгімелеп берген еді.

– Дуальді жүйе бойынша маман дайындауға ден қойған Германияның Рейнланд-Пфальц аймағында жұмыссыздық деңгейі бар болғаны 3 пайызды құрайды. Ал тұтас елде бұл көрсеткіш 7,8 пайыздың деңгейінде. Бүгінде Германияда 25 жасқа дейінгі жастар арасындағы жұмыссыздық 7 пайыз болса, бұл көрсеткіш Герекияда – 45, Испанияда – 43, Францияда – 30, Италияда 28 пайызды құрайды. Осыдан-ақ бұл жүйенің елдегі жұмыссыздық мәселесін шешуде қандай маңызға ие екенін байқауға болады. Кәсіптік-техникалық мамандар даярлайтын бұл жүйені дамыту үшін мемлекет те мүдделі болуы керек. Қазақстанның Дуальді оқыту жүйесіне айрықша мән беріп отырғаны қуантады. Бүгінде Германияда осы жүйе бойынша тәлім алған жастардың 80 пайызы бірден жұмысқа орналасып кетеді. Олардың басым көпшілігі шағын және орта бизнеске жұмысқа тұрса, қалған 20 пайызы ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналасады. Сондықтан бұл жүйенің ел экономикасына берері мол, – деген болатын білікті маман.

Бүгінде еліміздегі кәсіпорындарға жаңа технологиялар еніп жатқаны белгілі. Бұл жағдайда сол кәсіпорындарда жұмыс істейтін мамандарды қайта даярлықтан өткізу мәселесі туындайды. Бұл сұранысты қанағаттандыру үшін еліміздегі кәсіптік-техникалық мамандар даярлайтын оқу орындары оған дайын болуы шарт. Осы ретте өндіріс орындары да маман жетіспеушілігін Дуальді оқыту жүйесін енгізген оқу орындарымен бірлесіп шешуге мүдделі болып отыр.

Нұрлан ЖҰМАҚАНОВ

 

Рекомендовать
Последние новости