Досаев Ұлттық қордан тағы қанша қаражат алынатынын айтты

Dalanews 26 авг. 2020 04:34 809



2023 жылдың соңына қарай Ұлттық қорда жалпы ішкі өнімнің 30,8 пайызына тең қаражат қана қалады. 25 тамызда өткен үкімет отырысы кезінде ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев осындай болжам айтты.





Сейсенбі күнгі отырыста 20 жыл бұрын келер ұрпаққа "азық болады" деп құрылған Ұлттық қордан тағы қанша қаражат алынатыны туралы мәлімет айтылды. 2021 жылы кепілдендірілген трансферт көлемі – 2,7 трлн теңге, 2022 жылы – 2,4 трлн, 2023 жылы – 2,2 трлн теңгені құрамақ.

"Үш жылға арналған республикалық бюджет мемлекеттік бюджет тапшылығы мен Ұлттық қордан бөлінетін трансферт көлемін едәуір арттыруды қарастырады. Соған байланысты болжам бойынша 2023 жылдың соңына таман Ұлттық қор қаражаты "одан әрі жұмсауға келмейтін қалдыққа" яғни, жалпы ішкі өнімнің 30 пайызына жақындап, 30,8 пайызын құрамақ. Осыған орай 2021 жылы контрциклдік бюджет ережесінің енгізілуін ескере отырып, Ұлттық қордың жинақтау функциясын сақтау және мұнай тапшылығын азайту үшін шаралар қабылдау қажет болады" деді Досаев.

Қазақстан билігі шикізат сатудан түсетін қаржыдан құралған Ұлттық қор ресурсын үнемдеп жұмсау туралы бірнеше рет айтқан.


Трансферт көлемін азайту қажеттігі айтылғанмен қордан қаражат әлі де алынып жатыр. Биыл үкімет бастапқыда 2,7 трлн теңге көлемінде трансферт жасауды жоспарлаған еді, кейінірек оның көлемі тағы 2 триллионға көбейді. Мұндай шешім коронавирус індетіне байланысты елде карантин жарияланып, сауда жасайтын және қызмет көрсететін кәсіпорындар жұмысы тоқтап, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері көбейген шақта қабылданған еді. Бұған қоса, негізгі табыс көзі мұнай бағасы күрт құлдилаған. Билік биыл республикалық бюджет тұрақтылығына Ұлттық қор трансфертінің арқасында қол жеткізгенін мойындаған.

Ұлттық банк мәліметінше, Ұлттық қор активі шілде айында 58,2 млрд долларды құраған. Жыл басынан бері 5,7 пайызға азайған.

2014 жылы мұнай бағасы салыстырмалы түрде қымбат болып тұрған кезде Ұлттық қорға 77,2 млрд доллар жиналған еді.



Рекомендовать
Последние новости