Діни ағымдардың арбауына түскендердің көпшілігі неге орыстілді?

Dalanews 29 июл. 2017 06:53 938

Діни ағымдардың арбауына кімдер түседі? Қалай түседі? Қандай жолмен түседі? Оларды белгілі бір критерийлер бойынша жіктеуге бола ма? Бұған дейін Дін істері комитеті төрағасы болған, қазір Президент әкімшілігінде еліміздегі діни саясаттың ахуалына жауап беретін Ғалым Шойкин: «теріс ағымдардың арбауына түсіп, сотталғандардың 80 пайызы орытілділер» деген-тұғын.

Бұл нені білдіреді? Уағызды орыс тілінде де айту өзекті екенін аңғартады ғой?

Бұл орайда Шойкин: «Әрине, қазақтілді жамағат жиналған жерде орыс тілінде уағыз айтылмасы белгілі. Дегенмен, уағызды орысша айту мәселесі осы уақытқа дейін шешімін таппағандықтан қазір алдымыздан шығып отыр. Сорақысы теріс діни ағымдардың уағыздары орыс тілінде тарайды. Бұл арада кітаптарды, аудио-видеоларды айтып отырмын. Бүгінгі күні біздің ел үшін теріс діни ағымдардан төніп отырған қауіптің қаншалықты екенін өздеріңіз де білесіздер», – деген.

Демек, дін мәселесінің бір ұшығы тілде жатыр ғой? Анығы, ақпараттық саясатта. Қазақтілдіге де, орыстілдіге де ортақ діни ақпараттық жұмыс жүргізіле ме осы? Бұл сауалдарды біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім меңгерушісі, дінтанушы Ершат Оңғаровқа қойдық. Ол не дейді?

 

 

«Адасқандар» болса пікірлесеміз

 

Шойкиннің сөзін естіген боларсыз. Жалпы бізде дін саласындағы ақпараттық саясат қай деңгейде, қаншалықты жүргізілуде осы?

– Білесіздер, ҚМДБ шамамен 2500 мешітті біріктіріп отыр. Бас мүфти Ержан Маямеровтің бастамасымен бұдан бұрын ақпараттық-насихаттық жұмыс жүргізетін 2 топ құрылған. Мұның біреуі республикалық деңгейдегі топ. Құрамында аузы дуалы, елге сыйлы деген 33 дінтанушы-теолог бар. Біразы «Нұр-Мүбарак» ислам университетінде дәріс оқиды.

Екінші топ аймақтарда істейтін 300-ге жуық діни қызметкерлер бар.

– Бірақ, екеуінің де мақсаты бір ғой?

– Әрине. Қоғамды бүлдіретін, ел ішіне іріткі салатын экстермистік идеялардың ошағын табу, олардың сөндіру. Мешітке келетін жамағаттың арасында «адасқандары» болса пікірлесу, ойын өзгерту. Сосын, біз жалғыз емеспіз. Жұмысты жергілікті әкімдіктермен, дін істері бойынша басқармалармен бірігіп атқарудамыз.

– Шойкиннің сөзіне қатысты тағы бір сауал. Діни арбауға түскендердің басым көпшілігі шынымен орыстілділер ме?

– Енді бұл мәселені әріден бастау керек. Шешенстандағы соғысты алайық, мысалы. Мұндағы соғысқа ірі-ірі деген террористік топтар атсалысқан. Тиісінше, түрлі мемлекеттен келгендер өте көп болды. Бұл Қазақстанға да, оның ішінде еліміздің орыстілді өңірлеріне де қатысты. Өздеріңіз білесіздер, қазақы ислам халқымыздың мәдени және дәстүрлі құндылықтарымен тығыз байланысып жатыр.

Осы тұрғыдан алғанда орыстілді қазақтар өз тілін білмеуі себепті исламның қазақи түсініктерінен шет қалды. Мұны радикалды көзқарастағы орыстілді уағызшылар өз есебіне пайдаланып кетті.

– Бұл нені білдіреді сонда?

– Анығы, бізде орыстілді теологтардың, имамдардың саны өте аз. Он саусақты түгел бүге алмайсың, тіпті. Орыстілді қазақтармен орыстілді имамдар жұмыс жасайтын болады

 

– Иә, орыстілді дінтанушылардың жетіспейтіндігін министр Ермекбаев та айтқан. Ал бірақ осы мәселені шешу жолында нендей жұмыс жүргізіліп жатыр?

– ҚМДБ екітілді имамдар мен исламтанушыларды әзірлеуге кіріскелі біраз болды. Осыдан екі жыл бұрын «Нұр Мүбәрак» ислам университетінің жанынан орыстілді топ ашылды. «Нұр Астана» мешітінің жанынан ашылған медреседе орыстілді имамдарды оқытып жатырмыз. Айналып келгенде, уақыттың өзі бізге осыны міндеттеп отыр.

Былайша айтқанда, тілдік кедергілердің кесірінен белгілі бір дәрежеде ақпараттық вакуум қалыптасты. Қазіргі күні орыс тіліндегі діни кітаптардың көптігі соншалық, тіпті санынан шатасасың. Мұндай кітаптар тек қағаз күйінде емес, электронды түрде де жарық көріп жатыр. Бұларды сүзгіден өткізу үшін діни сараптама ауадай қажет.

– Тағы бір сауал, теріс діни ағымға түскендердің көпшілігі түрмеде отырғанда-ақ «адасқан» дейді. Осы рас па?

– Жоқ. Бұған біржақты баға берген дұрыс болмас. Әрине, елден оқшауланған, абақтыдағыадамның әр қимылын аңдып отыра алмасың тағы анық. Мен білсем, қазір террористік және экстремистік әрекеттерге барғаны үшін Қазақстандағы түрмелерде 400-ге тарта адам отыр. Бірақ...Мысалға, имамдармен кездесуге, олардың уағызын тыңдауға жазасын өтегендер де келеді. Олардың кейбірі дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілі болуы мүмкін. Алайда олардың тарапынан қандай да бір радикалдылықтың белгісін байқаған жоқпыз.

 

 

Түрмелерді аралайтын 96 имам бар

– Жалпы түрмеге барасыздар ма? Абақтыда жатқандармен кездесу ұйымдастырып тұрасыздар ма?

– Жүйелі түрде. Терроризм мен діни экстремизм бойынша сотталғандар жатқан жалпы саны 67 колония бар бізде. Осы колонияларға жүйелі түрде барып тұрамыз.

– Мұндай кездесулердің нәтижесі қандай? Беті бері бұрылғандар бар ма?

– Бар. Мысалға, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша экстремизм бойынша сотталған 400 адамның ішіндегі 186-сын дәстүрлі дінімізге қарай бет бұрғыздық.

– Қайдан білесіз, бәлкім сырт көзге сіздер айтқан ұстанымдарды қабылдаған болып көрінгенімен, іс жүзінде көзбояушылық жасауы да мүмкін ғой олардың?

– Жасырары жоқ, ондай да болады. Жалпы терроризм мен діни экстремизм бойынша сотталғандармен 96 имамнан тұратын арнайы топ жұмыс істейді. Бұл ауыр жұмыс. Себебі, мұндай кездесуде жазасын өтеушінің психологиялық жағдайына ерекше мән беру керек. Әлгі айтқан 96 имам жай ғана дін қызметкері емес, сонымен қатар психологтар. Олар осы мақсатта шеберлігін шыңдайтын арнайы тренингтен өткен. Сондықтан сіз айтқан, сырт көзге сөзіңізбен келісіп, іс жүзінде өзінікін жасайтын қылмыскерлерді олар бірден аңғарады.

– Ілгеріде сөз еттіңіз, бізде ресми тілде таралатын теріс ағымдағы кітаптар көп екен. Оларға қарсы қандай күрес жүріп жатыр? Қағаз жүзіндегісі өз алдына, интернеттегі қаптаған күмәнді контенттің көзін қалай жоюға болады?

– Дін істері министрлігі, ҚМДБ болсын Play Маркет пен AppStore-дағы электронды кітаптарды сүзгіден өткізіп отырамыз. Шыны керек, мұндағы қосымшалардың көпшілігі шетелде тіркелген. Оларды бұғаттау біздің құзырымызда емес, сондықтан.

Сонда не істейсіздер, анығы не істей аласыздар?

– Белгілі бір ресурсты немесе электронды кітапты бұғаттау туралы ұсыныс жібереміз. Оның орындалуы барысы өз алдына, бірақ...Авторлық құқық деген бар ғой. Ең алдымен контенттің күмәнді екенін дәлелдеуге тырысып бағамыз.

– Нәтижесі бар ма?

– Бар. Соңғы жылдары жалпы саны 3 мыңнан аса күмәнді сайт пен әлеуметтік желідегі парақшалар бұғатталды. Дегенмен, олардың орнына жаңасы пайда болатынын да ескеру керек. Бұл бүгін-ертең бітпейтін күрес, былайша айтқанда.

Дайындаған, Думан БЫҚАЙ

Рекомендовать
Последние новости