Дін және дәстүр? Әбу Ханифа мазхабы әдет-ғұрыптағы қайшылықтарға кешіріммен қарайды - дінтанушы

Dalanews 06 авг. 2021 15:33 831

Соңғы 10 жылдың бедерінде дін мен дәстүрдің үйлесуіне қатысты дискуссия толастамай тұр. Елімізде дінді ата дәстүрден бөліп қарайтын категория қалыптасқаны да жасырын емес. Мұның соңы түсінбестікке ұласып, діни сауаты толыспаған жас аудиторияның бойында салт-дәстүрге деген теріс көзқарас қалыптаса бастаған еді. 

Бұл іске дер кезінде араласқан мемлекет дін мен дәстүрдің тізгінін тең ұстап, осы тараптағы ақпараттық жұмысты барынша сауатты жүргізуге тырысуда.

Сөй деген белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышқан дін Исламды ата дәстүрден бөліп қараудың қаншалықты қауіпті екенін егжей-тегжейлі айтып берді.

Dalanews.kz сарапшының пікірін оқырман назарына ұсынады.

...

Салт-дәстүр белгілі бір ұлттың болмысы мен танымынан хабар беретін құндылықтар жиынтығы. Ешбір дін халықтың қадым заманнан бері қалыптасқан әдеп-ғұрпын, өмір салтын түпкілікті, түбегейлі түрде қиратуды, өзгертуді көздемейді.

[caption id="attachment_68441" align="alignnone" width="2560"]Кеңшілік Тышқан Кеңшілік Тышқан[/caption]

Дін - сол халықтың наным-сенімінде қоғамды кері тартатын құбылыстар, атап айтқанда әділетсіздік пен зұлымдықтың, жабайылық пен надандықтың көріністері байқалса, оған қарсы шығады. Бірақ, мұндай көріністер сирек болады.

Себебі, салт-дәстүр халықтың талғам таразысынан өткен, танымында бекіп, ғасырлар бойы қолданыста жүрген, ұлттың тарапынан толық мақұлданған әдет-ғұрыптың алтын сандығы. Демек, сана деңгейінде сүзгіден өтіп, қабылданған дүниелер.

Иә, қазақтың ата дәстүріне дін Ислам айтарлықтай ықпал етті.  Жер бетіндегі мың сан мұсылманның ас-ауқатынан бастап, киім киісі мен жүріс-тұрысына дейін ортақ ұқсастықтар бар. Діни сенім адамның қоғамға деген көзқарасына міндетті түрде әсерін тигізеді. Әйтсе де дәстүрдің бағзы заманнан бекіген қалыбына, қағидасы мен құндылықтарына қарсы шығу, оған қарсы күресу Исламның табиғатына жат.

Салт-дәстүр діннің негізгі діңгегі саналатын канондарына, догмаларына қайшы келген кезде ғана Ислам мұндай әдет-ғұрыпты қабылдамайды. Ислам дінінің арғы-бергі тарихта дәстүрге қарсы шығып, оған соғыс жариялаған кезі сирек.

Ал Әбу Ханифа мазхабы салт-дәстүрдегі қайшылықтарға түсіністікпен, кешіріммен қарайды. Әбу Ханифа мазхабында "дәстүрден шығару" деген қағида қалыптасқан. Дәстүрмен үйлесетін, алайды дінге томпақ келетін мәселеге келгенде пәтуа шығару үшін осы қағидаға жүгінеді, бұл Ислам дініндегі дипломатияның көрінісі.

Ұлтымыздың ата дәстүрі Ислам дінімен қабаттасып, сабақтасып ғасырлар бойына қатар дамып келеді.  


Бізді, адамзат баласын Жаратушы ие тіліне, тегіне, түсіне қарай түрлі ұлттарға бөлген. Бұл – тағдыр. Ал дін Исламда тағдырға иман ету, оған сену деген түсінік бар. Сіз мына дүниеге шыр етіп келгенде өз ырқыңызбен бір ұлттың өкілі болып жаратылған жоқсыз. Бұл пешенеңізге жазылған бұйрық. Тиісінше, әрбір ұлттың өзіне тән дәстүрі, таным, талғамы, географиялық орналасуына сай өзіндік ерекшелігі бар. Ислам жаһандық дінге айналып, түрлі-түрлі елдің табалдырығынан аттаған уақытта дәстүрді тәрк етіп, ешбір халықтың әдет-ғұрпын табанға таптаған жоқ.

Осы күнге дейін дін мен дәстүрдің арасында дүниені дүрліктірген дау туындаған емес, туындамайды да. Әлбетте, дәстүрді де озығы бар, тозығы бар. Бүгінгі дәуірдің талабына жауап беретін, сұраныстан қалмаған, керісінше қайта түлеп, жаңаша реңкке ие болған салт-дәстүрді озық дейміз.

Ал тозығы ше? Халықты кәдесіне жарамай, әбден тозығы жеткен, ұлттың талғамымен үйлеспейтін салт-дәстүрді Ислам діні қабылдамайды.

Ислам дінінің ең басты ерекшілігі – өзінің ең басты құндылықтарына керағар келмейтін әдет-ғұрып, салт-дәстүрді қазіргі тілмен айтқанда интеграциялай біледі. Тоқ етерін айтқанда, Ислам діні салт-дәстүрді теріске шығармайды.

 

 

Рекомендовать
Последние новости