Депутаттар Қазақстанда ұл балаларға да вакцина салуды қолдады

Көркем Алдабергенова 12 мая 2025 17:50 238

Қазақстанда ұл балаларға адам папилломасы вирусына (ВПЧ) қарсы ерікті түрде вакцина егу қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, ата-аналар өздері ұл балаларға арналған ВПЧ екпесін енгізуді сұрап, депутаттарға жүгініп жатыр. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныс жолдаған.

Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, көптеген елде ВПЧ-ға қарсы екпе ұлдарға да, қыздарға да бірдей салынады.

«Сол себепті біз бұл вакцинаны ерікті түрде қолжетімді ету қажет деген ұсыныс айттық. Қазір екпені дәріханадан табу өте қиын. Сондықтан мемлекет тарапынан барлық ниетті азаматтар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды. Біз Денсаулық сақтау министрлігі бұл бастаманы қолдайды деп үміттенеміз. Себебі ұл балалар да қауіп тобында. Олардың денсаулығы назардан тыс қалмауы керек», – деді депутат.

Ол қазіргі кезде Қазақстанда қыз балаларға ВПЧ-ға қарсы екпе тегін салынатынын және бұл – мыңдаған адамның өмірін сақтауға мүмкіндік беретін үлкен қадам екенін атап өтті.

«Біз енді осы тәжірибені кеңейтуді ұсынамыз. ВПЧ – тек “әйелдерге тән вирус” емес. Бұл вирус жатыр мойны қатерлі ісігін ғана емес, сонымен бірге көмей, ауыз қуысы және тік ішек қатерлі ісігін де тудыруы мүмкін, оның ішінде ерлерде де», – деп жазды Аймағамбетов өзінің Telegram-арнасында.

Бұған дейін, өткен аптада, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстанда ВПЧ-ға қарсы екпе алушылар тізімі кеңеюі мүмкін екенін айтқан болатын. Оның мәліметінше, министрлік ұл балалар мен 18 жастан асқан азаматтарға ерікті түрде екпе егу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Вакцинация тек ерікті түрде жүргізіледі.


Рекомендовать
Последние новости