Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы жазасының қалған мерзімін түрмеде өтейтін болды

Қаракөз Амантай 03 дек. 2024 14:21 669

Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат жазасын колонияда өтейтін болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматы қалалық соты оның апелляциялық шағымын қанағаттандырмады.

"Сот шешімі өзгеріссіз қалды", - делінген хабарламада. 

21 қазанда сот пробациялық режимді бұзған Нұрасыл Болаттың бас бостандығын шектеу жазасын 1 жыл 5 айға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырған болатын.

Ол жазасының қалған мерзімін – бір жарым жылдан аз уақытты – қауіпсіздігі орташа колонияда өткізеді.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда әскери қызметкер белгілі адвокатты соққыға жыққаны хабарланған. Бұл оқиға 11 ақпанға қараған түні Алматының сауда орталықтарының бірінің маңындағы паркингте болған. Іс қоғамдық дау тудырды.

Бұл оқиға туралы адвокат Олег Черновтың әйелі Анна Дмитриевич Facebook-парақшасында жазған. Олар таксиге отыра бергенде бір жігіт жүгіріп келіп, соққыға жығылған қызға көмектесуін сұраған.

Ал кейін адвокатты соққыға жыққан әскери қызметкер грек-рим күресінен қазақстандық және бұрынғы Кеңес Одағының палуаны Дәулет Тұрлыхановтың ұлы болып шықты. Бұл ақпаратты Тұрлыхановтың өзі растаған болатын. Ол ұлына қатысты дауға көзқарасын білдіріп, кешірім сұрады.

9 қазанда сот Нұрасыл Болатты өзіне тағылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 1 700 000 теңге көлемінде айыппұл салды. 2024 жылғы 14 мамырда Жоғарғы Сот істі кассациялық тәртіпте қарап, үкімді өзгертті. Тұрлыхановтың ұлына екі жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, өтемақы мөлшері ұлғайтылды.


Рекомендовать
Последние новости