Денис Тен қазасы: Сотталғандар жазасын қалай өтеп жатыр?

Қаракөз Амантай 19 июл. 2024 15:09 5270

Бүгін мәнерлеп сырғанаудан Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Олимпиада-2014 қола жүлдесінің иегері, әлем чемпионатының үш дүркін чемпионы Денис Теннің ажал құшқанына 6 жыл болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2018 жылдың 19 шілдесінде тапа тал түсте Алматының қақ ортасында спортшыны ұрылар пышақтап кетті. Мұз айдынын бағындырған 25 жастағы спортшы алған жарақатынан ауруханада қайтыс болды.

Қайғылы оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергенов 18 жылға сотталды. Олар жазасын қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтеуге жіберілді.

Қылмыс жасалғанын хабарламағаны үшін Жанар Толыбаева 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 2022 жылы жазасын толық өтеп, бостандыққа шықты.

2024 жылы сотталған Нұралы Қиясов пен Арман Құдайбергеновтің жазасы жеңілдетілгені белгілі болды. Бұл ақпаратты Алматы облысы сотының баспасөз қызметі растады.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Алматы облысындағы №12 мекеменің бастығы Қиясов пен Құдайбергеновке 2023 жылдың 17 наурызындағы қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысты енген өзгерісті қолдануды ұсынған.

2023 жылдың 19 қазанында №12 мекеме бастығының ұсынысы қанағаттандырылды. Бұл шешімге олардың бұған дейін сотталмағаны және қасақана қылмыс жасағаны үшін 2 жылдан астам уақытқа бас бостандығынан айырылғаны әсер еткен. Сотталғандардың жағдайын жақсартатын заңнаманың өзгеруіне сәйкес, олар қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде жазасын өтейді.


Рекомендовать
Последние новости