Дәурен Абаев: "Қазақ жері өркениеттің орталығы болған"

Dalanews 12 авг. 2017 16:32 903

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Ақмола облысына қарасты Ақкөл ауылының аумағындағы «EQUUS» деректі трилогиясының түсірілім алаңына арнайы барып қайтты. Ақпараттық турға «Қазақстан» РТРК АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қарин, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды BAQ.kz ақпарат агенттігі.

Жылқы туралы ұзақ толғап, таңды-таңға ұрып жырлар, күнді күнге жалғап дастан айтса тауса алмаспыз. Ал қолына қалам ұстаған қазақтың, екі ауыз сөздің басын қосып өлең жазар ақынның жылқы жайлы бір шумақ жазбағаны кемде кем болар, бәлкім.



Неге екенін кім білсін, осы бір адам баласына тым жақын, тым етене жануарды көрсе көңілі тебіренбес қазақ жоқ.

Бүгін де сондай бір салиқалы сапардың куәсі болып қайттық.
– Өздеріңіз білесіздер, Елбасының мақаласынан кейін біз осындай жобаны қолға алған болатынбыз. Аталған туынды арқылы Қазақстан жері өркениеттің орталығы болғанын әлемге танытуға үлкен мүмкіндік туып отыр. Әлем ғалымдары жылқы ең алғаш қолға үйретілген жер қазіргі Қазақстан территориясы екені туралы көптеген дәлелдер келтірді. Фильмнің Қазақстан аумағында түсірілуінің ең басты себебі де – осы. Осы сериалдың арқасында жылқыны ең алғаш біздің ата-бабаларымыздың қалай үйреткенін күллі әлем тамашалайтын болады. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы имиджін арттырып, тарихы мен мәдениетіне қызығушықты күшейтеді, – дейді Дәурен Әскербекұлы.

Естеріңізде болса, 2017 жылы 7 наурызда өткен баспасөз маслихатында министр Дәурен Абаев «Қазақстан» РТРК» АҚ мен «Clearwater Documentary Inc.» компаниясының «EQUUS» деректі трилогиясын түсіретінін жариялаған болатын. Екі жақты меморандумға сәйкес, «Қазақстан» корпорациясы «Equus» фильмін Қазақстан аумағында қазақ және орыс тілдерінде тарату құқығына ие болады. Сондай-ақ, халықаралық ақпарат таратушы қызметін атқарады.


– Бұл туындыны қазақстандық телеарналар ғана емес, АҚШ-тың, Германияның, Канада мен Францияның телеарналары бірлесе отырып жасап жатырмыз. Біз бұл жобаны аяқтасақ әлемнің 50 мемлекеті сатып алуға дайын отыр. Сондықтанда біз осыны қолға алып отырмыз. Қазір Алматыда осы фильмге арнайы осыдан 6000 жыл бұрынғы адамдардың киген киімдері жасалып жатыр – деді министр.

Фильм 28 тамыздан бастап түсіріле бастайды. Ал трилогияның алғашқы нұсқасы 2018 жылдан бастап көрсетіледі. «EQUUS» трилогиясында жылқы жануарының адамзат тарихындағы рөлі, сондай-ақ Орталық Азия даласындағы жылқы шарушылығының қашан және қалай басталғаны жайында баяндалатын болады. Барлық материалдар ғылыми зерттеулерге негізделген.

Рекомендовать
Последние новости