Дариға "Дикий Арманды" туған баласындай қорғады - Амалбек Тшан

Сағыныш Сардарова 20 мар. 2024 11:24 28860

Бірқатар лауазымды қызмет атқарған мемлекет қайраткері, Шымкенттің экс-әкімі Амалбек Тшан Дикий Арманмен арада болған оқиға, оған Дариға Назарбаеваның араласуы, Ескі Қазақстан өкілдерінің биліктен неліктен кеткісі келмейтіні туралы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, заңға қарсы іске барған Назарбаев әулетіне тықыр әлі де таянбай тұр, ешқандай шара қолданылып жатқан жоқ.

"Шын мәнісінде Қаңтардан кейін халықтың көңілін орнына келтіру үшін Әділетті Қазақстан деген сөздің мағынасы терең. Халықтың бойына сіңіп, ел оны көзімен көруі керек еді. Өкінішке қарай, бәрі ұран болып қалып жатыр.

Мысалы, бұрынғы Президенттің отбасын алайық. Қазір қыздарының рейдерлікпен тартып алған дүниесін жұрт бақырайтып жатыр. Бірақ ешқандай шара қолданылмайды. Утильсбор дегенді білесіз ғой. Мамин мен Әлиясының жасаған тірліктерінің бәрі, лауазымды қызметте отырған адамның отбасының сондай жағдайға баруы тек Қазақстанда болуы мүмкін, - деді Тшан Демократиялы Қазақстанға берген сұхбатында.

Сонымен қатар, ол кезінде Алматы әкімі болған Байбек, Есімовтердің жемқорлыққа қатысы бары екенін айтты.

"Қатысы болмаса, қашып жүре ме? Алматыда қызмет істеген әкімдердің қай-қайсы болмасын, оларды тексере келсеңіз бәрі де шығады.

Байбек таза болса, неге қашып жүр?! Есімов те солай. Мынау кімдікі десең, жұрттың бәрі "Есімовтікі" дейді. Мынау кімдікі десең, "Байбектікі" дейді.

Олардың кім екеніне халықтың өзі бағасын беріп жатыр. Көпшілік қалт айтпайды деп дұрыс айтады", - дейді ол.

Шымкент әкімі болған Амалбек Тшанның сөзінше, Дикий Арман оның жиенін соққыға жыққан.

"Дикий Арман асып бара жатқан ешкім емес. Қасына он-он бес адам жинап алып жүрген адам өзінше батыр болады ғой. 2005-жылдары депутат болып жүрген кезде Дикий Арманның іс-әрекетіне куә болғанмын.

Жиенім, туған қарындасымның баласының автобазары болатын. Соны басқаратын. Сол жерге (Дикий Арман - еск.) көлігін сатайын деп барған. (Жиені - еск.) өзі дәу жігіт. Соны бұлар 4-5 адам жабылып, әбден ұрып, өлердей сабап тастаған. Ол кезде депутатпын. Прокуратураға беріп, сөйтіп сол кезде қаматқанбыз", - деді ол сұхбатында.

Амалбек Тшан осы жайтқа кейін Дариға Назарбаева араласып, Дикий Арман бостандыққа шыққанын жеткізді.

"Артынша Дикий Арманды Дариға Назарбаеваның тікелей араласуымен шығарып алды. Парламентте де бұл мәселені көтергенмін. Парламентте Дикий Арман билікпен сыбайлас болып, осындай тірліктер істеп жатқанының бәрін айттым. Артынша оны босатты. Оның хаты бар. Менде хатының көшірмесі әлі күнге дейін бар.

...Бәрі болған оқиға. Сол кездегі биліктің әбден көзін шел басып кеткен. 2005-2006 жылдары басталған, одан бері қанша заман өтті?!" - деді мемлекет қайраткері.

Амалбек Тшан Назарбаев әулетінің тағы бір өкілі Тимур Құлыбаевтың былықтарын әшкереледі.

"Өздеріңіз білесіздер, кейінгі кезде олимпиадалық жарыстарда, әлемдік деңгейдегі жарыстарда Қазақстан спортшыларының деңгейі өте төмен түсіп кетті. Қандай бір іс-шара болмасын, өндіріс болсын, спорт болсын, білім саласы болсын, жүйесіз ешбір істің алға жылжуы мүмкін емес. Спортта да жүйесіз тірліктер болды.

Себебі кезінде Құлыбаевтың ықпалымен Спорт туралы заңды өзгертіп, қаражат бөлу мәселесінің бәрін Олимпиадалық комитетке ауыстырып, бұрынғы қалыптасып қалған жүйеден ауытқыған жағдай болды.

Жанкүйерлердің арасында да үлкен алаңдаушылық болды. Токиода Олимпиада болған кезде Құлыбаевтың айналасында жүргендердің бәрі Олимпиадаға барып, жанкүйер болып отырды. Көрермендер өзінің ренішін білдіріп жатты", - деді ол.  

Оның пікірінше, Құлыбаевтың Олимпиада комитетінде қызметке келуі - жеке қалауы.

"Құлыбаевтың үлкен бизнес империясы бар ғой, меніңше, спортқа қарауға уақыты болған жоқ. Өз шаруасымен жүрді. Олимпиада комитетіне төраға болып келуінің өзі амбициялық қалауы деп ойлаймын. Бәрі сол кісінің қолында, қай жерге қызметке барамын, не істеймін десе де, оның бәріне мүмкіндіктер болды. Сол мүмкіндікті пайдаланып келген іс-әрекеті деп ойлаймын", - деді Амалбек Тшан.

Жуырда Олимпиада комитетіне Головкин басшылыққа келді. Ал оның командасында Ескі Қазақстанның белді мүшелері бар.

"Головкинға орынбасар болып бекіткендердің бәрі де баяғы Ескі Қазақстанның миллиардерлері. Нағыз коррупционердің бәрі сол жерде жүр. Олар - тек миллиардер емес, коррупционерлер, оны ашып айту керек. Оны ел де, жұрт та біледі. 

Бір Маминнің өзі не тұрады? Оның теміржолда істеген нәрселерінің бәрі - миллиардтап, триллиондап жатқан ақша.

Премьер-министр болып жүргенде құрылыстар саламыз деп ашқанының бәрі көзбояушылық болып шықты, жалғасы жоқ. 

Ахметов, мысалы, олардың бәрінің де жасы келген. Оларды Қазақстан спорты қызықтырады деп айта алмаймын.

Егер патриот болса, олар адал қызмет істеген болар еді. Сондай ұрлықтың арқасында миллиардтаған қаражатқа еге болып отырған адам спорт үшін жаны ашиды деп айта алмаймын. Оларға әшейін хобби сияқты нәрсе. Олардың ең негізгі мәселесі - ұрланған ақшаларын реттеу, бизнестерінің бәрін ретке келтіру.

Құлыбаев та, Мамин де, Ахметов те жиған дүниесінің бір шетін білсе, екінші шетін білмейді ғой деп ойлаймын. Себебі аз уақыттың ішіндегі жинаған дүниесі адамның ұғымына кірмейді", - деді ол.

Бұған дейін де қоғам қайраткері "Қала мен Дала" газетіне берген сұхбатында елдегі спорттың жай-күйі туралы айтқан еді.

"Біздің ел Олимпиада чемпиондарына сұмдық сыйақы береді. Чемпион болған спортшы Үкіметтен 250 мың доллар алады. Біразы допингмен ұсталды. Ойлап көріңіз, мемлекет сол спортшыға қаншама қаржы жұмсады. Оның жаттығуы, халықаралық жарысқа қатысуына кететін шығынның бәрін мемлекет көтерді емес пе?

Қазір қазақ қоғамының сана-сезімі өсті. Мұндай аста-төк сыйлық беруді көпшілік қабылдай алмайды. Бұл үрдіс бірте-бірте саябырсуы керек.

Ешқандай шенеунік спортшыларға қалтасынан ақша бермейді. Оның бәрі халықтың ақшасы. Сондықтан қомақты сыйақы біртіндеп төмендеуі керек. Мәдениет осылай қалыптасарын ұмытпаған жөн..." - деді ол.


Рекомендовать
Последние новости