Даниал Ахметов Сеймейді дамыту жобаларын бақылап, көпбалалы аналармен кездесті

Dalanews 12 мар. 2021 16:05 910

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семей қаласына жұмыс сапарымен барып, қаланың сол жағалаудағы айналма жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі құрылысының жоспарымен, сондай-ақ жағалауды бекіту жұмыстарының барысымен танысып, жылумен жабдықтау нысандарын аралап, көпбалалы аналармен кездесті, – деп хабарлайды Dalanews.kz  ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиын барысында қалада инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу және «Сергек» жүйесін енгізу мәселесі талқыланды.

– Семей қаласын одан әрі дамыту бойынша жұмысты қарқынды түрде жүзеге асыру қажет. Бұл алдымен цифрландыру және бақылаудың заманауи әдісін енгізу. Өткен жылы Өскемен қаласында «Сергек» жүйесі енгізілді. Бүгінгі таңда біз жақсы нәтижелерді көріп отырмыз. Биыл бақылаудың мұндай әдісі Семей қаласында да қолданылуы тиіс. Бұл үшін барлық ресурстар беріледі, – деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.


Айта кетейік, биылғы жылы Чекоман және Абыралы ауылдарында сумен жабдықтау желілерінің құрылысын бастау, сондай-ақ Баженов, Таңат, Клементьевка, Жазық ауылдарында блоктық-модульдік станцияларды орнату жоспарлануда. Қаладағы тоғыз су құбырын, атап айтқанда Березовский, Шаған, Восход, Бобровка, Восточный кенттерін, зағиптар қоғамы, Красный кордон аудандарын, Алматы, Әуежай – Аягөз көшелерін және Алғабас, Гранитное, Ақбұлақ, Половинки, Мұрат, Талица, Приречное ауылдарындағы су құбырларын салуға және реконструкциялауға ЖСҚ әзірленуде.

Облыс әкімі солтүстік және оңтүстік жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі жобасын мақұлдады.

– Жалпы, жоба маған ұнады. Бұл мешітке өту үшін ыңғайлы болады. Жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі үшін 150 миллион бөлуді тапсырамын, – деді өңір басшысы Даниал Ахметов.

Әкім, сондай-ақ жағалауды нығайту жұмыстарының барысымен танысты. Жалпы қала үшін Бейбітшілік аралының, Мирный, Восточный кенттерін Ертіс өзенінің жағалауын нығайту маңызды жоба болып табылады. Жоба шеңберінде ені 9 метр болатын жаға бойындағы жоспарланбаған еңістерге және ені 1 метр болатын жоғарғы бөлігінің жиектеріне бетон плиталарын төсеу көзделеді. Беткейлерді жоспарлау кезінде қолданыстағы жағалау сызығы сақталады.

Аймақ басшысы «Теплокоммунэнерго» МКК орталығы мен 103-103А қазандықтарын аралады. Облыс әкімі «Орталық» қазандығына тағы бір қазандық салынатынын атап өтті.

– Қысқа мерзімде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және «Орталық» қазандығы үшін құрылысты бастау қажет. Орынбасарым Бақытжан Байахметовке осы тақырып бойынша 2 аптада бір рет жиналыс өткізуді тапсырамын. Біз бұдан былай жылумен қамтамасыз етуде мұндай олқылықтарға жол бермейміз деп сенемін, – деп атап өтті Даниал Ахметов.


Жұмыс сапарының соңында Даниал Ахметов алты баланың анасы Анар Сүлейменова басқаратын «Жанұя» отбасын қолдау орталығында болды. Орталықта көпбалалы, аз қамтылған және толық емес отбасылар жанұя табысын арттыру үшін өз ісін ашуға ынталандыратын шараларға тартылатын болады. Сондай-ақ, негізгі қызмет отбасындағы салауатты өмір салтына, қарым-қатынастарға назар аудару және дене шынықтыру мен спортпен шұғылдануды насихаттау, шығармашылық дамуына ынталандыру болады.

Анар Сүлейменова орталықта 10 жұмыс орны құрылатынын, орташа жалақы 90 000 теңгені құрайтынын айтты.



Рекомендовать
Последние новости