«Дала Қырандары»: мемлекеттік рәміздер Конституциямен қорғалуы тиіс

Самал Асқар 05 февр. 2026 20:24

Бүгін «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің штаб-пәтерінде Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың қатысуымен дөңгелек үстел форматында жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды Dala News.

Кездесу қолданыстағы ынтымақтастық меморандумы аясында ұйымдастырылып, елде жүріп жатқан конституциялық реформа мәселелеріне арналды. Жиынға бірлестіктің белсенділері мен үйлестірушілері қатысып, азаматтық қоғамның жаңа Конституция жобасын талқылауға тікелей араласуы маңызды екенін атап өтті.

«Дала Қырандары» қозғалысының үйлестірушісі Мади Рымжановтың айтуынша, ұйым соңғы екі жыл бойы Конституцияның 36.1-бабы аясында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

«Бұл қолданыстағы Конституцияның 36.1-бабы. Онда Қазақстан Республикасын қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы екені жазылған. Біз өзімізді ең алдымен патриот әрі еліміздің қорғаушысы деп санаймыз. Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасын талқылауға қоғам белсенді қатысуы керек екенін айтты. Бұл жастар үшін өз ұсыныстарын енгізуге берілген үлкен мүмкіндік. Сол себепті біз Туризм және спорт министрін шақырып, өз бастамаларымызды талқыладық. Атап айтқанда, мемлекеттің және қоғамның мемлекеттік рәміздерді қорғаудағы ұстанымын күшейту, олардың мәртебесін арттыру жөнінде ұсыныстар айттық. Жаңа Конституция жобасында мемлекетке рәміздердің беделін көтеру жөніндегі жауапкершілік пен рөл нақты бекітілуі тиіс деп есептейміз. Бұл бағытта бізде нақты ұсыныстар бар», – деді Мади Рымжанов.

Кездесу барысында қозғалыс өкілдері өз ұсыныстарын нақты қоғамдық тәжірибеге сүйене отырып жеткізді. Ұйым үйлестірушісі Мейрболат Тоитов мемлекеттік рәміздерді қорғау тетіктері бүгінде жеткіліксіз екенін айтты.

«36.1 бағыты бойынша екі жылдық тәжірибемізге сүйене отырып, мемлекеттік рәміздерді қорғауға қатысты қолданыстағы шаралар, өкінішке қарай, толық нәтиже бермей отырғанын сенімді түрде айта аламыз. Рәміздерге деген құрметсіздік жекелеген жағдай емес, жүйелі әрі жиі кездесетін құбылысқа айналды. Біз мұндай фактілермен күн сайын дерлік бетпе-бет келеміз», – деді Мейрболат Тоитов.

Осыған байланысты «Дала Қырандары» Конституцияның 9-бабын күшейтуді ұсынып отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мен қорғау нормаларын конституциялық деңгейде бекіту, сондай-ақ мемлекетке білім беру, мәдениет және БАҚ арқылы рәміздерге құрметті көзқарас қалыптастыру міндетін жүктеу қажет деп санайды.

Өз кезегінде Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов азаматтық ұйымдармен ашық диалогтың маңызын атап өтіп, ұсыныстардың өзектілігіне тоқталды.

«Дала Қырандары» қозғалысының ел ішіндегі танымалдығы күн сайын артып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда ауқымды өзгерістер мен конституциялық реформалар жүріп жатыр, сондықтан мемлекет үшін осындай ұйымдармен ашық диалог жүргізу өте маңызды. Қазіргі қоғамға заман талабына сай ережелер қажет. Бұл – саяси айтыс емес, уақыт талабына сай негізгі нормаларды жаңарту мәселесі. Қоғамдық ұйымдар мен мемлекет бір тілде сөйлеген кезде, нәтиже нақты істермен көрінуі тиіс», – деп атап өтті министр.

Кездесу қорытындысы бойынша «Дала Қырандары» әзірлеген ұсыныстар Конституциялық комиссияның қарауына жолданатын болды.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove